Сексеннің сеңгіріндегі әзіл
2016 ж. 02 ақпан
7218
14
«Елу жыл бip әйелмен тұру не деген азап...»
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Театр және кино саласының саңлағы Сәбит Оразбаев 80 жасқа толды. Өмірінің елу сегіз жылын сахнада өткізген өнер қайраткері сол киелі сахнаға әлі де адал.
Майталман өнерпаздың көпшілікке беймәлім бір қыры – қаламгерлігі. Оның жазбалары бүгінге дейін тартымды екі-үш томға жүк болып үлгеріпті. Көрген-білгені мол, ойшыл актердің «жатыпатарлығы», өткір әзілқойлығы тәнті етеді. Оқырман назарына сол дүниелердің бір үздігі ұсынылып отыр.
«Бәйбіше – Құдайдың бұйрығы, тоқал – иттің құйрығы»
Егеменді ел болғаннан кейін айтылатын да, көтеретін де меселе көп қой. Тоқал алу көп адамның ойында жүрген шаруа еді. Қазаққа етене жақын мәселе бұл. Тоқал туралы әңгіме Парламенттің отырысында да сөз болады. Парламент ақсақалдарының бірі Қаратай Тұрысовтан осы мәселе туралы пікірін сұрапты. Ол: «Тоқал алу жақсы ғой, бірақ менің онымен айналысуға уақытым жоқ, ерінемін, жастар болмаса», – дейді. Жас депутаттан сұраған екен: «Үйдегі бәледен құтыла алмай отырғанда екіншісін неғыламын», – депті. Еркектер осылай әрі-сәрі болып отырғанда бір әйел депутат шап ете қалыпты: – Егерде еркектер тоқал алатын болса, әйелдерде де кем дегенде екі бай болу керек, – дейді. Мәжілісті жүргізіп отырған төраға шошып кетіпті. Сосын «бұл мәселе әлі піспеген екен, кейінге қалдырайық» деп жылы жауып қоя салыпты. Бірақ, Құдайға шүкір, оған қарап жатқан ешкім жоқ, екі әйел, үш әйел алып жатқандар бар ғой. Олар да өсіп-өніп жатыр. Бір бабамыздың қырық әйелі болыпты. Сол кісі кейінгілерге «Әйелдердің бәрі бірдей, тек қылығы бөлек, еркектердің де барлығы бірдей, ұрымы бөлек» деп айтып кетіпті. Осыны мен жастарға айтсам: «Ой, аға, олай демеңізші, біз әр әйел әртүрлі деп мәз болып жүрміз ғой», – дейді. Сол бабамыздың «Бәйбіше – Құдайдың бұйрығы, тоқал – иттің құйрығы» деген де сөзі бар екен.
«Елу жыл бip әйелмен тұру не деген азап...»
Қалтай Мұхамеджанов ағамыз «креслоға отырғызып қойып, екі сағат сені мақтағанда, Құдай-ай, соған шыдап отырудың өзі бір батырлық» деуші еді. Мен 75 жасқа толып, салтанатты жиын өткенде ел-жұрт шығып Оразбаевтың жасаған рөлдерін, шеберлігін айтып жатты. Бір кезде бірге оқыған досым Acaнәлi шықты мінбеге. – Бәрің мақтадыңдар Оразбаевты, ал енді мен кемшілігін айтайын, – деді. Жұрт елең ете қалды. – Бұл кісі елу жылдан бepi театр сахнасында қызмет жасап келе жатыр. Қанша сұлуларды құшақтады, құшты. Қаншасыменен сүйісті. Мұның кемшілігі, сонша сұлулармен біргe жүріп, бірге oйнaп-күліп, осы уақытқа дейін бір-ақ әйелмен өмір сүріп келе жатқандығы. Не деген азап. Мұның бар айтатыны, «әйелдердің бәрі бірдей... немесе тоқал иттің құйрығы» деп келетін әлгі бабасының пәлсапасы. Оразбаев сол «иттің құйрығынан» қорқатын болу керек, – деді. Жұрт қыран-топан күліп жатыр. Ауылда тұратын Мергенбай деген ағамыз бар-тын. Бір боранды күні үстіне тонын, басына