Әлем жаңа ядролық ғасырға қарай жылжып келеді - Нұрсұлтан Назарбаев
2016 ж. 01 сәуір
2478
0
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Вашингтон қаласында АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы осы диалогты ұйымдастырғаны үшін Қорға алғыс айтты және бұл институт ғасырдан астам уақыт бойы халықаралық қатынастардың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан президенті қазіргі заманғы әлем құрылымының проблемалары мен Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиырмасыншы және жиырма бірінші ғасырлар тоғысындағы ширек ғасырдың ауқымды тарихи өзгерістер дәуірі болғанына, бұдан 25 жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алатыны күмән тудырғанына назар аударды.
"Бізге жаңа мемлекетті «нөлден» бастап құруға, жоспарлы әкімшілік жүйеден нарыққа, тоталитаризмнен демократияға көшуге тура келді. Қысқа уақыт ішінде мемлекеттілікті нығайту, заманауи нарықтық экономика құру және қоғамды жаңғырту жөнінде зор жұмыстар атқарылды", – деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз жүзеге асырып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы да айтты.
"Жоспарды жүзеге асыру ХХІ ғасырда барынша теңгерімді саяси жүйесі, дамыған азаматтық қоғам институттары мен білімге негізделген экономикасы бар Қазақстанды құруға бағытталады", – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті еліміздің жаһандық антиядролық қозғалысқа қатысуы мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқталды.
"Орталық Азияда ядросыз аймақ құру арқылы біз орнықты әлем географиясын қалыптастыруға шақырамыз. Бұл – Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада алты ядросыз аймақ кеңістігін кеңейту деген сөз. Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы МАГАТЭ-мен келісімге 2015 жылы қол қойылуы маңызды қадам болды. Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдалану ісіндегі маңызды шара ретінде бағалауы тиіс", –деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі халықаралық келіссөздер үдерісіне Қазақстан әрдайым қолдау көрсетіп, оған іс жүзінде қомақты үлес қосқанын атап өтті.
Қазақстан президенті біздің ел Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды санайтынына назар аударды.
"Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларында, сондай-ақ Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет ретінде атады.
"Қазақстан бастамашылық еткен, халықаралық қолдауға кеңінен ие болып келе жатқан «АТОМ» халықаралық жобасы осы мақсатқа арналған. Ядролық сынақтарға қатысты баршаға бірдей тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне атсалысу жөніндегі 9-конференцияның тең төрағасы ретінде Қазақстан оның толық әмбебаптануын қамтамасыз етуге күш салуын жалғастыра береді", – деді Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне де тоқталды.
"Адамзат ХХI ғасырға бейбітшілік пен жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Өкінішке қарай, барынша қауіпсіз және тұрақты әлем қалыптастыру мүмкіндігін жіберіп алды. Әлемге тағы қауіп төніп тұр, оны елемеуге болмайды. Бұл қатер – жаһандық ауқымдағы жойқын соғыс", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті 1968 жылы қол қойылған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз мақсатын орындап отырмағанын, ал жаһандық ойыншылар арасындағы сенім дағдарысы ядролық қару қолдануды болдырмау кепілдігінің әлсіреуіне әкеле жатқанын айтты.
"ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселелерінің бірі ядролық терроризм қатері мен ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы болып отыр. Әлем әлдеқайда қауіпті әрі болжаусыз жаңа ядролық ғасырға қарай жылжып келеді. 60 жылдан астам уақыт бұрын әйгілі ғалымдар А.Эйнштейн мен Б.Рассел манифест жариялап, «Адам ұрпағы жойыла ма әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген маңызды сауал қойды. Соғысты жою адамзат өркениетінің ең күрделі міндеті болып отыр. Бірақ одан басқа жол жоқ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бұл мақсатқа жету үшін әлем дамуының парадигмасында сапалы да терең өзгерістер жасау, әлемнің барлық көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен барлық мемлекеттің күшін жұмылдыру қажеттігіне сенімді екенін айтты. Қазақстан президенті осы міндеттерді шешу жолында еліміз қабылдап жатқан шараларды атап өтті. Олардың қатарында Жаһандық стратегиялық бастама – 2045 Жоспарын әзірлеу бастамасы, халықаралық құқық қағидаттарын қуаттауға және сенімді қалпына келтіруге бағытталған БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру жөніндегі ұсыныс, БҰҰ аясында халықаралық терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құру, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина лидерлерінің Минск кездесуін, сондай-ақ «норманд төрттігі» келіссөздерін ұйымдастыруға ықпал ету шаралары бар.
Мемлекет басшысы жаһандық дағдарыстың себебі әлемдік экономика мен қаржы жүйесінің өзегінде жатқан олқылықтарда екеніне сенімі екенін айтты.
"Төрт жыл бұрын біз барлық елдердің дағдарысқа қарсы күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған «G-Global» бастамасын ұсындық. Әлемдік даму проблемаларын 8 немесе 20 мемлекет емес, бүкіл халықаралық қоғамдастық шешуі тиіс. «G-Global» аясында Астана экономикалық форумында кеңінен қолдау тапқан Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді", – деді Қазақстан президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел өз кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ұсынғанын еске салды және ол қолдау табады деп сенетінін айтты.
Мемлекет басшысы Еуразия өңірінің дамуына қатысты да өз ойларын ортаға салды.
"Еуразия өңірі – әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық фактор. Бұл жерде Қытай мен Ресей, АҚШ және Еуроодақтан бастап, Үндістан, Иран және Түркияға дейінгі барлық жаһандық ойыншылардың мүдделері тоғысып отыр. Өңірдегі қақтығыс ықтималдығын ынтымақтастық пен ықпалдастықты тереңдету арқылы азайта отырып, өңірлік үдерістерді сындарлы арнаға бұру өте маңызды. Сондықтан да мен Біріккен Еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсындым", – деді Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі туралы айтып берді.
"Бұл – тауар, қызмет, капитал, еңбек ресурстары қозғалысының бірыңғай ережелері бар экономикалық бірлестік. КСРО-ны қайта құру туралы әңгіме мүлде жоқ екенін атап айтқым келеді. «Қырғиқабақ соғыстың» осы стереотиптерінен арылу керек. Олар болашаққа көз жіберуімізге кедергі келтіреді. Еуразиялық экономикалық одақ – тек экономикалық жоба", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті биыл еліміз бен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастар орнатылғанына 25 жыл толуымен ерекшеленетініне назар аударды.
"Қауіпсіздік және ядролық қару таратпау – ынтымақтастығымыздың уақыт сынына өткен тұғырнамасы. Біз халықаралық қауіпсіздік саласындағы маңызды қадамға айналған Ядролық қауіпсіздік саммитін өткізу туралы Вашингтонның бастамасын толық қолдадық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында мемлекет басшысы еліміз ядролық қарусыздану және ядролық қару таратпау саласында күш-жігер жұмсауын табанды түрде жалғастыра беретінін айтты.
"Болашақ туралы ойлаған кезде мен бұрынғы КСРО-дан бізге мұра боп қалған ең соңғы ядролық заряд Қазақстан аумағынан әкетілген тарихи датаны – 1995 жылғы 24 сәуірді жиі еске аламын. Екі жүз жыл бұрын АҚШ президенті Авраам Линкольн: «Жауапкершіліктен бүгін жалтару арқылы одан ертең де құтыла алмайсың» деген екен. Ондаған жылдар бойы жер тітіреткен жарылыстардан жапа шеккен халқымның мұң-зарын сезініп, қолдауына сүйенген мен ядролық қарудан ада әлем туралы арманға риясыз сенемін", – деп түйіндеді Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында кездесуге қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.