Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» ҚДП төрағасы: «Ақ жол» партиясының басты мақсаты – халық сенімін ақтау
2016 ж. 01 наурыз
2965
0
( «Ақ жол» партиясы ХІІІ құрылтайында сөйленген сөзі)
Еліміз үлкен таңдау алдында тұр. Кезектен тыс өтетін барлық деңгейдегі депутаттарды сайлау бәріміз үшін жауапты кезең. Мемлекет, ұлт болашағын ойлаған әрбір азамат бұған бейжай қарай алмайды. Сайлаушылардың белсенділігі ғана емес, халық сеніміне ие боламын деген әрбір үміткерге де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның негізінде миллиондаған отандастарымыздың ертеңгі күнге деген үкілі үміті мен болашаққа деген асыл арманы бар екенін біздің «Ақ жол» демократиялық партиясы жақсы сезінеді және сол сенімді ақтауға, адал қызмет етуге бар күшін жұмсайтын болады. Осы тұрғыдан келгенде «Ақ жол» партиясы да өз жоспарларын пысықтап, сайлауалды тұғырнамасын толықтырып, барша тұрғындарымыздың талқысы мен таңдауына ұсынып отыр. Жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар тұрғылықты жерлерде тиісті филиалдармен ұсынылатыны белгілі, мұны облыстық және қалалық конференцияларда жүзеге асырды. Аймақтарда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сенім көрсету ұстанымына және партиялық ынтымақтастыққа сәйкес, сьезге осы конференциялардың шешімдерін мақұлдаумен шектелу жеткілікті деп ойлаймын. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізіміне қатысты партияның орталық органдарының филиалдармен бірлесе отырып, үлкен дайындық жұмысын жүргізгенін сьезд делегаттарына жеткізгім келеді. Мен Сіздерге өткеннен сабақ алып, ағымдағы жағдайларға талдау жасай отырып, қандай принциптерге сүйеніп, біздің партиялық тізімді қалыптастырғанымыз туралы айтуды қажет деп есептеймін. Бұл ретте мына мәселелерге назар аударған жөн. Елімізде кезектен тыс сайлау өтетіні туралы шешім қабылданған соң, біздің кейбір әріптестеріміз және қатардағы партия мүшелері мен қарапайым тұрғындар баспасөз арқылы және партиялық бас қосуларда Парламент Мәжілісіндегі біздің партиямыздың өкілдер санын барынша өсіру керектігі туралы өз пікірлерін білдіргенін байқадым. Бұрынғыдай 7-8 емес, енді Мәжілістегі ақжолдықтар санын 15-20-ға жеткізу қажет деген ойларын ашық айтып жатыр. Әрине, бұл өз мүмкіндігіне деген сенімі бар жақсы пікір, оған ешкімнің таласы жоқ. Биік белестерге ұмтылу - жақсы қасиет. Бірақ, оптимистік ұстаныммен бірге мүмкіндік атты сынның да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Барлық іс-қимылдарымызды қазіргі шынайы жағдайды ескере отырып, үйлестіргеніміз дұрыс. Яғни, біз барлық жағдайды естен шығармауымыз керек. Тіпті Парламентке мүлдем өтпей қалу жағдайы да жадымызда болу керек. Өйткені мұндай үлкен саяси додада бәрі де болуы мүмкін ғой. Әрбір адам өзін өзгелерге қарағанда көп жұмыс атқарып жатырмын деп ойлайды. Ондай менменшіл пікір өзін-өзі алдауға әкеліп соғуы мүмкін. Бұл көпшілікке, жалпы адам баласына тән құбылыс. Бірақ, шын мәнінде солай ма? Оны өзгелер айтып, көпшілік баға беруі маңызды. Мысалы, өткен 2012-жылғы сайлауда да Парламенттен 15-20 орын алуды межелеген болатынбыз. Ол кезде, әрине дәп қазіргідей халық алдында өз мүмкіндіктеріміз бен нақты істерімізді әлі де көрсетіп үлгермеген болатынбыз, тәжірибеміз де аздау болды. Қазіргі жағдай мүлдем басқа, еліміз әлемдегі өзге