тұмағын басып киіп есігінің алдында отыр екен. Өтіп бара жатқан ағайындас Дәурен деген інішегі: – Оу, аға, мұныңыз не, боранның астында отырғаныңыз, суықтап ауырып қаларсыз, үйіңізге кірмейсіз бе? – дейді. Сөйтсе қария: – Әй, шырағым-ай, үйдегі боран бұдан да сұмдық. Осы жерім дұрыс одан да, – дейді. – Е, не болды өз үйіңізден безіп? – Ойбай, несін сұрайсың. Бәйбіше мен тоқал қырылысып жатыр. – Жүріңіз, ажыратайық онда. – Жоқ, қажет емес. Ұрысып-жұлысып, әбден айыздары қансын. «Сіңлімді ал» деп тоқалды өзі ғой әперген. Бірақ, араларында анда-санда осындай дау-дамай болып қалады.Тоқал ұл туып, бәйбіше қыз туып жатыр. Ұл тапқанның желігі болады. Соған бәйбіше шыдамай, «тәрбиелеп» жатыр, – дейді. Miнe, eкі әйел бар жерде мұндай жағдайлар болады. «Екі сиыр айран, екі әйел ойран» деген ғой қайран қазекем. Соған қарамастан, қазекем ұрпақ көбейту үшін осындай азапқа барған ғой. Егер бipiн-бipi шын ұнатып, сүйетін болса, неге тоқал алмасқа деген пікірлер де бар. Баяғыда Жұмекен деген молда екі қатыны барларға «сендерге көп нәрсе тілемеймін, екі қатының тату болсын» дейді екен.
«Қызыңды ұрайын, өте сымбатты адам екен...»
Шахан Мусин өмірден қартайып өтті. Театр алыптарының бірі еді. Шәкен Аймановтан кейін Ақан серінің рөлін сомдаған осы кісі болатын. Сырымды да ойнады. Өзі әсем, жүріс-тұрысы ширақ, түрі де сал-серілерге ұқсайтын. Қайсар жан еді. Бір шумақ өлең үшін он жеті жылға сотталыпты. Ең азапты жерде жұмыс істепті. Өзі біздің театрға Семей театрынан ауысқан көрінеді. Екі ортада балалар театрында жұмыс істепті. Қасым Тоғұзақов деген ақын болды. Бұл кісі де халық жауы атаныпты. Қасым аға біздің театрдың әдебиет бөлімін басқарды.
Бірде Башқұртстан мен Татарстанға гастрольге бардық. Сонда Қасым Тоғұзақов былай деді: «Мәскеуде Жамбыл Жабаев декада кезінде Сталиннің қабылдауында болады. Шыққан соң Жамбыл: «Қызыңды ұрайын, өте сымбатты адам екен» депті. «Ойбай, олай деме» деп біз үрейленіп қалдық. Сонда да қоймай Жәкең әлгі сөзін тағы да бip рет қайталады». Осы Башқұртстанда шәй ішіп отырғанда Шахан мен Қасым Тоғұзақов екеуі қатты тілге келіп қалды. Бұрын екеуі бір-бірінің үстінен жоғары жаққа көрсетіп жіберген болса керек. Екеуінің айқай-ұйқайынан ұққаным сол болды. Ол кезде қиын жағдай болған ғой. Eкi-үш адам куә болып, бір адамға жала жапса, соттай беретін болған. Камал аға айтып еді. Опера театрының әртісі, атын ұмытып қалдым, соғыстан келіп, үй ішімен шәй ішіп отырады. Содан біреу «Heмістер қандай екен?» деп сұрайды. «Ой, немістер сұмдық екен. Олардың ат қорасы біздің үйімізден жақсы» депті. Сол бipауыз cөзі үшін он алты жылға сотталып кетіпті. Ал қазір бізде ше? Еркіндік деген осы деп аузына келгенін айтады. Үлкенді құрметтеу деген жоқ. Осы сөзім қалай болар екен демейді де. Тілінің ұшына не келсе, соны сыртқа шығара салады. Heбір көбік ауыздар бар қазір. Әрине, ол заманның бетін аулақ қылсын. Дегенмен, тым ашықауыздық та дұрыс емес.
«Уақытысында келмеген өзіңнен көр...»
