«АҚ ЖОЛДЫҢ» АҚШАҢҚАН ЖОЛЫ
2016 ж. 02 наурыз
3215
23
Кезекті таңдаудың алдындағы еліміз наурыз айының соңында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлайды. Оңай таңдау емес. Әлемнің тәлтіректеген экономикасы қазақ шаруашылығының күретамырына да теріс әсерін тигізбей қоймады, теңгемізді құнсыздандырып жіберді. Қайтеміз, әлемнің нарығы - тұтас организм десек, соның бір мүше-бөлшегі қалайша әсерсіз қалсын...
Бұл шындықты мойындауға мәжбүр болдық. Әйткенмен, қиындықты мойындау - бір мәселе де, оған мойымау - басқа мәселе. Меніңше, «Ақ жол» демократиялық партиясы - осындай мойымайтын мықты құрылым. Өйткені, бұл ұжымда қазіргі қазақтың зиялыларымен қатар, іскер қазақтың азаматтары да тізе қосқан...
БІРІНШІДЕН, «Ақ жол» - Алашты қолдайды, ал Алашты қолдау - Қазақты қолдау. Қазақты қолдаудың тереңінде, сөз жоқ, Қазақ Елін тұтастай һәм барлық ұлт-ұлыстарымен қолдау жатыр.
«Ақ жол» айтады: «БІЛІМДІ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ ҰЛТ – ҚУАТТЫ ЖӘНЕ АУҚЫМДЫ ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫ болмақ» дейді. Рас, экономикадағы еңбек өнімділігі - азаматтардың сапалы медициналық көмек алу құқын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесін жақсартумен тікелей байланысты. Тегін кәсіптік-техикалық білім беруді енгізу керек. Елдің басты байлығы - мұнай да, металл да емес, ол біздің дарынды және еңбексүйгіш халқымыз! Сосын, «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ ЖӘНЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУ керек» дейді. Әрине, кәсіпсіз кісі азып-тозып кетпей ме?!.
Әрі қарай «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ САЛАСЫ ДАМУға тиіс» дейді.
Тағы да партия «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ - ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ ДРАЙВЕРІ» дейді. Дұрыс, әрбір қазақстандықтың баспанасы болуға тиіс!
ЕКІНШІДЕН, «Ақ жол» - ауылды қолдайды, ал ауылды қолдау - қазақты қолдау. Қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі, денсаулығы мен білім деңгейі, мәдени-рухани жетілуі - отандық өнеркәсіптің, өндірістің еселеп артуына, жетілген ұлттық экономика ғана ықпал етеді.
«Ақ жол» айтады: «АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН – ЕЛДІҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ» деп. Ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымдарын қалпына келтіруді және дамытуды қамтамасыз ету ауадай қажет. Шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы көмекке аса мұқтаж. Бұл ішкі нарықты шетелдік бәсекеден мейлінше қорғап отыру мүмкіндігін туғызады. Өнеркәсіп пен өндірістің үздіксіз өсімі – халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Жергілікті шаруашылықтарға оңтайлы жағдайда қызмет көрсететін машина-трактор станциялары (бұрынғы МТС) желісін қалыптастыруды қамтамасыз ету керек-ақ. Ауыл және агроөнеркәсіптік кешен – біздің сенімді адами және экономикалық ресурсымыз! Әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің экономикасының тірегі – шағын және орта бизнес. Бұл бизнесі мықты орныққан елдердің экономикасы мұнай мен металдың бағасына тәуелді болмайды. Шағын және орта бизнестің пайыздық үлесі жоғары жұрттың болашағы жарқын. Қазақ кәсіпкерлерінің мүдделері жан-тәнімен қорғалуға тиіс. Экономика саласына зиян келтіретін алаяқтық пен жалған кәсiпкерлiк – орта және шағын кәсiпкерлiктi дамытуға, әлеуметтiк жаңғырту бағдарламаларының iске асыруларына кері әсерін тигізеді. Егер кәсіпкер мемлекетке, қоғамға, адамға зиян келтірмейтін істің көзін тапса, қызу қолдауымыз керек. Мұнымен қатар, бұл партия «БИЛІК ҚОҒАМ АЛДЫНДА АШЫҚ әрі ЕСЕП БЕРУІ керек» депті. «Ақ жол» демократиясы жемқорлыққа, әділетсіздікке, озбырлыққа әрдайым оппозиция болды. Бизнеске мемлекеттің тарапынан жөнсіз бақылау мен қысымды мейлінше азайту керек. Мемлекеттік органдар қарапайым адамдарға қызмет етуге тиіс! Содан кейін, «ҚАЗАҚТЫҢ ӘР ШАҢЫРАҒЫ, ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНДАҒЫ КЕЗ КЕЛГЕН ОШАҚ ҚАУІПСІЗ БОЛЫП, ҚОРҒАЛУҒА ТИІС» деген ұстаным - өте орынды. Тәуелсіздігімізді сақтау үшін біз тайынатындай құрбандық жоқ.
«Ақ жол» партиясы қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясымен мақсаты үндес саяси ұйым. «Ақ жол» партиясының негізгі құндылықтары – либерализм, демократия, жеке адамның құқықтары мен бостандығы, этностар мен діннің тең құқықтылығы болып қала береді. «Бізді дағдарыстан алып шыққан ең басты нәрсе – қарапайым еңбек адамының төзімділігі мен жанкештілігі деп санаймын» деген партия жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ: «Ақ жол» – өз елін сүйетін, өзін де, өзгені де алдамайтын, парасаты жоғары, қабілетті адамдардың партиясы. «Ақ жол» партиясын бүгінде «сөз бен істің одағы» деп атайды. Егер, біздің зиялы қауымның қаруы сөз болса, кәсіпкер қауымның қаруы – іс. Яғни, біз нақты сөз бен істің партиясымыз» деп, атап көрсеткен болатын.
"Ақ жол" партиясының саяси бағдарламасы бойынша, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайызының мемлекеттік тілді шынайы меңгеруіне қол жеткізу қажет. Расында, кез келген өркениетті елдерде мемлекеттік тілді білмейтіндер жұмыстарынан босатылады. Қазақ тілінің қорғаушысы һәм қолдаушысы, қазақтың белгілі ақыны Қазыбек ИСАның «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары болуы - табиғи заңдылық сияқты.
Қазіргі жаңа тарихи қажеттіліктер кезеңінде ақжолдықтар жаңа көзқарастар іздеудің қажеттігін айтады. «Ақ жолдың" жолының Ақ болатындығы да сондықтан...
Иә, «Ақ жол» – еңбек етер кез келді! - дейді. Толық қолдауымыз керек. Таза ниет пен адал еңбектің жолы әрқашан ақшаңқан болмақ!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz
Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.