ҚАЗАҒЫМ-АЙ ДЕП ӨТКЕН САҢЛАҚ ЕДІ...
2016 ж. 29 ақпан
4974
2
Халқымыз тағы бір дарынды ұлынан көз жазып қалды. Бірталайға созылған ауыр науқастан ҚР Мәдениет саласының үздігі, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, республикалық деңгейдегі бірқатар өнер байқауының лауреаты, танымал әнші, сазгер Тұрсынғазы Рахым дүние салды.
1951 жылы қазан айында Аягөз қаласында дүниеге келген ол осында мектеп бітірген соң Алматыдағы эстрадалық-цирк колледжін тәмәмдайды. Дүлділ әнші, сұңғыла ұстаз Жүсіпбек Елебековтің ең сүйікті шәкірттерінің бірі болады. Кейіннен «Сәби болғым келеді», «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл» сынды жүзге тарта ән жазып, бүкіл қазақ халқының ардақтысына айналады.
Әсіресе, Тұрсынғазының өзі «Қазағым-ай!» деп қаңқылдай салатын төл туындысы ұлтын сүйген әр ұланның жүрегінен орын алған шығарма екені даусыз. Сондықтан да, болар, Тұрсынғазы дүниеден өткенде Ұлықбектей ақын інілерінің: «Қазағым-ай» – арызың бақұлдасқан. Арман кетті-ау ішіңде оқылмастан. Жердегілер ұқпаса маған кел деп, бәлкім, сені өзіне шақырды аспан... Аспандағы аққудан ән үйреніп, кеттің ұшып қайтадан «сәби болып». Қолындағы қазақтың қыраны едің, қолдан шығып кеткен соң зар иледік» деп қабырға қайыстыруы бекерден бекер емес...
Кейде осындайда тағдыры күрделі халқының келешегіне алаңдап, жан ауыртқан өнерпаз еңбегі лайықты бағасын ала алмай өткендей көрінетіні де жоқ емес. Дегенмен, бір жақсысы, Тұрсынғазыдай аяулы ағаларын көзі тірісінде құрметтеуге талпынған бауырларының әрекеті көңіл жұбатады. Мәселен, ақындар Қазыбек Иса мен Азамат Тасқараұлы былтыр жыл аяғында «Нағыз дарындарды уақытында бағалай білейік!» деп мәселе көтеріп, саңлақ сазгер, әйгілі әнші Тұрсынғазы Рахымды «Қазақ Хандығына 550 жыл» медалімен марапаттауға ұсыныс білдіргені есімізде. Осыны «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қуана қолдады. Сөйтіп, ардақты әнші кеудесіне туған елінің тарихына қатысты бағалы белгіні қадап, бір марқайып еді. Бұл – сазгер өміріндегі ең соңғы да, ең қастерлі де марапат болар...
Алайда, амал не, жалған дүние, өткінші өмір деген осы екен. Қайран Тұрсекең де содан көп ұзамай келместің кемесіне мініп, мәңгілік тұрағына аттанып кетті.
Қош болыңыз, аға! Жатқан жеріңіз жайлы болсын!
«Қазақ үні» газеті.
Соңына өлмейтұғын ән қалдырған...
