Бізді құртатын – молдалар ма, Күлімкүлдер ме?
2016 ж. 31 наурыз
3915
5
«Досыңнан қорықпа, көп болса сатып кетеді.
Қасыңнан қорықпа, көп болса атып кетеді.
Немқұрайдылардан қорық, ана екеуі де өз
жамандықтарын соларға сүйеніп істейді».
Халық даналығы
Бұл мақаланы жазуға түрткі болған нәрсе не? Айдос Сарым бауырымыздың ФБ-дағы: «Разница между арабскими шейхами и нашими чиновниками существенная. Шейхи имеют гаремы и раздают нефтяные деньги своему народу. У нас наоборот» деген сөзінің астына мен өз ойымды: «Араб билеушілері Құдайдан қорыққаннан ғана халықтың несібесін халықпен бөлісіп отыр. Біздердікі Құдайдан да қорықпайды. Адамнан ұялу жайлы айтпай-ақ қояйық...» деп қосып, «Шын айырмашылық» деп тақырып қойып постқа жіберіп едім, келген комменттердің бірі мынадай болып шықты: «Күлімкүл Жайлыбаева. Алла-Тағала, бәрімізді пенде етіп жаратты. Бауырларым, енді оларды қозғап, өзіміз күнәға батпайық. Олар да кеудесінде жаны бар пенделер ғой, Алла бәрін берсе де, тыныш өмір, береке жоқ , әр көлеңкеден қорқуда. Сондықтан қара халық қара нан жесе де ұйқысы тыныш, үйінде береке болсын дейік. Негізінде осы жазып, айтып отырған пенделер, билік сендердің қолдарына көшсе, сендер де тура солардың жолын қайталайсыңдар. Бұл – ақиқат».
Ай, бұндай қаным қайнамас! Сонда да болса, сабыр сақтап, ең соңынан бастайын. «Құдай алдына менің бір ғана күнәм бар, ол – жұрттың ойындағысын біліп қоятыным» деген екен, әзіл-шынын араластырып бір данышпан бабамыз. Айдос екеумізді, басқа да бізбен үндес адамдарды күнәһар болмауға шақырып отырған қарындасымыз біздің бәріміздің бірдей ұшақты түгімен, эшелонды жүгімен жұтатын жемқорлар екенімізді қалай біліп қойған?
Екіншіден, жай ғана біліп қоймайды, үзілді-кесілді «бұл – ақиқат!» дейді. Әдетте шындық көп, тіпті әркімнің өз шындығы бар, ал ақиқат – жалғыз. «Және ол тек Алла-Тағалаға ғана мәлім дейді молдалар.
Молдалар демекші, «жаңбыр бір жауса, терек екі жауады» дегендей, 25 жылдан бері қазақ тілді қауымның басын көтертпей, төмен қарата тұқыртудың әдіс-тәсілін әбден меңгерген билікпен тізе қосып (мүмкін, өздерінде дәл сондай ой-мақсат болмаса да), адымымызды аштырмай, құлашымызды серметпей келе жатқан молдалар мен осы Күлімкүл сияқтылар! Неге? Себебі, олардың бұндай мәселеде бисмилла деп айтатындары дәл жоғарыдағыдай: "Залымдар, алаяқтар, жемқорлар, т.б. білгенін істей берсін, жазасын Құдай өзі береді". Ғабит Мүсірепов атамыз "Құдай өзі береді деп қарап отыра берсеңдер ол түк те бермейді, қайта қос қолдап тұрып төбеңнен ұрады!" деген еді. Біз қарап отырғанда олар бәрін сатып бітеді. Жер астындағы қазынамыз ары барса қырық-елу жылда таусылады. Жердің өзін шетелдіктерге млн.гектарлап «жалға беру» басталды. Өндіріс кәсіпорындарын да «уақытша басқаруға береміз» деп бастап, басыбайлы, тіпті қарыздарынан тазалап сатумен аяқталған «тәжірибеміз» бар, жерді жалға беру де сатумен бітетінін бәріміз сезіп отырмыз.
Өткенде бір жиында жас имаммен табақтас болып қалдық. Шариғатты айтып, зуылдап отыр. Онысы – жөн. Сөз арасында алықтың жағдайы күннен күнге ауырлап бара жатқанын аз ғана тілге тиек еткеніміз оған жақпай қалса керек:
-Сіздер тек тырнақ астынан кір іздеуді білесіздер, жеткен көп жетістігімізді көрсетіп жүрген, жүрегінде иманы бар журналистер де аз емес, - деп қағытып қалды.
-Өмірзақ не жазса да шындықты жазады, ешкімді өтірік мақтап, даттамайды, жүрегі таза оның! – деп, Үміткүл қажы әпкеміз шыр етіп, арашаға түсті.
-Әпке, қоя беріңіз, бірінші рет естіп отырған сөзіміз емес қой. Мақұл, солай-ақ болсын, молдеке. «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» деген, аузында Алласы, қолында Құраны бар сіздер өздеріңіздің басшы имамдарыңыздың жемқорлығын айтасыздар ма, айтпайсыздар ма?
Үн жоқ...
-Дұрыс үндемегеніңіз, айтпайсыз. Айтсаңыз жылы орныңыздан айрылып қалатыныңызды жас та болсаңыз жақсы білесіз. Ал, біз айтамыз. Газетке жазамыз. Соның арқасында оңтүстікке жаман аты шыққан бір молданы облыс имамының орынбасарлығынан түсуіне себепкер болдық. Президентіміз Н.Назарбаев «жемқорлыққа бүкіл қоғам болып жабылуымыз керек, әйтпесе жеңе алмаймыз» деп, бәрімізді күреске шақырады. Сонда жемқорлықпен күреспейтін, басшының айтқынын істеу уәжіп дейтін, мемлекет, қоғам құл болмаса күл болсын деп немқұрайдылыққа салынып, қарақан басының ғана жақсы болуын ойлайтын сіздің жүрегіңізде иман бар ма, жоқ әлде жұлынқұрттай елді кеміріп жеп, жалмап бара жатқан індетпен күресіп жүрген біздің жүрегімізде иман бар ма?
Тағы да үн жоқ... 2004 жылы жазда оралмандар жайлы «дөңгелек үстел» өткізетін жер іздеп отырып – алдыңғы екі отырыс «Жалын» мен «Жас Алашта» өткен болатын –Алматыдағы Орталық мешітке келейік. Бөлмелер көп қой деп. Бас имам жоқ екен, наиб-имам маңына жолатпайды: «КНБ бізді құртады!» «Оу, КНБ-дан біз қорықсақ болады, сіздер, Құдай жолында жүрген жандар, тек Құдайдан ғана қорқуға тиіс емессіздер ме?» «Жоқ, жоқ, атамаңыз, осы күнімізге зар болып қаламыз!» Сол жігіт кейін діни ахуал шиеленіскен батыс облыстың біріне имам болып кетті...
Молдалардың бәрінің болмаса да, көбінің айтар уағызы осындай болған соң, биліктің күндіз-түні қайталайтыны жауыр болып біткен «бізде ең бастысы соғыс жоқ, біз әлі жас елміз, бар болғаны 25-ке енді келеміз, біздің бар болашағымыз алда, төзімділік керек, шыдамдылық керек» болса, қоғам мүшелерінің ішінде Күлімкүлдердің аз емес екендігі және белгілі, бұндай жағдайда біз қалай дамимыз?!..
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz