Қазақстан 2016 жылы БҰҰ Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады - Елбасы
2016 ж. 03 наурыз
3350
15
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы биылғы кездесу ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданған күні өтіп отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды, сондай-ақ қазіргі әлемде қауіпсіздікті ілгерілету және біркелкі даму мәселелерін де қозғады.
Қазақстан Президенті КСРО ыдырап, қосполярлы әлемдік құрылым күйрегелі 25 жыл өткенін еске салды.
- Өкінішке қарай, жаңа жаһандық әлемдік құрылым қалыптастырудың бірегей тарихи мүмкіндігі пайдаланылмады. Әлем қауіпсіз, тұрақты немесе әділетті сипатқа ие бола қойған жоқ. XXI ғасыр экономикалық, экологиялық, геосаяси, ресурстық, энергетикалық тұрғыдағы көптеген қатерлер әкелді. Оларды еңсеру үшін планетаның дамуы жолындағы сапалы терең өзгерістер қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты адамдарды, экономикалар мен елдерді бір-біріне қарсы қоятын жаһандық бәсекелестік парадигмасын қайта саралаудың маңыздылығын айтты.
- БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында мен Жаһандық Стратегиялық Бастама - 2045 Жоспарын әзірлеу бастамасын ұсындым. Оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру және БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарай нақты нәтижеге айналдыру ұсынылады. Біздің жоспарымыздың мақсаты - қақтығыстар себебін жою және барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға бірдей қолжетімділігі негізінде дамуға жаңа тренд (сипат) дарыту, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздіктің тиімді жаңа жүйесі қажеттігін алға тартты.
- БҰҰ және Қауіпсіздік кеңесінің қақтығыстарды реттеудегі рөлін арттыру қажет. БҰҰ жарғысын халықаралық құқықтың түпкі негіздерін сақтай отырып жаңғырту қажеттілігі пісіп-жетілді. Елдердің құқықтық нормалар мен халықаралық міндеттемелерін сақтауы қазіргі заманғы әлемдік құрылымның маңызды мәселесіне айналды. Қазақстан 2016 жылы халықаралық құқық қағидаттарын растауға және сенімді қалпына келтіруге бағытталған жоғары деңгейдегі БҰҰ Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жер бетіндегі ядролық арсеналдың жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан 113 мың есе артық екеніне назар аударды.
- Сол себепті мен ядролық қарусыздануды ХХІ ғасырдағы басты мақсат етуді ұсындым. Бізді БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдағанына, оның біз әзірлеген Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны үш ай бұрын бекіткеніне қуаныштымын,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның таратпау режімін нығайту ісіне жүйелі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы тамызда Астанада Аз байытылған уран банкін елімізде орналастыру жөнінде МАГАТЭ-мен арадағы келісімге қол қойылуы маңызды қадам болды.
- Біз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздер үдерісін әрдайым қолдадық және оған іс жүзінде үлес қостық. Алматыда өткен келіссөздердің екі раунды Иран ядролық бағдарламасы бойынша іс-қимылдың жалпыны қамтитын бірлескен жоспарына негіз болды. «Алтылық» тобы мен Иранның өтініші бойынша біз осы жоспардың имплементациясына атсалыстық. «Алтылық» тобы, Иран, МАГАТЭ және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті құрылымдарымен жұмысты үйлестіре отырып, Қазақстан 2015 жылғы 27 желтоқсанда Иранға осы елден аз байытылған уранды әкетудің өтемі ретінде 60 тонна уран жеткізді. Бұл таратпау режімін нығайтуды, мемлекеттердің бейбіт атомды дамытуға деген заңды құқықтарын жүзеге асыруды және ядролық отынға кемсітушіліксіз қолжетімділікті қамтамасыз ететініне сенімдіміз, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл әлем Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығын, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10 жылдығын, сондай-ақ ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салатын шарттың 20 жылдығын атап өтетінін еске салды.
