6 жасар баланы ұрлап кеткен күдіктінің бұған дейін де осындай қылмысқа барғаны анықталды
2016 ж. 24 ақпан
2410
0
Оңтүстік Қазақстанда Мұхаммед Қамшыбекті ұрлаған әйел осыған дейін де бала ұрлаумен айналысқанын мойындады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОҚО ІІД өкілдеріне сілтеме жасап.
"Кеше Арыс қаласының тұрғындары хабарласып, бала мен әйелдің қай жерде екенін айтты. Үйде баланы таптық, ол тірі, аман-есен. 1956 жылғы әйел де сонда ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстың себебі анықталып жатыр. Оның тағы бір қызы мен бір баласы бар болып шықты. Осындай ауыр қылмысты жасауының себебін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Біз Мұхаммед Қамшыбектің жоғалуы жайлы мәлімет таратқан барлық тілшіге алғыс айтамыз. Соның арқасында баланы таптық. Бұған дейін бала мен әйел таныс болмапты. Әйел баланы ұрлап әкеткеннен кейін ғана оның есімінің Мұхаммед екенін білген", - деді брифингте ІІД өкілдері.
Ал 2013 жылы 9 қазанда мектепте оқитын бір қыз жоғалған. Ол табылған еді, бірақ қылмыс ашылмаған болатын. Ұсталған әйел Өмірәлі Нұрайды да ұрлағанын мойындады.
Оңтүстік Қазақстанда жоғалған алты жасар Мұхаммед Қамшыбек Арыс қаласында 23 ақпанда табылды. Баланың анасы Жанна Ағабекованың айтуынша, баланың жағдайы жақсы. "Қазіргі жағдайымды айтып жеткізе алмаймын. Барлығыңызға зор алғыс. Барлығы біз үшін уайымдады. Барлығына алғыс айтқым келеді", - деді ол.
ІІД өкілдері баламен бірге 1956 жылғы әйелдің табылғанын хабарлады, ол Арыс қаласының тумасы, оның түр-кескіні жасалған фотороботқа сәйкес келеді екен. Ол ұсталып, қазіргі уақытта "Адам ұрлау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полицейлер баланы 23 ақпанда кешкі уақытта тапқанын хабарлады.
Баланың анасы Жанна Ағабекованың айтуынша, бала аман-есен, қазіргі уақытта олар Шымкентке қарай жол жүріп бара жатыр. "Оның жағдайы жақсы. Оның денсаулығы жақсы екені хабарланды. Оны сол әйелмен бірге тауып алыпты", - деді Жанна Ағабекова.
Еске салайық, Мұхаммед Қамшыбек 20 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен еді. Баланы Амангелді ауылындағы мектептен үйіне қарай кетіп бара жатқан жерінен алып кеткен. Осыдан кейін оны ешкім де көрмеген. Куәгерлер оны 50-55 жас шамасындағы әйелдің алып кеткенін айтып берген еді. Полицейлер оның фотороботын жасады.
Дерек көзі:tengrinews.kz