мемлекеттер секілді дағдарыстың ащы дәмін сезіп отыр. Праламентте біз болған былтырғы жылдың өзінде инфляция 13,4 пайызды құрағаны белгілі. Қалыптасқан жағдайды сараласақ, біздің кейбір мемлекеттік органдар, оның ішінде Ұлттық банк дағдарыстың әсерін әлсіретпек түгіл, елдегі экономикамызды сауықтыру мен тұрғындарымыздың тұрмысын түзеудің орнына жағдайды керісінше ушықтырып алды деуге болды. Сондықтан бұқара біздің партияны да дағдарыс дауылына қарсы тұра алмады деп айыптауы мүмкін. Орын алған жағдайды ешкім жоқ деп айта алмас. Біз де жауапкершіліктен жалтармаймыз. Рас, біз бар күшімізді жұмсадық, бар мүмкіндіктерімізді пайдаландық. Үкімет пен Ұлттық банк басшыларына, басқа да қолында құзыры бар мемлекеттік орындарға қатаң талаптағы өзіміздің депутаттық сауалдарымызды қайта-қайта жолдап, Мәжіліс отырыстарында табан тіресе, өз пікіріміздің дұрыстығын дәлелдеу үшін айтыстық та. Бірақ, біздің мүмкіндіктеріміздің де шегі бар, ол мәселелерді толықтай шешіп, іске асыру бір ғана біздің қолымызда тұрған жоқ. Міне, өткен шақырылымда осындай жіберілген кемшіліктер мен нақты нәтиженің болмауы қандай партияның болмасын келесі сайлаудағы мүмкіндіктерін тежейтін болады. Біздің Парламенттегі даусымыз аз болса да халық алдындағы жауапкершілік жүгіміз аз емес, өзгелермен бөлісіп бірге көтереміз. Жауапкершіліктен жалтармай, жетістіктерді айтумен қатар, кемшіліктерді де мойындап, оны түзете білуіміз керек. Әрине, бәріне билік кінәлі деп, саусағымызбен шұқып көрсетіп, біз бәрін алдынала айқайлап айтқан болатынбыз деп жауапкершіліктен сытылып кетуге болатын еді. Оның үстіне, расында да біздің депутаттық фракция Бірыңғай зейнетақы қорындағы қаржыны банктерге бөліп беруге, қаржының экономикамызға бағытталмай жатқанына, мемлекеттік сатып алу заңынан «отандық өндірушілер» деген ұғымды алып тастағанына наразылық білдіріп, тағы да көптеген мәселелерді турасынан қойғанымызды көпшілік жақсы біледі. Соның бәрін алға тартып, кемшілікке біздің қатысымыз жоқ дегендей бағыт ұстауға да болар еді. Бірақ, біз олай ете алмаймыз. Ондай бағыт ұстасақ біздің бұқараның талап-тілегіне бейжай қарағанымыз болар еді. Қалыптасып отырған жағдайға сырттан бақылаушы ретінде көрінер едік. Бізге дауыс берген сайлаушылардың үмітін үзіп, партиямызға деген сенімінен жұрдай болар едік. Сондықтан біздің ұстанған барынша белсенділік көрсету бағытымыз бұрынғыша берік болып қала бермек. Қоғам иығына түскен ауыр салмақты бөлісіп, бұқарамен бірге болу - басты мақсатымыз. Алдағы мүмкін жағдайларды айта отырып, өткен тәжірибеден алған тәлім жайында да айтпасқа болмайды. Мысалы өткен сайлауда біз 79 үміткердің тізімін ұсынған едік. Іс жүзінде 8 ғана өкіліміз депутаттық мандатқа ие болды. Әрине, кейбір үміткерлеріміз үшін бұл моральдық тұрғыдан ауыр соққымен бірдей болды. Жекелеген біреулер «мен депутат болмай қалдым» деп бізге күл шашуға дейін барды. Өзі су ішкен құдығына түкірді десек те болады. Оларды да түсінуге болады, бірақ, Парламенттегі орын санаулы ғана ғой. Дегенмен біздің сол депутаттықа өтпей қалған үміткерлердің басым бөлігі өзінің жеке мүддесін былай қойып, ортақ іс үшін бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеп, өздерінің қоғам үшін қызметін қарқынды жүргізіп келеді. Біз ондай саналы азаматтармымызға алғыс айтамыз. Өйткені халық үшін