Бала жастан домбыра ұстап ән шырқағаны өз алдына, Тұрсынғазы аға Семейдегі бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналатын Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрыында он бір жылдай актер болып қызмет атқарған адам еді. Актерлыққа жетелген ұстазым Есмұхан Обаев деп мақтанып отыратын-ды. Композиторлық жолда Теміржан Базарбаевты ұстаз тұтты. Тұрсекеңдер өнерге қанат қаққан тұстағы жағдай белгілі, қысы-жазы бір жарым, екі айлап ел кезіп, гастрольдік сапарларда жүретін көрінеді. Жүк машинасыныңқорабында, трактор сүйретпесінің үстінде, кейде тіпті, ат арбамен жүріп концерт қойған кездерін аса бір жылы сезіммен еске алатын. Сөйтіп,өнердің соншама қиын-қыстау жолдарынан өтіп, өз-өздерін шыңдаған. Қазіргідей Қазақ елінің түкпір-түкпірін ұшақпен барып, тойларда екі ән салып, ақша жинайтын жұлдызсымақтар осы Тұрсекеңдер көрген қиыншылықпен кездессе қайтер еді деп толғанасың. Бұ кісі фонограмма дегенді білмей кеткен адам. Ғұмырын Мұқағали шығармашылығына арнады. Алматыдағы Әбубәкір Қайран сынды ақын інілерімен тығыз байланыста болды. Әлбетте, семейлік ақындармен, оның ішінде кешегі Нұрсұлтан Әлімқұлов, бүгінгі Мұзафар ақындармен деңгейлес Мұрат Қаптағанов сынды арқалы шайырлармен тығыз араласты. Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыка колледжінде ұзақ жылдар еңбек еткен Тұрсекеңнің ұстаздық жолы да бір бөлек. Шәкірттерінің алды елуге келді-ау. Бүгінде көптеген оқушылары Қазақ елінің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Тұрсынғазы Рахым – қазақтың Біржан, Ақан, Ыбырай, Мәди, Естай, Жаяу Мұса, Әсеттерден жеткен сал-серілердің негізінде, ұлттық классикамыздың, дәстүрлі әніміздің негізінде ән шығаратын композиторлардың ішінде XXI ғасырға жеткен жалғыз тұяқ, соңғы могикан еді. Керемет өміршең әндер жазды. Мәселен, «Сәби болғым келеді» мәңгілік ән болып қалды. Бұл әні қаншама фильмдер мен спектакльдерде де басты музыка ретінде қолданылды. «Ақырғы аманат» фильмі, «Ұлым саған айтам», т.б. қойылымдар... Сол секілді «Пай-пай-пай» айғайы ұранға ұласқан «Қазағым-айы» есті тыңдаушының еңсесін тіктеп, рухын асқақтатты. «Ғашықпын», «Дәриға, домбырамды берші маған» әндері қандай, шіркін?! «Нені аңсаймын» әні де нағыз шедевр емес пе! «Мен сені сағынғанда» – тіптен бітімі бөлек ән. Қысқа ғана санаулы ғұмырыңда «Не жақсылық көрсетті адам саған, не жақсылық жасадың адам үшін?…» деп толғанатын адамдық пен кісіліктің толғауындай «Санаулы күн» әні қандай... Тұрсынғазы ағаны сонау 1991 жылдан бері біледі екенмін. Сәбидей таза, пәк жүректі кісі еді.Тұрсынғазы ағамның бір нәрсеге сәл қабақ шытқанын немесе әлдекімге дауыс көтеріп ренжігенін көрмеппіз. Аса кішіпейілдігімен таңырқататын. Мен танымал композитормын, белгілі өнерпазбын деп кеуде көтерген сәті жоқ. Егер қазақ арасында қарапайымдылықпен ұлылық дәрежесіне көтерілген екі адам болса, соның бірі Тұрсекең екені даусыз. Бақұл болыңыз, жан аға! Еркін ШүкіманҚОШ!
«Қазағым-ай!..» дегенде көкірегің қарс айрылып, қабаржып от реңің, құлын даусың Құдайға жеткенменен қайдан ұғам – саңырау, соқыр едім?!. Әнің көкте тұп-тұнық, таза, сырлы, (айырбастай алмайды жез асылды...) Қайран боздақ, қазаңды естігенде, құлағы естіп, еліңнің көзі ашылды!.. «Қазағым-ай!..» - арызың бақұлдасқан, арман кетті-ау ішіңде оқылмастан... «жердегілер ұқпаса маған кел» деп, бәлкім, сені өзіне шақырды аспан? аспандағы аққудан ән үйреніп, кеттің ұшып қайтадан «сәби болып»... қолындағы қазақтың қыраны едің, қолдан шығып кеткен соң зар иледік... Бақұл бол, Тұрсеке! Алаш жұртының азасына ортақтасып, қайғырып көңіл айтамын! Ұлықбек ЕсдәулетҚОШ, ТҰРСЫНҒАЗЫ!
Көк те – өлең, Көк түгілі, Көмейде—өлең, Қазаққа көктен келіп, не дейді өлең? Қаздай боп қаңқылдаған Тұрсынғазы, Қонды ғой бір құрлыққа Семей деген. Алашқа ақ құшағын ашқанда өлең, «Қозы Көрпеш-Баян» дейтін дастанменен,— Аруақ Аягөзден алып ұшып, Көгілдір көлден келді Аспан деген! Жер емес, Аспан деген —ғажап тұрақ, Алладан бізден де көп наз ап тұрад: Қаздай боп қаңқылдаған сол боздағын, Жаздай боп… Қарсы алды ма қазақ, бірақ? Серік Ақсұңқарұлы