Жақында Президент жарлығымен бірқатар әкімдер ауысуы мүмкін
2016 ж. 07 наурыз
4012
7
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 наурыз мерекесінен кейін Оралға жасайтын сапары жергілікті билік үшін күтпеген жағдай болып отыр. Мемлекет басшысы бұл сапары барысында Батыс Қазақстан облысының басшысы Нұрлан Ноғаевты ауыстыруы мүмкін, деп жазады «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап newtimes.kz ақпараттық агенттігі.
«Билікке қатысы бар адамдар арасында сауал тастап, сонымен қатар журналистермен тілдескенімізде Президенттің облысқа жасайтын іссапар күні сол күйінше беймәлім болды. Тіпті мемлекеттік БАҚ-тарда "Масленица-қысты шығарып салу" шарасының бағдарламасы жарияланбаған. 8 наурыз мерекесіне орай бірде-бір іс-шара жоқ. Бәлкім Елбасы келіп қалса...», делінген басылымда. Сондай-ақ, жергілікті газетте Батыс Қазақстан облысының әкімдік креслосына екі үміткердің дайын екені жазылған. Оның біреуі – 53 жастағы Ералы Тоғжанов. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары. Екіншісі – Нұрлан Ноғаевтың экс-бірінші орынбасары Серік Шапкенов.
«Біздің Атырау облысындағы әріптестеріміз де тағы бір әкімнің орнынан кетуі мүмкін екенін айтады. Яғни, жақын арада Атырауда да ауыс-түйіс болады деп күтілуде. Тілшілер өзара Нұрсұлтан Назарбаев Оралға жасаған сапарынан соң бірден жаңа әкімді жұртшылыққа таныстыру үшін Атырауға барады дегенді айтып жүр» делінген «Уральская неделяда».
Айта кетейік, Конституцияға сәйкес Президент кез келген уақытта әкімдерді қызметінен босатуға құқылы. Бірақ, Мемлекет басшысының бұл аймақтарға сапары ауыс-түйіспен тікелей байланысты екенін айту қиын. Өйткені саяси науқан алдында кадрлық ауыс-түйіс жасалынбайды. Басылымда жазылған ақпаратқа сенсек, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде әкімнің қызметінен босатылуына нақты бір себеп болуы керек. Айтпақшы, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 20 наурызда өтетін сайлауда ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлердің қатарында.
Дерек көзі: newtimes.kz