қызмет көрсететін нағыз патриоттар солар дер едім. Біз бүгін Мәжілістен 20-30 орын аламыз деп меже қоймай, ең бастысы халық сеніміне ие болып, соған адал қызмет етуді мақсат етуіміз керек. «Ақ жол» партиясының бүгінгі күні өз сайлаушылары, мыңдаған қолдаушылары бар екеніне сенімдімін. Өйткені өткен шақырылым депутаттары сайлаушылардың үмітін ақтауға бар күш-жігерін жұмсап, көп жағдайларда сеніміне ие болды. Ал сенім - үлкен күш. Сол сенімге ие бола отырып, Мәжілістегі орнымызды біртіндеп өз еңбегімізбен, халықтың қолдауымен кеңейту қажет. Бір айлық үгіт-насихат науқанының нәтижесінде бірден көп дауыс жинаймыз деу - үлкен қателік. Өкініштісі, бұл науқанды белсенді түрде өткізбесек, бүкіл төрт жылғы жұмысымызды жуып-шайып кетуі де ғажап емес. Сайлауалды үгіт-насихат науқаны бұрынғы атқарып келе жатқан жұмыстарымыздың жалғасы ретінде іске асырылып, халық сеніміне одан әрі ие болу, бұқара алдындағы беделімізді арттыру аса маңызды. Біз сайлауалды науқанды кезектен тыс сайлау жарияланған соң іле-шала бастадық. Енді соның нәтижелі болуына күш жұмсамақпыз. Депутаттыққа үміткерлер тізімін алдымен аймақтарда анықтап, кейін орталықта талқыға салдық. Оның құрамында партияның басшылары, партия қатарындағы өзге де танымал, беделді адамдар бар. Әсіресе ел экономикасын көтеруге үлкен үлес қосып жүрген барлық аймақтардағы түрлі саланың кәсіпкерлері бұрынғыға қарағанда көптеп кіргізілді. Кейбір облыстарда бірқатар тәжірибелі де, сыйлы адамдарымыз өз кандидатурасын ұсынудан бас тартып, өзінің орнына білікті, іскер жалынды жастарды қосқанды жөн көріпті. Жас келсе- іске, демекші, бұл да құптарлық бастама деп есептейміз. Оны жеке басынан бұрын партияның, халықтың мүддесін бірінші кезекте ойлағандық деп түсінгеніміз ләзім. Демек «Ақ жол» партиясының қатарына адамдарымыз жеке басының қамы үшін емес, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға, жаңа демократиялық қоғам құруға келгендігін көрсетеді. Назарларыңызға ұсынған тізімге қарасаңыздар, үміткерлер негізінен әртүрлі әлеуметтік саладан екеніне көз жеткізесіздер. Бұл демократиялық ұстанымдарға сай келетін, партия мүшелерінің тең құқықты екенін аңғартатын құбылыс. Аталған тізім «Ақ жол» партиясының Төралқасында талқыланып, бірауыздан қолдау тапты. 35 үміткерлерден тұратын тізімге қысқаша тоқтала кетсек, оның 24-і кәсіпкерлікпен айналысатын бизнес өкілдері. Алты адам зиялы қауымнан, бес адам партияның басшы органынан. Ұлттық құрамына келетін болсақ 30 қазақ (оның қатарында оралман да бар), орыс, неміс, ингуш, чуваш ұлтының өкілдері де бар. Үміткерлеріміздің орта жасы - 46. Бұл есептен алғанда біздің үміткерлерімізді ең жас партиялықтар деуге болады. Сөз соңында аймақтар ұсынып, өздеріңіз құптаған тізімдегі үміткерлеріміз халқымыздың тарапынан да үлкен қолдау тауып, саяси додада жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Мыңдаған сайлаушыларымыздың артқан үмітін ақтап, Мәжілісте халық мүддесін қорғап, өздерінің белсенділігімен ел сенімінен шығады деп ойлаймын. Ең бастысы, мемлекетіміздің қарыштай дамып, ата-бабаларымыз армандаған Мәңгілік ел болуға, Ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың абыройының асқақтай түсуіне барынша өз үлесімізді қосуға тиіспіз.
"Қазақ үні" газеті
Мақаланың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.