- Осы тарихи даталар - ядросыз әлемді ілгерілетудегі күш-жігерді біріктіру үшін маңызды себеп. Ядролық мемлекеттер бұл бағытта ең алдымен өздері үлгі көрсетулері керек. Әйтпесе, ядролық мәртебе алуға ұмтылған өзге елдерді шектеуден ештеңе өнбейді. Егер әлем осылай дами беретін болса, бұған жаңа ниеттенген мемлекет те ядролық қаруға ие болғысы келеді, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бүгінде Таяу Шығыста шын мәнінде бүкіл әлемнің тағдыры шешіліп жатқанына назар аударды.
- Сириядағы қақтығыстардың теріс салдарлары өңірден сыртқа тарауда. Қоныс аударушылар мен босқындардың мұнша көп легі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болған емес. Халықаралық қоғамдастықтың «Ислам мемлекетіне» қарсы күрестегі іс-қимылының әркелкілігі, жүйесіздігі терроршыларға қолайлы болып отыр. Сондықтан мен БҰҰ аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құруды ұсындым. Біз Ресей мен АҚШ-тың Сирияда атысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін құптаймыз. Барлық тарапты жасалған уағдаластықты толық орындауға шақырамыз. Бұл ұзақмерзімді саяси реттеу үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етуге септігін тигізетініне сенімдіміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы терроризмді бейбітсүйгіш исламмен және басқа да діндермен шатастыруға жол беруге болмайтынын тағы да атап айтты.
- Біздің бастамамыз бойынша биылғы мамыр айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында «Дін бейбітшілік үшін» тақырыбымен Жоғары деңгейдегі диалог өткізілетін болады. Терроризм мен экстремизмге және осы бір жаһандық зұлымдықты көлегейлеу үшін дінді пайдалануға қарсы бір ауыздан қарсы шығу үшін барлық елдерді осы форумға қатысуға шақырамын, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық дағдарыс салдарынан әлемде әлеуметтік-экономикалық сілкіністер жалғасып жатқанын айтты.
- Бірақ дағдарыс жаңа дамуға да қолайлы мүмкіндік береді. Біз әлемдік экономикалық дамудың қисынды, тиімді және теңгерімді үлгісінің негізін қалау үшін тарихи мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз. Сондықтан мен Біріккен Еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсындым, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Еуразияның бүгінде әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық фактор екенін айтты.
- Мұнда барлық елдің - Қытай мен Ресейден, АҚШ және Еуроодақтан Үндістан, Иран және Түркияға дейінгі жаһандық ойыншылардың мүдделері түйіседі. Геосаяси ойындар, өзара экономикалық санкциялар мен «қырғи-қабақ соғыстың» ескірген белгілері мәңгілік артта қалуы тиіс. Бейбіт, орнықты, гүлденген және экономикалық қуатты Еуразияны қалыптастыру жаһандық өсімге күшті мультипликативті әсер береді және баршаға тиімді болады. Барлық мемлекеттің күш-жігерін экономика, сауда және инвестиция салаларында екіжақты, өңірлік, өңіраралық және жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту ісіне жұмылдыруға шақырамын. Осы идеяны биыл мамырда өтетін 9-шы Астана экономикалық форумында кеңінен талқылауды ұсынамын. Аталған шараға елдеріңіз жоғары деңгейде белсене қатысады деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы 2000 жылдан бері табиғи апаттардың саны күрт өскеніне, олардың жиынтық зияны жүздеген миллиард доллардан асқанына назар аударды.
- Мұндай жағдайда айналадағы ортаны қорғау өркениеттің орнықты дамуының міндетті шарты болып көрінеді. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. Бұл - БҰҰ-ның «Орнықты энергетика - баршаға» бастамасын жүзеге асыру ісіне Қазақстанның қосқан үлесі. Өздеріңіз өкілдік ететін елдерді және халықаралық ұйымдарды көрмені өткізу ісіне қатысуға шақырамын, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ былтырғы жыл Қазақстанның белсенді сыртқы экономикалық қызметімен айшықталғанын да атап өтті.