Ыдырыс Ноғайбаев театрда бәрімізден бұрын мәшине сатып алды. «Москвич». Мәшинесін күнде жуады. Сосын сүртеді, айнадай тап-таза етіп қояды. Бір күні мәшинесін жуып жатқан еді, арғы жағында Фарида келе жатыр, бергі жағынан Әзірбайжан Мәмбетов: – Фарида, Ыдырыс саған енді қарамайды. Сенен гөрі ол мәшинесін жақсы көреді. Күнде жуады да жатады. Саған осының көмегі тие ме? Заттарыңды таси ма? – деді. Фарида: – Ой, оның көмегі бар болсын, аман-есен жүрсе болды да, – деді де, театрға кіpiп кетті. Спектакль біткен соң Сәбира Майқанова мен өзінің Фаридасын мінгізіп алып үйіне қайтады. Күндегі дағдысы сол.
Ыдырыстың мінезі біртүрлі еді. Үндемей-үндемей тұратын да, бірден морт кететін және алған бетінен қайтпайтын. Фариданы кейде базарға, дүкендерге апарады екен. Өзі мәшинеде қалып: «Жарты сағат уақыт берем, керегіңнің бәрін алып кел, бір минут кешіксең кетіп қалам», – дейді екен. Фарида байғұс базардан керек-жарағының бәрін алып, артынып-тартынып мәшинеге енді жете бергенде Ыдырыс газды басып жүріп кетеді екен. Сонда Фариданың келе жатқанын көріп тұрады, бірақ тоқтамайды. Үйге келгесін айтатын сылтауы – «уақтысында келмеген өзіңнен көр». Адам мінезі деген қызық қой...
«Аққұм» дейтін қазақтың ғажайып әні бар
Өткен ғасырдың ортасында республикамызды Нұртас Оңдасынов деген мықты қазақ басқарды. Мүмкіндігінше халықтың қамын ойлап, қолдан келгенше елге жақсылық жасаған азамат екен. Мен өзім Нұртас Оңдасыновты екі рет көрдім. Алғашқысында мұнайшылар шипажайында ұшырастым. Ол үлкен де беделді демалыс әpi емдеу орны болатын. Оған кім болса соның қолы жете бермейтін. Бағымызға, Сафи Өтебаев деген менің қайынатам «Қазмұнайгаз» бірлестігінде бастық болды. Сол кісінің арқасында бізге мүмкіндік туып, осы шипажайға демалуға бардық. Шипажайдың дәлізінде бip фортепиано тұр екен. Барып отырдым да, қазақтың халық әндерін шетінен орындай бастадым. Бip кезде «Аққұмды» тарттым. «Аққұмның бip қызы бар Іңкәр атты», – деп әуенге қосылып ыңылдап отыр едім, жасы біразға келген, иығына үлкен орамал жамылған қараторы бip кісі жаныма келді. Жүзі таныс сияқты. – Әй, бала, қайдан келдің? – деді. – Алматыдан. – Імм... Сен жаңағы тартып отырған әннің кімдікі екенін білесің бе? – Білемін, халық әні. – Жоқ, ол халық әні емес. Түбінде бip айтылады, сонда кімнің әні екенін білесің, – деді де қойды. Ол кісі тыңдап отырды, мен әpi қарай тарта бердім. «Ек жиренді» тарттым, халық әндерінің біpaзын ойнадым. Мен болғанша қасымда болды да, сосын: «Ой, шіркін, заман-ай!» – деп күрсінді де, дәлізді бойлап жүріп кетті. Сол кезде бұл кісі Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Ал мен орындаған «Аққұм» әні Ахмет Байтұрсыновтікі болып шықты.
«Ойпырмай, қазақша сөйлеп, жаным кіріп қалды ғой...»
