Алып қашқан келіншегін жүкті болған кезінде үйінен қуып шыққандар бар...
2016 ж. 05 ақпан
4095
2
Тағдырдың дағдарысына ұшырап, аналар үйін мекендеген жас қыздардың дені басқа азаматпен жаңа өмірді бастап та жіберген. Оң жақта отырып, босанып алған қыздар жігіттерге сенбеу керектігін айтса да, өздері басқа жігіттермен танысып үлгерген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбедегі аналар үйінде қазір баласын құшақтаған өрімдей 18 бойжеткен тұрып жатыр. Олар бұл орталықта тек бір жыл тұрақтай алады. Тастанды балалардың тағдырына алаңдаған кәсіпкер қамқорлығы көпке үлгі боларлықтай. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында 2014 жылы Ақтөбе қаласында ашылған аналар үйінен елуден аса ана көмек алған. «Қазір бізде 18 ана сәбиімен тұрып жатыр. Біреуі босануға кетті, аяғы ауыр бір қызымыз бар. Егіз баласымен отырған жас қыз да бар. Аналардың әлеуметтік өмірге бейімделіп кетуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бұл жобаның негізгі мақсаты қоғамдағы тастанды бала түсінігін азайту болатын. 17 қалада осындай 27 орталық жұмыс жасап тұр. Қазақстан бойынша мыңнан аса әйелге көмек көрсетілді», - дейді аналар үйінің директоры Таңсұлу Лакова. Тағдырлас қыздар бір үйдің отбасындай балаларын жұбатып, бір-біріне көмек көрсетіп жүр. Тамақтарын кезекпен өздері жасайды. Тамақ пісіруді білмейтін қыздар тәжірибесі барлардан үйренеді екен. Жеміс-жидегі алдында. Тәттілерді қыздардың өздері пісіріп алады. Аналар үйінің жұмыс жасайтынына алғыс айтқан қыздар өз тағдырлары туралы да айтып кетті. «Мен 22 жастамын, балалар үйінде тәрбиелендім. Қалаға жұмыс жасауға келгенімде Ембі қаласының бір жігітімен таныстым. Ол қарым - қатынасымыздың ойыншық емес екенін айтып, отбасымен таныстырды. Біз жақындасып кеттік. Аяғым ауыр болған кезде ол «бұл менің балам емес» деп хабарласпай қалды. Тағдырдың сынағы шығар. Өзім балалар үйінде тәрбиеленгенде отбасымның болғанын армандайтынмын. Тұрмысқа шыққанда балаларым ата-анасының қасында болады деп жүрдім. Олай болмады, баламды құшақтап жалғыз қалдым. Жігіттерге көп сенбеу керек. Алдымен тұрмысқа шығу керек. Мен баламның әкесі отыздан асқан жігіт болғасын сеніп қалдым. Ал, ол жауапсыз махаббат болды. Қазір бір жігіт келіп жүр. Әлеуметтік желіде таныстық, мүмкін бағым да ашылар», - дейді Ирина Ұлмағанбетова. Аналар үйін мекен еткендер арасында отбасын құрған бойжеткендер де бар. «25 жастамын, 19 жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасыммен түсініспестік көп болып, екі баламмен ажырасып кеттік. Балаларымды ертіп, ата-анама бардым. Екі жылдай уақыт өткенде бір жігітпен таныстым. Ұнады, бірге болдық, сосын жүкті болып қалдым. Бірақ жігітім отбасын құруға дайын емес болып шықты. Себебі, екі баласы бар қызбен кез-келген адам бірге болуға тәуекелге бара бермейді. Мен оған қысым көрсетпей, уақыт бердім. Ол біреудің жалғыз баласы. Жүктілік кезінде жұмысымнан айрылып, пәтер ақысын төлей алмай қалдым. Ішімдегі бала алты айға толды. Түсік жасатуға барғанымда, дәрігерлер түсік жасатудың кеш екенін түсіндірді. Қазір осы үйде тұрып жатырмын. Жігітім келіп тұрады. Баласын көруге киіндіріп алып шығамын. Ол мен бұл үйден шыққан кезімде