Апталық тағайындаулар: Кім келді, кім кетті?
2016 ж. 12 наурыз
2652
0
Осы аптада еліміздің бірқатар өңірінде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат әдеттегідей апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына Серік Ордабекұлы Тұрбеков тағайындалды. С.Тұрбеков 1956 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы - ғалым агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылығы академиясының түлегі. Еңбек жолын 1980 жылы «Қаракөл» ғылыми өндірістік бірлестігінің лаборанты болып бастаған. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми - зерттеу мекемелерінде ғылыми қызметкер ретінде және бірқатар басшылық лауазымдарда еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені Мемлекеттік инспекциясы комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының бастығы, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары, Мақтаарал аудан әкімі лауазымдарын атқарған. 2015 жылғы мамыр айынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып қызмет етіп келді.
Ал Алматыда кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Әлфия Балова қызметінен кетіп, оның орнына жаңа қызметке Алматы әкімінің өкімімен Алмас Өскенбайұлы Мәдиев тағайындалды. А.Мәдиев еңбек жолын Жамбыл технологиялық институтында оқытушылықтан бастаған. 1999-2003 жылдары Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген. 2009-2014 жылдары «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржылық директоры, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ басқарушы директоры, «Павлодар» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары болған.
Айта кетерлігі, бұл басқарманың бұрынғы басшы Әлфия Балова «Алматы» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары қызметіне ауысқан еді.
Мұнан бөлек, белгілі әнші Қанат Айтбаев Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол облыстық филармонияның басшысы қызметін атқарған болатын.
Қазақстанның қор биржасы Директорлар кеңесінің шешімімен KASE директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Сақтандыруды қадағалау департаментінің директоры Жанат Бостанұлы Құрманов, ал ASE директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда немесе мүдделер қайшылығы туындағанда алмастыратын тұлға ретінде «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ның тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің төрағасы Азамат Мырзаданұлы Жолдасбеков сайланды.