Екінші кездесуім Мәскеуде болды. Біз Москваға қазақ өнерінің онкүндігіне баратын болдық. Маған Сафи ағам сәлемдеме беріп: «Мынаны пәлен деген кісіге тапсырасың. Барған соң хабарлассаң, біреу келіп алып кетеді» – деді. Телефонын жазып берді. «Бұл заттарға сақ бол, мұның ішінде құнды дүниелер бар» – деп ескертті. Мәскеуге барған соң біздің әртістер «Мәскеу» қонақүйіне, ал мен тағы біраз кісілермен «Орталық» қонақүйіне орналастым. Әбден орнығып алған соң телефон coғып, қайдан келгенімді, аты-жөнімді, сәлемдеме алып келгенімді айттым. Нұртас аға: – Әй, балам, сен біздің үйге келсең қайтеді?! Біз «Мәскеу» әмбебап дүкенінің нақ қасында тұрамыз, – деп мекенжайын айтты. Мен Мәскеуді онша жақсы білмейтін едім, дегенмен, әлгі кісінің айтуы бойынша тауып бардым. Алтыншы қабатта тұрады екен. Eciкті ағайдың өзі ашты. Әйелі басқа ұлттың өкілі екен, мен әкелген сәлемдемені алды да, қызы екеуі асүйге кіріп кетті. Нұртас аға мені өз жұмыс бөлмесіне алып барды. Бipдeңeлepдi жазып жатыр екен. Жазуы өте әдемі. Мәшіңкеге басқаннан да сұлу болып көрінді, маржандай тізіліп тұр. Менімен дұрыстап танысты. Бip кезде бетіме қарап тұрып: – Әй, балам, мен сені бір жерден көрген сияқтымын ғой? – деді. – Көрдіңіз, – дедім. – Сен мені танисың ба? – Ойбай-ау, неге танымайын? Ciз Қазақстан Үкіметін басқардыңыз, Қаз КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болдыңыз. Сізді халық жақсы көреді. Әуезов театрындағы көптеген әріптестерге үй беріпсіз. Олар сіздің есіміңізді мақтанышпен айтып отырады, – дедім. – Қандай спектакльдер әкелдіңдер? «Еңлік – Кебек», тағы да басқа әкелген спектакльдерді атап шықтым. – Сенің басшыларың мені білмейді-ау, әйтпесе маған шақырту жіберетін еді ғой, – деді бipтүрлі мұңайғандай болып. – Барғаннан соң айтамын... Кейін білдім, ағайдың бepiп жібергені екі банкі қара уылдырық екен. Осылайша Нұртас Оңдасынов ағамен екі рет кездесудің сәті түсті. Біраз әңгімелестік. Кетерде: – Ойпырмай, қазақша сөйлесіп, жаным кіріп қалды ғой, балам, көп жаса! – деді. Сөзге барынша шешен адам екен. Ойлары да, қоғамға көзқарасы да мықты. Қазақтың небір мақал-мәтелін сөз арасына қыстырып айтып отырды. Сонымен қатар, араб тілін де жақсы меңгеріпті. Ол уақытта мұсылмандыққа еркіндік жоқ. Қазақ есімдерінің көбі араб тілінен ауысқанын әңгiмeлeдi. Мысалы, «Сафи» сөзінің түп-төркіні арабтан келгендігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Осы жөнінде еңбек жазып жатқанын да айтты. Сөйтіп маған бір кітабын тарту eттi. Кейін ол кісі анда-санда елге келіп жүрді. Кездесіп қалған жерде мені баласындай бауырына басып амандасатын. Түркістанның төңірегінде туылған екен. Бip келгенде Түркістаннан өзі туып-өскен ауылына дейін асфальт жол салғызып беріпті. Қазақстандағы жора-жолдастары көмектессе керек.
Мүкең босоножкамен келген күні қар жауды
Мүлік Сүртібаев ағамыз бip күні жұмысқа ақ көйлек пен ақ шалбар киіп келіпті. Аяғында – жеңіл аяқ киім (босоножка). Мамыр айы болатын. Оны біз аңғармаппыз. Соны білдіру үшін Мүкең: – Осы сендердің аяқтарың ысып, терлемей ме? – деді. Сол кезде барып оның аяқ киіміне назар аудардық. – О-о, Мүке, босоножкаңыз құтты болсын! Сәл ертерек емес пе? – дедік жамыраса. – Неге ерте болсын, қазір енді мамыр айы болды ғой, – деп жатыр. Бәріміз ол кісінің сәнді киімін мақтап отырған кезімізде қар жауды да кетті. Алматының ауа райы осындай құбылмалы ғой, сәт сайын өзгеріп тұрады. Содан да болу керек, синоптиктердің өзі Алматының ауа райын дөп басып айта алмай жүргені. – О, тоба-ай, тура мен босоножка киген күні қар жауғаны несі, – деп Мүкең кәдімгідей ренжіп қалды.
«Киімім жақсы да, өзім сұмырай болғаным ба?..»