бірге болатынын айтты. Алдымен жағдайды отбасына түсіндірмек, егер олар қарсы болса, менің балаларыммен пәтерге шығатынын айтты», - дейді Мира есімді келіншек. Ал аналар үйінде тұратын Амангүлдің тағдыры мүлде бөлек. Алып қашқан жігіті келіншегі жүкті болған кезінде үйінен қуып шыққан. «24 жастамын, мұғалім болып қызмет еттім. Бір жыл бұрын жүріп жүрген жігітім алып қашты. Той жасаймыз деп жүрген кезде бойыма бала бітті. Бар қиындық сол кезде басталды. Жолдасым азарт ойынға салынып кетті, той болған жоқ. Қайным шатылып, отбасында ақшаның жетіспеушілігінен ұрыс керіс көбейді. «Сен қайдан келдің?» деп мені түртпектей бастады. Ішімдегі бала жеті айдан асқанда қолыма киімдерімді ұстатып далаға қуып шықты. Қазір күліп айтып отырмын. Бірақ, сол күнді әлі ұмытпаймын. Үшінші ақпан болатын, қыстың күні далада жеті айлық баламмен жылап жүрдім. Таңнан кешке дейін көшеде жүріп, полиция бөлімшесіне барып көмек сұрадым. Олар аналар үйінің бар екенін айтып, осында әкелді. Мен өз үйіме қайтып бара алмадым. Анам 12 жасымда қайтқан, 70 жастан асқан әкемнің алдына ішімді шермитіп бару қиын болды. Ішімдегі періштемнің тілегі шығар осы үйге тап болдым. Сол кезде басыма баспана берсе біреудің құлы болуға дайын едім. Қазір бойымды тіктеп отырған кезде тек шүкіршілік айтам. Өзім баламды қыздарға тастап, ақшасына біреудің үйін жинап, баласын бағып жүрмін. Ертең баламмен бұл үйден шыққан кезде тағы жылап қалмас үшін әрекет етіп жатырмын. Бұл жердегі менің жағдайымнан әкем хабарсыз, апаларыма ғана хабар бердім. Қызым Қарақатқа он ай толды. Менің әкем өте еңбоққар адам болатын. 12 баланы өзі жеткізді. Қатарымыздан қалмаса екен деп, өзі жемегенін, кимегенін бізге кигізді. Осылай өсірген әкемді мына жасқа келгенде жерге қаратқым келмейді. Мен таңдаған азамат та әкемдей болады деп армандайтынмын, бірақ, өмір мен қалағандай бола бермейді екен», - деді Амангүл есімді қыз жанарына келген жасты жасырып. Аналар үйіндегі қыздардың тағдыры әртүрлі. Бірақ көрсетіліп жатқан қамқорлықпен үміттерін жалғап отыр. «Жобаның авторы астаналық азамат Айдын Жұмаділов. Ол барлық кәсіпкерлерді осы жоба аясында сауапты іс атқаруға шақырды. Ақтөбедегі аналар үйін қаржыландыру міндетін Исламбек Салжанов мойнына алған. Айына миллионнан аса қаржы жұмсап, барлық қажеттілігімізді өтеп отыр. Болашақта осы жерден тігін шеберханасын ашу жоспарланып отыр. Қыздарды тігін тігуге үйрету арқылы тапсырыс қабылдайтын боламыз. Барар жері басар тауы жоқ қыздар осы жерде жатып, ертеңгі күндеріне аздап қаржы жинап алғанын қалаймыз», - дейді орталық директоры. Орталықта балаларға тегін жөргектер беріледі. Қыздар жалқауланып кетпеу үшін екі жөргектен артық берілмейді. Қалған кезде жаялықты өздері жуып алады екен. «Баратын жері болмай, баласынан бас тартып жатқан қыздармен жұмыс жасаймыз. Осында орналасқаннан кейін ойынан қайтып, алғыс айтып жатады. Бізге қала түрғындары да көп көмектеседі. Қыздар келгенде үстіріндегі бір киіммен келеді. Халық хабарласып, аналарға да балаларға да киім әкеліп беріп жатады. Адамдардың осындай қамқорлық танытып жатқанын көріп жүрегің елжірейді. Ақтөбеде мейірімді адамдар көп», - дейді орталық директоры. Дереккөз: Nur.kz