Сот Серік Ахметовтің сотталу мерзімін қысқартты
2016 ж. 14 наурыз
2673
3
Экс-премьер Серік Ахметов және тағы 12 айыпталушының апелляциялық шағымын қараған Қарағанды облыстық апелляциялық алқасы қаулы шығарды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Сот қаулысын Қарағанды облыстық соты апелляциялық алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов оқыды.
Сот Серік Ахметовтың жазасын 10 жылдан 8 жылға, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің жазасын 5 жылдан 3 жылға қысқарту туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ, Бауыржан Әбдішевтің орынбасары болған Ғабит Мұхамбетовтың, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғариннің, «Сарыарқа» ӘКК бұрынғы департамент басшысы Ерлан Қисықовтың жазасынан мүлкін тәркілеу туралы талап алынып тасталды. «ҚазАгро» АҚ бұрынғы басшысы Дулат Айтжанов пен Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетовтың жазасы шартты мерзімге ауыстырылды.
Сот қаулысы жария етілген сәттен бастап күшіне енеді.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Серік Ахметовпен бірге 20 лауазымды тұлға жемқорлық қылмысқа қатысты айыпталып, сот үкімі шыққан болатын. Онда Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Б. Әбдішевті 5 жылға, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты 3 жылға, қалған шенеуніктерді 3-тен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққан болатын. 10 наурыз күні аталған азаматтардың апелляциялық шағымын қарау басталған еді.
Апелляциялық шағым қаралғанға дейін С. Ахметовтың туыстары мен достары 2,2 млрд теңге көлемінде келтірілген шығынды қазынаға қайтарған болатын.
Дерек көзі: Қамшы.кз