- Менің шетелдерге сапарларым барысында жалпы құны 60 миллиард доллар болатын 275 экономикалық келісімге қол қойылды. «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдердің басым көпшілігімен және өзге де мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесулер өтті. Олар біздің елмен көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін растады. Сіздердің Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен бірлескен жұмыстарыңызды жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағыттауға шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 2016 жылы біздің ел көпвекторлы, сындарлы сыртқы саясатын, әлемдік экономикалық кеңістікке кірігудегі магистральды бағытты жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті.
- Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуеті және Қытаймен бірге «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасын жүзеге асыру Қазақстанның маңызды іскерлік серіктес, Еуразиядағы хаб ретіндегі орнын нығайта түседі. Біз Шанхай ынтымақтастығы ұйымын дамыту ісіне белсене қатысатын боламыз. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымына айналдыру үшін күш-жігер жұмсауын жалғастыра береді. Сіздер өкілдік етіп отырған елдердің қолдауынан үміттіміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы транзиттік аумақ ретіндегі біздің елдің рөлі қазірдің өзінде көрініп тұрғанын айтты.
- Мәселен, Қытай - Қазақстан - Еуропа бағытымен жүріп өткен контейнерлер саны 2015 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 6 мыңнан 48 мыңға дейін артты. Ал 2016 жылы ол 95 мың контейнерге жетеді. Егер 2013 жылы бұл бағдар бойынша 77 пойыз өткен болса, 2016 жылы 1100 болады деп жобалануда, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің республика үшін күмәнсіз басымдық ретінде Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты атады.
- Біз тағы да бұл елдерді суды пайдалану, сауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өңірдің аса өзекті мәселелерін шешу үшін бірігуге шақырамыз. Олармен өзара іс-қимыл үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін» ұштастыру, сондай-ақ Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктер тудырады, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республикамыздың бұдан екі ай бұрын ірі инвестициялық және сауда серіктесі - Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойғанын атап өтті.
- Бұл - тауар айналымын ұлғайтып, Еуропа елдерінен инвестиция тарту жолындағы маңызды қадам, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ірі шетелдік инвестордың бірі екенін, біздің ел бұл ынтымақтастықтың аясын кеңейту ниетінде екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орта және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тарихи және рухани жақын байланысы бар Қазақстанның олармен және жалпы ислам әлемімен өзара қарым-қатынасты тереңдете түсуге ниетті екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті айтқандай, республикамыз Иранмен ауқымды сауда-экономикалық ынтымақтастықты барынша дамытуға мүдделі.
Мемлекет басшысы Қазақстан Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына еліміздің мүмкіндігі аясында көмектесуді жалғастыра беретінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Азия және Тынық мұхит өңірі елдерімен және өңірлік құрылымдармен экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екеніне назар аударды. Сондай-ақ Африка құрлығы, Латын Америкасы және Кариб теңізі алабы елдерімен қарым-қатынас жүйелі дамып келеді.
Қазақстан Президенті өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толық құқылы мүше болғанын еске салып, бұл сыртқы сауда географиясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін, инвестициялық әлеуетімізді арттыра түсетінін айтты.
Мемлекет басшысы маусым айының соңында Нью-Йоркте өтетін дауыс беру кезінде дипломаттар өздері өкілдік етіп отырған мемлекеттер тарапынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне 2017-2018 жылдар кезеңіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдайды деп сенетінін атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілер мен дипломаттарға, дипломатиялық миссиялар басшыларына елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай-ақ іс-шара барысында дипломатиялық корпус дуайені, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі, М.Бочарников сөз сөйледі.
Ресей дипломаты өткен жылдың Қазақстан үшін Конституция мен ҚХА-ның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, экономиканы жаңғырту жөніндегі ауқымды реформалардың басталуы, сондай-ақ бүкіл әлемге Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығын көрсеткен президент сайлауы сияқты тарихи оқиғалармен айшықталғанын атап өтті.
М.Бочарниковтің айтуынша, аталған кезеңде Қазақстан сыртқы саясатта елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл - ең алдымен Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, ЕАЭО-ға төрағалық етіп, ұйымның сыртқы серіктестерімен байланысын нығайтуы, интеграциялық бірлестік жұмысын «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуімен» ұластыру.