Жастардың із-түзсіз жоғалуына би билеу себеп бола ма?

163630Айдың күннің аманында неге балаларымыз жиі жоғалады? Осыдан бірнеше ай бұрын Ақмола облысындағы 13 жасар қыздың жоғалуы елдің жағасын ұстатып еді. Онан соң жыл басында Ордабасы ауданындағы алты жасар баланың, 15 жастағы оқушы қыздың із-түссіз жоғалуы елді тағы бір дүрліктірді. Ең сорақысы, жабыла іздеген кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың бірі ата-анасымен ұрысып Астана, енді бірі жамбылдық азаматтың етегінен ұстап ауыл асып кеткен. 

Он үштегі қыздың әлеуметтік желіде жігітпен танысуы, он бес жасар қыздың полицейлерді жарты жыл жертөледе өмір сүрдім деп алдауының астарында не бар? Өрімдей қыздар неге өз ата-анасынан қашады? Мұның бәрі түсініксіз де, жұмбақ жайттар...

«Қазақстанның интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 1500-ге жуық бала жоғалады. Олардың ішінде оқиғаның ізін суытпай үйіне оралатындар мен өлі денесі табылатындар бар. Ал қалғандары мүлдем із-түссіз кететін көрінеді. Жуырда Батыс Қазақстан облысының прокурорлары балаларды тойға шығудан бас тартуға шақырды. БҚО Прокурорының көмекшісі Алмагүл Смағұлованың айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың үйлену тойлар мен мерейтойларда жартылай жалаңаштанып билеуі, өнер көрсетуі жыныстық мәндегі қылмыстардың артуына әкеп соғуда. Сөзін сандармен толықтырған ол 2012 жылы мұндай қылмыстың 12-сі тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 52-ге жеткенін айтты. Ал биыл, небәрі екі айдың ішінде, 10 қылмыс әшкереленіпті. Сондықтан педофилдерден бұрын олардың құрбандарын сақтандыруды қолға алған жөн екенін айтқан ол, шығыс билерін әйелдер күйеулері үшін орындағанын көпшіліктің есіне салды.

Осыдан кейін соңғы кездері тойда билеп жүрген бүлдіршіндерді ғаламтордан іздестіре бастадық. Белін жалаңаштап үнді биін билеген бес-алты жасар Айлин мен үнді әнін орындаған Кәмила есімді кішкентайдың той қонақтары бірінің беліне, енді бірінің бас киімінің жиегіне ақша қадап жатты. Осындай бірнеше видеоларды көріп отырып, шынында, шынашақтай қыздардың кеудесі мен бөксесін бұлтыңдатып би билегеніне масайған азаматтарымыздың мәз болып, ышқырына ақша тығып жатқанын көрдік.

Қазіргі қоғамдағы бүлдіршіндердің жоғалуы мен зорлануы өзекті мәселелердің біріне айналуда. Кәмелеттік жасқа толмай жатып, жасөспірімдердің тағдырының талқан-далуы көпшілікті алаңдата бастауы заңдылық. Әйткенмен қылмыстың кемуі үшін қылмыскерді іздейтін елдің, алдымен балаларына абай болғаны жөн-ақ.

Мақпал ТӨРЕБЕК

Дерек көзі: korrespondent.kz