Bek Air-дың ұшқышы жағдайдың қалай болғанын айтып берді
2016 ж. 28 наурыз
1905
0
Bek Air компаниясына тиесілі әуе кемесінің командирі Дмитрий Родин және стюард Рүстем Ибрагимов NUR.KZ порталына берген эксклюзивті сұхбатында "Қызылорда-Астана" рейсі бойынша ұшақтың апатты жағдайда қону сәтінің егжей-тегжейін баяндады.
ФОТО: NUR.KZ
«Бұндай жағдай сирек кездеседі. Қазақстанда ондай жайттардың болғанын естімеппін. Елестетіп көріңізші, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан темірді асфальтқа үйкеуге тура келеді. Мұны біреудің қателігі деу әбестік болар. Техниканың аты техника, бәрі де болуы мүмкін», - дейді кеме командирі Дмитрий Родин.
Командир ұшақтың қонуы емес, оның қону кезінде өртеніп кету мүмкіндігі басты мәселе болғанын айтуда. Оның алдын алу үшін арнайы көбік шашылған.
«Бізге ең қиыны көбікке тұмсығымызбен тура түсу еді. Тек сол кезде ғана өрт шықпауы тиіс болатын. Барлығы аман бола ма деген ой басыма да келмепті. Төртінші ретінде ақыры қондық. Бірінші ретінде шасси ашылмады. Апатты жағдайда іске қосылуы тиіс жүйе де істен шықты. Төмендей бастағанда диспетчерден дөңгелекке қарап жіберуін сұрадық. Техниктер де, диспетчер де дөңгелек шықпай тұрғанын растағанда апатты жағдайда қонатынымызды мәлімдедік», - дейді Родин.
Кеме стюарды Рүстем Ибрагимов жолаушылар өзін қалай ұстағанын есіне алды:
«Бәріне белбеуін тағуды өтініп, нұсқаулыққа сәйкес әрекет еттік. Ер адамдардан балалар, әйелдер мен қарт кісілерге көмек көрсетуін сұрадық. Ұйықтап жатпағандары қорқып, не болғанын сұрай бастады. Дегенмен жолаушылар жарады, дүрлікпей сабырмен отырды. Балаларымен отырған бірнеше әйел жылап қалды, оларды түсінуге болады. Есікті ашып, сыртқа шыққанда жеңілдеп қалдық. Шынымды айтсам, қорқынышты болды, бәріміз адамбыз. Өзімізді сабырмен ұстамасақ, оқиға бақылаудан шығып кетер еді», - дейді Ибрагимов.
«Апатты жағдайда қону туралы хабарламадан кейін 20 минут өтті. Бастапқыда командир ұшақты артқы шассимен қондырғанда бәрі сәтті аяқталды деп үміттенгендер қол шапалақтауға кірісті. Бірақ ұшақ тұмсығымен түскенде мен жолаушылардың көзінен нағыз қорқынышты көрдім. Есік ашылғанда бәрі сыртқа жүгірді, дегенмен стюардтарды тыңдады», - дейді бортсерік.
Стюард қонғаннан кейін бірден жақындарына хабарласу мүмкін болмағанын айтты:
«Қона салысымен, БАҚ-та бірден ақпарат легі туындады. Тіпті жарты сағаттан кейін YouTube-те видеосы жүктелгенде таң болдым – 21 ғасыр», – дейді Ибрагимов.
Дмитрий Родин қону кезінде еш қорықпағанын алға тартты:
«Қатты алаңдап, бір нәрсені ойладым деп айта алмаймын. Қорықпадым, ұшақты қондыратынымды білдім. Тек тұтану мәселесі мазалады. Өрт сөндірушілер жақсы қызмет атқарды. Сол арада жақындарым бар жағдайдан интернет арқылы хабардар болып отырды. Эвакуация кезінде мен кабинадан шықпай отырдым. Өзгелерге кедергі болмас үшін, капитан қашан да ұшақтан соңғы болып шығады», - деп ағынан жарылды ол.
«Жақсы қонғаннан кейінгі басыма келген алғашқы ой - енді қанша қағаз жазуға тура келеді деген мәселе болды. Кеше бізді полиция, прокуратура сұрақтың астына алды. Біз комитет пен Fokker фирмасының өкілдерімен кездесуіміз керек. Алдыда бір ай еңбек үдерісі күтіп тұр. Мұндай жағдайда экипаж тергеу біткенше ұшудан шеттетіледі», – дейді командир.
Дмитрий Родин әлі де ұшуға әзір екенін, апатқа ұшыраған "Фоккерде" қауіпсіз деп табылса ұшуға қарсы еместігін мәлімдеді.
Еске салсақ, жақында Bek Air компаниясының ұшағы Астана әуежайына алдыңғы шассисіз қонған еді.