САХНАДАҒЫ МАҢДАЙ ТЕР САРАЛАНҒАН СӘТ

«Театр көктемі – 2016» М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының кезекті «Театр көктемі – 2016» фестивалі сахна саласының көзі тірі аңызы, көрнекті актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуына арналды. 1 Оның үстіне биыл осынау қасиетті шаңырақтың ірге көтергеніне 90 жыл толып отыр. Әмбе, дүбірлі шара бұл жолы да әдеттегідей Халықаралық театр күніне орайластырылды. Сондықтан да болар, ұжым басшысы, танымал актер Ерлан Біләлдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде айтқанындай, бұл жолғы шараның тек аталмыш театр үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін, қазақ өнері мен мәдениеті үшін зор рухани мерекеге ұласқаны анық. Сондай-ақ төрт күн бойы салтанатты сарайды дүбірлеткен дәстүрлі фестиваль театрдың бүгінгі бағыт-бағдарын анықтауға, репертуар саясатындағы өзіндік ізденістерді безбендеуге мол мүмкіндік бергені анық. Ұлттық драматургия тынысын аңдап, режиссерлер мен актерлер деңгейінің бүгіні мен ертеңгі көкжиегін зерделейтін жағдай да осындайда туады. Әйгілі театр тарландарын еске алып, қазір еңбек етіп жүрген  танымал аға, орта буын өнерпаздардың жаңа еңбектеріне, жас актерлердің кәсіби шыңдалу жолдарына баға берудің орайы да дәл келеді. Ал мұның бәрі, сайып келгенде, бәрімізді түпкі мақсат – үлкен Елдік ниет, Ұлттық мүдде бағытындағы әңгіме төңірегіне топтастырмақшы... Кешеден бүгінге дейін... Шара барысында фестиваль жоспарына сай білікті қазылар мен сыншылар талқысына ұсынылған дүниелерден бөлек, тәжірибелі мамандардың қатысуымен театрдың 90 жылдық тынысына кең шолу жасалды. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен қалың көрермен назарына баспасөз, бейнематериалдар түріндегі құжаттық деректер ұсынылды. Қызықты кездесулер өткізілді. 2 Атап айтқанда: баспасөз мәжілісі өтті. С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Б.Имашева, С.Қожақова, Б.Жанғалиева, О.Кенебаев, С.Мерекеұлы, Ә.Рахимов, Б.Қаптағай, Е.Тұяқов, Д.Темірсұлтанова, А.Сейтметовтің қатысуымен «Сахна өнерінің қарлығаштары» (1926-1956 ж.ж) атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Театр актерлерінің шеруінен кейін фестиваль салтанатты түрде ашылды. А.Әшімов, Т.Тасыбекова, С. Қожакова, Қ.Тастанбеков, М.Өтекешова, Г.Байқошқарова, Р.Машурова, Т.Аралбай, Ж.Әміров, Ж.Маханов, Ш.Меңдиярова, Б.Қожа, Е.Әдісбектің қатысуымен «Қазақ театрының әлемдік деңгейге көтерілу кезеңі» (1956-1986) атты кездесу болды. Бұдан соң Т.Әл-Тарази, Ә.Бөпежанова, Р.Хаджиева, Ғ.Әбдінәбиева, М.Сапаров, Б.Тұрыс, А.Боранбай, Д.Ақмолда, Г.Тутова, Ш.Жанысбекова, Ш.Асқарова, А.Сатыбалды, З.Карменова, Е.Нұрсұлтанның қатысуымен театрдың үшінші кезеңін қамтитын (1986-2016 жж.) «Тәуелсіздік және театр» аталатын жүздесу куәсі болдық. Бұған қоса «Театр көктемі» фестиваліне арналған театр мұражайы қорынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит ОРАЗБАЕВ: Әрбір өрлеу белесі өткен кезеңдерден басталады – 90 жыл тарих үшін көп уақыт емес. Ал қазақ руханияты көкжиегі өлшемімен алғанда бұл бірнеше дәуірді қамтитын үлкен кезең. Оңай мерзім емес. Өзім 60 жылдай уақыттан бері осы қасиетті шаңырақта еңбек етіп келеді екенмін. Осы театр іргетасын қалаған, Құдайдың құдіретіндей көрінетін алып тұлғалармен қызметтес болдық. Олардың жұмыс мәнерлеріне куә болдық, еңбекке деген, өнерге деген құштарлығын көрдік. Ол кезде көп нәрсе жетіспегені түсінікті. Соған қарамастан, алдыңғы толқын әкелеріміз ұлттық театр іргетасын берік қалаған екен. Яғни, осы кезеңге дейінгі әрбір өрлеу белестеріміз қашан да тікелей сол кезеңдерден бастау алып отыратынына көз жеткіземіз. Кезінде мұнда бас режиссер қызметі болмай, бірталай уақыт ұжымдық басқару арқылы жұмыс істеген екен. 1938 жылы алғашқы режиссер Жұмат Шаниннің атылып кеткенін білесіздер. Одан кейінгі кәсіби маман атақты Асқар Тоқпанов еді. О кісі алғаш Мұхтар Әуезовтің «Абайын» қойды. Бұл туралы Ғабит Мүсірепов үлкен мақала жазып, бүкіл елден сүйінші сұрапты. Ол бір ғажайып кезең еді. Сондай алыптардың ізі қалған осы шаңыраққа өз басым ылғи мешітке кіргендей кіремін. Мұнда біздің тарихымыз бар. Сонау заманнан келе жатқан «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды дүниелер бүкіл қазақ театрларын осы күнге дейін асырап келе жатыр десе артық айтқандық емес. Егер қазіргі заманғы пьесалар нашарлық татынатындай болса,  классиканы қойып келіп жіберсеңіз, театр дүр ете қалады. Демек, кешегі мен қазіргінің арасын жалғап тұратын мұндай шаралар әбден қажет. КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі ӘШІМОВ:            Межені биіктететіп, көзді қиырларға тіктесек... – Жыл сайын өтетін дәстүрлі фестивальдің кешегі ұлылардың жалғасы Хабиба Елекованың жүз жасқа келуімен ұштастырылуы – үлкен қуаныш. Оған қоса, театрдың құрылғанына да тоқсан жыл толыпты. Міне, осы кезең аралығында не тындырылды, осының бәрін көсілтіп жазу керек. Тіпті, жетістігіміз бен кемшілігіміздің сыры халықаралық басылымдардан көрініп жатса деген тілек те жоқ емес. Әдеттегідей, «иә, жаман емес, бірсыдырғы жақсы екен» дегендей сырғытпа бағаның қажет жоқ. Іске нақты кәсіби деңгейде баға бергендеріңіз жөн. Біз, енді, қайда бара жатқанымызды, бағыт-бағдарымызды білуіміз керек қой. Дұрыс жол нұсқайтын білікті мамандардың пікірлеріне зәруміз. Бұл, өзі, ежелден солай болатын. Баяғыда алғаш «Шоқан Уәлиханов» спектаклі жөнінде екі күн талқылау жүргені есімде. Шығарма авторы Сәбит Мұқанов та, актерлер де зор қанағаттану сезіміне бөленген еді. Міне, сол дәстүр жалғасуға тиісті. Сахнада шындықты айту, шыншыл болу оңай нәрсе емес. Олай жалақтат, былай жалақтат, бәрібір көрерменді алдай алмайсың. Кәсіби деңгейді әлі де болса, көтере түскеніміз жөн. Межені биіктетіп, көзді қиырларға тіктесек, биік халықаралық дәрежеге көтеріле түссек деген тілегім бар. Мынандай фестивальдер сол үшін де керек. Режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асхат МАЕМИРОВ: Бұл Қазақ елінің рухани кеңістігіндегі тарихи оқиға – Біздің театрымыз сонау 1926 жылы, аса қиын кезеңдерде құрылған екен. О тұста Қазақ АССР-ы кезі. Басқа жұрт әлі университет тұрмақ, мектептер аша алмай жатқан өте күрделі кез екен. Міне, енді 90 жылдық мерейтойымыз ел Тәуелсідігінің 25 жылдығына орайлас келіп отыр. Және қазақ сахна өнерінің көзі тірі аңызға айналған Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуы сай өткізіліп отыр. Мәдениет және спорт министрлігінің аталмыш шараны биік дәрежеде өткізуге күш салып отырғаны да қуантады. Өйткені, бұл – Қазақ елінің рухани кеңістігіндегі зор тарихи оқиға, дүбірлі мереке. Байқауда бақ сынаған қойылымдар Фестивальге қатысқан қойылымдар: 1. «Қаза мен жаза» спектаклі. Авторы Игорь Вовнянко, аударған Омар Қыйқымов, қоюшы-режиссері – Асанәлі Әшімов; 2. «Ай мен Айша» спектаклі. Авторы Шерхан Мұртаза, сахналық нұсқасын жазған Еркін Жуасбек. Қоюшы-режиссері – Тұңғышбай әл-Тарази; 3. «Қоштасқым келмейді» спектаклі. Авторы Александр Володин, аударған және қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров;  4. «Алмас қылыш». Авторы –Ілияс Есенберлин, сахналық нұсқасын жазған Әннәс Бағдат, қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева; Сонымен қатар, театр режиссерлері мен артистерінің өзіндік жұмыстары қатысты. Атап өтер болсақ, «Медея» спектаклі. Авторы: Эврипид. Қоюшы-режиссер – Алена Кабдешова және  «Лир патша» спектаклі. У.Шекспирдің «Лир патша» трагедиясының негізінде. Қоюшы режиссер – Елік Нұрсұлтан. 3 Биылғы«Театр көктемі – 2016 » фестиваліне ұсынылған төрт спектакль мен екі өзіндік жұмысты сараптайтын қазылар алқасы спектакльдерді актерлік шеберлік деңгейі, сахналық сөйлеу, вокал, режиссер шешімінің тереңдігі, тағы басқа талаптар бойынша бағалады. 4 Қазылар алқасының төрағасы, профессор Есмұхан Обаев бастаған өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы әдебиет институтының аға ғылыми қызметкері Анар Еркебай, жазушы-драматург, Мемлекеттік «Дарын», тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, ҚР Президенті кеңсесінің қызметкері Дидар Амантай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Тәуелсіз «Ильхом» сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік Қ.Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрының бас режиссері – Ялкуньжан Шамиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Мемлекеттік Республикалық Корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино режиссері, Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі – Гульсина Миргалиева. Қазылармен бірге тәуелсіз сыншылар тобы да спектакльдерді саралау жұмысына қатысты. Олар:  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, сыншы – Бөпежанова Әлия Қаһарманқызы, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясы, «Өнертану» факультетінің деканы, Өнертану докторы, профессор – Бақыт Кәкиқызы Нұрпейіс, Қазақстан Журналистер Одағы «Жыл репортеры» сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистика академиясының Жалпы Ұлттық «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты, журналист Айнаш Есәлі. «Аналарын ардақтаған ел азбайды...» Академиялық театрдағы «Театр көктемі – 2016» фестивалінің төртінші күні де елді ерекше қуанышқа кенелтті. Жиылған жұрттың қарасы да күндегіден көп болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін шараны биылғы жылы  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, қазақ өнерінің хас шебері Хабиба Елебекованың 100 жылдығы мен қазақ өнерінің қара шаңырағы – Әуезов театрының 90 жылдық торқалы тойымен ұштастыра отырып, барынша сән-салтанатымен атап өтуі де театр ұжымының іскерлігімен тікелей байланысты екендігін айтуға тиіспіз. Бүгінгі салтанатты кешке Қазақстанның Халық артисі, белгілі әнші Айша Абдуллина Шымкенттен арнайы келіпті. Ғасыр жасаған өнердің өз өкілін Қазақстанның Халық артисі Асаналі Әшімов сахнаға зор құметпен шақырып, бүгінгі мерейтой иесі – Хабиба Қарақбайқызымен қатар отырғызды. «Анасын ардақтаған ел азбайды» демекші, осылайша театр ұжымы аналарды ардақтаудың жарқын үлгісін көрсетті. Ақ тілектер ағылған күн Кеш барысында  Елбасының арнайы құттықтау хатын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатында: «Өзіңіздей ғасыр жасаған аяулы жанның осындай белеске жетуі – барша халқымыздың ортақ қуанышы, мәдениетіміз бен әдебиетіміз үшін айтулы мереке!» деп бұл мерейтойдың барша қазақ халқы үшін орны ерекше екенін атап көрсетті. 6 Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі: «Бүгін қазақ халқы қазақ өнерінің абыз анасы, аңыз анасы – Хабиба Елебекованың 100 жылдығын тойлауда. Бұл – бүкіл қазақ елі үшін зор қуаныш. Өйткені, біз мұндай жүз жылдықты алғаш рет тойлап отырмыз. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғасын таба беруіне тілектеспін» деп жүрекжарды лебізін білдірді. Театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл Хабиба Елебековаға ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның арнайы Құттықтау хаттарын табыс етті. Осы күні сахна төрінен табылған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин де мерейтой иесіне өзінің ақжарма тілегін білдіріп, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ, кеш барысында Хабиба Қарақбайқызының туған жері – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы әкімдігінің өкілдері аудан әкімі Халел Мақсұтовтың құттықтау хатын жеткізді. Салтанатты шара кезінде сөз алған Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы ұжым атынан мерейтой иесіне деген лебізін білдірді. 7ъ Бұл күні Ресей, Әзірбайжан, Грузия, елдерінің мемлекеттік театрларынан да ақ тілекке толы құттықтау хаттар келіп жатты. Осы бір ақ тілектер ағылған айтулы күнде Хабиба апаның жүзі де қуаныштан бал-бұл жанып: «Мен басымнан небір қилы кезеңдерді өткіздім. Ашаршылықтың да ащы дәмін таттық. Бүгінгідей бейбіт күнде өмір сүріп жатқан ұрпақ шынында да бақытты. Менің бар өмірім осы өнер ордасында өтті. Бүгін маған осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан театр ұжымына, жиылған халқыма алғыс айтамын. Қазақ театрларының айнасы болған Әуезов театры алдағы уақыттта әлемді таңдай қақтыратын дәрежеге жете берсін!» – деді. Осынау қуанышты күні абыз ана ақ тілекті ақтарып қана қоймай, Мағжан ақынның махаббат тақырыбындағы жырларынан шашу шашты. Ал, бүгінгі тойдың құметті қонағы – Айша Абдуллина халық әніне айналған Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» әуелете шырқады. Осылайша өз өнерлерін ортаға салған қос анаға жиылған жұрт тік тұрып, ерекше қошемет көрсетті. Сахна сәні – өнер жұлдыздары Ел-жұртты шаттыққа бөлеген осы бір шарадан қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары да тыс қалмады. Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова халық әні «Еркем-айды» шырқатты. Сол секілді көпшілік Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Алтынай Жорабаеваның сызылта салған Абайдың «Сегіз аяқ» әнін ерекше ықыласпен қабылдады. (Әнші «Сегіз аяқты» өзінің төлнұсқасында орындауды  жезтаңдай Жүсіпбек Елебековтің жан жары, осынау кеш иесі Хабиба апамыздың өз аузынан үйренгенін жеткізді). Кеш барысында, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, танымал әнші Гүлбаршын Тергеубекова және Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің студенттері өз өнерлерін ортаға салды. 5 Қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың 90 жылдық тойының жоғары дәрежеде өтуіне Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Б.Бай­қадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық халық аспаптар оркестрі, Құдыс Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры, Корей музыкалық комедия театрларының ұжымы өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, шара кезінде «Ана-Жер-Ана», «Томирис», «Еңлік-Кебек», «Абай» спектакльдерінен қойылған үзінділер көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Фестивал аясында «Ең үздік қойылым» жүлдесі «Қаза мен жаза» спектаклі үшін Қазақстаның халық артисі Асанәлі Әшімовке салтанатты түрде табысталды. «Театр көктемі – 2016» фести­ва­­лінің жабылу салтанатында жүл­де­гер деп танылған театрдың бір топ қызметкерлері мен «Театр және ақпарат» жүлдесі  аталымдары бойынша жеңімпаз атанған бірқатар республикалық БАҚ өкілдері марапатталды. Театрдың 90 жылдық торқалы тойы көрерменге керемет көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық өнерімізді дәріптеуге шақырған мән-маңызы жоғары шаралардың бірі болды. Түйін:  Хабиба Елебекова саналы ғұмырын қазақ өнерінің дамуы жолына арнап, халқы үшін аянбай еңбек еткен саңлақтарымыздың бірі де, бірегейі. Бүгіндері жасы отызға жетпей жатып, бір-екі ән айтып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып жүрген әншілер де бар арамызда. Әйтсе де, ғасыр жасаған осынау тума талант иесінің Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деңгейінде қалып қойғаны көңілімізді құлазытқанын жасыра алмаймыз. Адамның өнері атақ-даңқпен өлшенбейді десек те, еселі еңбегің ел алдында еленгеніне не жетсін?! Осындайда қазақ өнеріне бар өмірін арнаған, халқының өлшеусіз құрметіне ие болған абыз анамызға Қазақстанның халық артисі атағын қимағанымыз көңілге кірбің ұялатпай қоймайды екен...

 

Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті

Суретті түсірген - Ардақ Төлеубай

 

Жүз жасқа дейінгі жүз роль...

         Хабиба Елебекова ең алғашқы еңбек жолын, туған жері – Қарқаралыдағы жергілікті халық театрында бастапты. Небәрі 17 жасында Әуезов театрының табалдырығын аттаған актриса бүгінгі күнге дейін жүзден аса роль сомдапты. Театр сахнасында сомдаған алғашқы ролі – Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Қарагөз бейнесі. Ал, Хабиба Қарақбайқызы кескіндеген рольдердің ең көрнектілері – Мұхтар Әуезовтің «Абайындағы» Қаныкей, Ұлжан, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян Сұлуындағы» Мақпал, Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің «Амангелдісіндегі» Қырмызы, Бейімбет Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» Айғаным, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланындағы» Айнаш образдары.          Иә, ғасыр жасаған Хабиба апайымыз шынында да, сан қырлы талант иесі. Ол білікті актриса ғана емес, қарымды қаламгер де.  Х.Қарақбайқызы өзінің жолдасы, Қазақстанның халық артисі, белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков туралы «Үні кетпес құлақтан», «Ән-Аманат», «Қайран Жүсекем» атты кітаптардың авторы.