«КӘРІ ҚҰДАМЫЗДЫ» ҚАШАН ДҰРЫС ҚАРСЫ АЛАМЫЗ?
2016 ж. 15 ақпан
3653
15
ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА КӨПТЕГЕН ҚАЛАЛАРЫМЫЗ ДАЙЫН БОЛМАЙ ШЫҚТЫ
Халыққа қашанда үлкен сын болып келген қыс маусымы да аяқталуға жақын. Еліміздің оңтүстік аймақтарынан басқа бөліктерінде ауа райы боранды болып, биылғы қыс қазақстандықтарға әдеттегідей көптеген әбігершілік әкелді. Өйткені көптеген қалаларымыз бен елдімекендеріміз Абай атамыз айтқандай «кәрі құдамызды» лайықты қарсы алуға дайын болмады.
Қалың қардың астында қалып, орталықпен байланысы апталап үзілген ауылдарды айтпаған күннің өзінде, көптеген қалаларымыз да мазасыз маусымды басынан өткеруде. Тұрақты тазаланбайтын жолдарда қар құрсауында қалған көліктер мен адамдарды құтқаруға қаншама күш жұмсалды. Батыстағы ең алып қаламыз Ақтөбенің қақ ортасында су құбыры жарылып ондаған үйлерді қақаған қыста су басты. Астықты алқаптың төріндегі Қостанай қаласында да дәп осындай себеппен 30-40 шақты көпқабатты үйлердің тұрғындары бір жұмадай тіршілік нәрінен қағылып, мектеп, аурухана, балабақшалар да сусыз қалды. Әбден ескірген құбырларды жамаудың өзі қиынға соқты. Бұл еліміздің көптеген қалаларында жылда тұрақты түрде қайталанатын көрініс. Ондай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Жергілікті шенеуніктер «Бұйыртса, осы қыстан аман шықсақ, келесі жылы қатырамыз!» деп уәде бергенмен, жаз шығып жайланған соң оның бәрін ұмытып кетеді. Атақты мысалшы Крыловтың Абай атамыз қазақшаға аударған кейіпкері шегірткедей ала жаздай ыршып жүріп ән салып, қыстың қалай келіп қалғанын аңғармайтын сияқты біздің жергілікті жердегі басшылар. Сосын қыста бүрсеңдеуді бастайды. Жоқ, шырылдайтын шегіртке-шенеуніктер емес, қатардағы қарапайым халық көреді бар қиындықты. Шегірткедей шерменде күйге түсіп шырылдап қалғандарды қыста құтқара қоятын қамқор құмырсқа қайдан табылсын? Ауызсумен, жылумен қарық қылуға тиісті кәсіпорындардан пайда шамалы. Олар «қызметі» үшін бағаны өсіріп, халыққа қол жаюдан басқа ештеңені білмейді. Ақшаны дер кезінде төлемегендердің жарығын өшіріп, суын тоқтатып, сотқа сүйреуге келгенде «қызметтің» көкесін көрсетеді. Мысалы, Қарағандыдағы Саран қаласының жұрты «Төрт жылдан бері жоқ жылуға ақша төлеп келеміз» деп шулап жатыр. Баспанасында бүрсеңдегендер он градустан жоғарыламайтын температураға айына жиырма бес мың теңге төлейді. Бірақ, заң бойынша қайта есептеу жүргізуге тиісті биліктегілер мен қалта қамын ойлаған кәсіпкерлер халықтың қаржысын қайтаруға құлықсыз. Міне, біздің қысқы маусымға деген дайындығымыз! Басқаны қойып, бюджет қоржынының бүйірі ортаймайтын Алматы қаласының да шекесі қызып тұрғаны шамалы. Жыл сайын ауыстыруға миллиардтаған қаржы бөлсе де ескі құбырлары атылып, көшелерде қолдан жасалған субұрқақтарды тамашалаумен келеді тұрғындары. Оңтүстік астанада биыл қыс жайлы болды. Қыс бойы бір-ақ рет жақында болған суық пен жауған қалың қардың өзі Алматыны есінен тандырып тастады. Көшедегі қалың қарды дер кезінде тазалауға осыған міндетті мекемелердің шамасы жетпеді. Тайғақ жолда жүздеген жол апаттары орын алып жүргізушілер шығынға батты. Тұз аралас арнайы құраманы тек көше қиылысына ғана төгіп ақша үнемдеген кәсіпорындардың ол шығынмен жұмысы жоқ. Әділіне келгенде шығынның бәрін сол кәсіпорындардың мойнына ілу керек еді. Олардың жұмысын қадағалап, көше тазалығын үнемі бақылауда ұстайтын билікті көрмедік. Жол бойында тәртіп сақтауға тиісті шенділер айыппұл жинаумен әлек. Өйткені «жоспар» орындау керек. Ал онсыз да тар көшедегі қозғалысқа кедергі жасаған, жол шетін жаулап алып, қозғалтқыш майын сатушыларды көздері көрмейді. Әлде оның бәрі өздері ашқан бизнестің бір түрі ме? Олай болса әңгіме басқа... Жыл сайын бізде жаз шыға қысқа дайындық басталады. Қара күзге таман жер-жерлерден бұрқырап есептер келіп түсіп жатады. Сол есептерге қарасақ қалаларымыз қысқа сақадай сай боп тұрады. Ал қыс басталғанда тағы да жылдағы көрініс қайталанады. Сонда біздің басшылар кімді алдап жатыр?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті