Әблязов елге оралуы мүмкін
2016 ж. 08 ақпан
2963
0
Франция Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтарып беруі мүмкін. Ол үшін еліміздің Бас прокуратурасы бір топ сарапшыны Парижге жібермек.
Отандық прокурорлар қашқын банкирді экстрадициялауға қатысты екіжақты келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
"Үлкен жұмыстар атқарылуда. Жақын күндері сарапшыларды Парижге жібереміз. Біздің мамандар екі ел арасындағы үш келісім бойынша жұмыс істеуі тиіс. Әзірге Франция қарсылық білдірген жоқ, келісім беруі керек", - деді Бас прокурордың орынбасары Иоганн Меркель.
Астана мен Париж құқықтық көмек, экстрадиция және сотталған азаматтар жазасын елде өтеу үшін қайтару сынды үш мәселені талқылайды. Өйткені қазір екі ел арасында мұндай келісім жоқ.
Сондықтан, Франция соты Мұхтар Әблязовты Ресейге қайтарып беру туралы шешім шығарған еді. Ал қашқын банкирді Мәскеуден өзге Қазақстан мен Украина да экстрадициялуға өтініш білдіріп отыр.
Экс-банкирге үш мемлекеттің де құқық қорғаушылары «алаяқтықпен айналысты, жалған құжат жасады, қыруар қаржы жымқырды» деген айыптар тағып отыр.
Дереккөз: КТК арнасы