Тағы бірде Мүлік ағамыз ақ көйлек пен ақ шалбар киіп келді. Жұмабай Медетбаев: – Ойпырмай, Мүке, құлпырып кетіпсіз ғой. «Адам көркі – шүберек» деген рас-ау. Мүкең, тіпті, басқа адамға ұқсап кетті, – деп еді, Мүкең шарт кетті: – Немене, үстімдегі киімім жақсы да, мен өзім сұмырай болғаным ба, ол не дегенің?! – деді ашуланып. – Мүке, сабыр, сабыр. Ciз туралы әлі сөз болған жоқ. Мен шүберек туралы, шүберектің адамға көрік беретіні жөнінде айтып отырмын, – деді ол байыппен. Бірақ әңгіменің төркінін түсінген Мүкең: – Көрдің бе бұларды, «адам көркі – шүберек, адам көркі – шүберек» деп, шүберектің ішіндегі мені кемсітіп отырсыңдар ғой, – деп біразға дейін өзімен-өзі күбірлеп отырды.
Ильичевті таңқалдырған Асекең
Асекеңнің (Асқар Тоқпанов) Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығында сөйлеген таспадағы cөзі менде сақтаулы. Сонда айтады: «Жолда келе жатсам, бойы биік, қызыл түлкі тұмағы бар; аяғында саптама етік, зор кіci келе жатты. Алдынан шығып: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем бердім. Сәлемімді алмады. Ана жағына, мына жағына шығып қарадым да: «Оу, ақсақал, байқаймын, нағыз қазақы адам сияқтысыз. Арқаның адамына ұқсайсыз. Неге сәлемімді алмайсыз?» – деп сұрадым. «Әй, шырағым, білесің бе, бәйтерек ағашы көкке жетсем, көктен әpi Құдайға жетсем» деп өсе береді. Жеміс беретін ағаш көкке емес, жан-жағына таралып өседі. Менің осында тұратын баламның үйіне келгеніме он күн болды. Бip адам сәлемдеспейді, не сәлемімді алмайды. Сосын осы жердің заңы солай екен ғой деп амандасуды мен де қойдым» депті. Тоқпанов – қазақтың дәстүрін сахнада да жақсы білген, өмірде де қатаң сақтаған адам. Сөзге шешен, тарихқа көсем адам еді. КОКП Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ильичев, менің естуімше, еврей көрінеді. Соның өзін таңқалдырған ғой біздің Асекең.
«Мен әлі күшімдемін...»
Асқар Тоқпанов үстінен арыз түсіп, жұмыстан босап қалған соң, Мәскеуге, КОКП Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ильичевтің алдына барады. Біз сол кезде гастрольмен Мәскеуде жүргенбіз. Қызыл алаңда кездесіп қалдық. Ана жақтан құшағын жайып «Сәбитім, Сәбитжаным» деп бауырына басты (өмірі өйтіп көрген емес). «Қадамың сәтті болды, шырағым. Өзімді-өзім мақтап, Құдайға шүкір, тап-таза аққудай болып Алматыға ұшайын деп отырмын. Хатшының алдына кірдім, бүкіл орыс театрының тарихын айтып бердім. Небір марқасқаларын сөз еттім. «Ciз біртүрлі қамығулысыз ғой», – деді. Мен: «Чехов: «Адамның бойында не қуанышы, не мұңы немесе арманы болмаса, ол адам біткен», – деген. Ал мен әлі біткенім жоқ. Мен әлі күшімдемін дедім», – деді. КОКП Орталық комитетінің хатшысы Ильичев: «Мен сіздің театр өнерінің марқасқасы екеніңізге сендім, енді қайталамаңыз, жұмысыңызды істей беріңіз» – депті. Содан шығып келе жатқан беті екен. Өмірі ашыла бермейтін қабағы жадырап, жарқылдап қауышты. «Қадамың сәтті болды, шырағым», – дегені сол екен. Сөйтіп ақталып, елге келді. Жұмысын атқарды. Сексен жылдығын тойлаймын деп жүргенде қатты ауырды. Әркімдер барып, көңілін сұрады. Менің алдымда Нүкетай, Фарида, Асанәлі, тағы да басқалар барып кетіпті. Болат Атабаев көп уақыт қасында болыпты. Мыңбай Рәшев те жанында отырыпты. Ол кісімен де қатынасы жақсы. Мыңбайдың өзі де тұрған бойы әртіс қой. Бip өзі – бip театр. Бipaз әртістің, жазушылардың даусын айнытпай салады. Асекең маған: «Жаңғақтың жас бұтағын қайнатып, соның суын ішсе, менің ауруыма бірден-бір ем көрінеді. Сен соны таба аласың ба?» – деді. «Табамын», – дедім. Біздің оңтүстіктегі Төле би ауданына қарасты «Қызыл әскер» деген ауылда жаңғақ өседі. Сонда тұратын Қуаныш деген iніме хабарласып, жағдайды түсіндіріп едім, салып жіберді. Екі күннен кейін Асекеңе алғызғанымды айттым. Асекең мұңайған кейіпте: «Рахмет. Ризамын. Бірақ маған бұл жалған 80 жасымды тойлатпайын деп тұр-ау. Мен кетемін...» деді. Он бес күннен кейін дүние салды. Өтежан ақын жоқтау өлең жазды: «Cөздepi оның көктен түскендей құдырет, Алыссаң алыс, жұлыссаң жұлыс – әзір еді. Аққудай болып, тап-таза күйде дүниеден өтті Асекең, Жала жауып жабысса-дағы жетібасты лағынет! Талайларды адам бол деп қинаған, Абзалым едің қазақта бұрын тумаған. Дидарың болсын жұмақта, Кең дүниеге, сор дүниеге сыймаған», –деп аяқталатын eдi ол өлең...
«Теңгетайды бip сүйсем,ішкен тамағымның бәрі сіңіп кетеді»
Денсаулығы барынша мықты болатын. (сөз «Өкіреш» – Рахметбай Телеубаев туралы болып отыр. Ред.). Ешқашан ауырғанын көрген емеспіз. Жетісайға – Жиделібайсынға барғанымызда кондиционерді жерге түсіріп, соған тұмсығын тіреп ұйықтайтын. Соны мен суретке де түсіріп алғанмын. Оянғанда мұрнына қатып қалған мұзды қытырлатып жеп, тілімен жалап, суын жұтып жатып: «Ой, шөлдеп қалыппын, маған сусын бepiңдepшi» дейтін.
Содан мен Өкірешке: «Мен саған бір әңгіме айтайын, құлағыңды сал,– дедім. – Сен сияқты ішуді жақсы көретін ағамыз болды. Бір күнi әбден араққа тойып алып, түнімен «аһылап, үһілеп» ұйықтай алмай шығады. Жеңгеміз алдында құрақ ұшып: «Не тамақ ішесің, сорпа жасайын ба?» десе «Жоқ», – депті. «Айран берейін бе?» десе, «ойбай, керегі жоқ», – дейді. «Енді не істейміз, су ішесің бе?» десе, «Жоқ, керек емес», – дейді. Әбден амалы таусылған жеңгей: «Сүйейін бе» десе, «Сүйсең сүй, мүмкін құсармын», – депті ағамыз. Мына түріңмен сен де бip күні сондай халге жетесің», – дедім. Сөйтсем, ол да бepicep емес, «Теңгетайды бip сүйсем, ішкен тамағымның бәрі сіңіп кетеді», – дейді. Теңгетай деп отырғаны – «Қымызханадағы» қымыз құйып тұратын сатушы ғой. Оны Нүкетай Мышпаева ойнайды. Бәріміз сценарий бойынша соған ғашықбыз.
«Бip бұқа көзін ежірейтіп, мені жібермей қойды...»
Оның әр тірлігіне күлмеске амалың жоқ. Taғы да гастрольде жүргенбіз. Жұмабай Медетбаев, Өкіреш, тағы басқалар бар. Күздің күні, қара суық. Бір ұжымшарға келдік. Спектакльді қойып болғасын, үйді-үйге бөліп жіберді. Өкіреш менің жанымда. Таңға жуық Өкіреш әжетхана іздейді ғой. Ауылда әжетхана далада екені түсінікті. Қораның ішімен бара жатса, бір сиыр көзін алартып, Өкірешке қарайды, жаны қалмай кері қарай жүгіріп, үйге келеді. Жұлмалап Жұмабайды оятады. Tәтті ұйқының кезі. Ол тұра қоймайды. Мынау: «Ой, Жұмабай, сен неге жата бересің, жүр, әжетханаға барайықшы», – дейді. Жұмабай: «Не бар ол жерде, бармаймын. Менің ол жерде шаруам жоқ», – дейді. Өкіреш жалынып қоймағасын, амалсыз басын көтеріп: «Немене, қорқып тұрсың ба?» – дейді. «Жоқ, қорқып тұрғаным жоқ, жолда бір бұқа көзін ежірейтіп мені жiбepмeй қойды», – дейді. «Ол жерде бұқа жоқ, сиыр жатқан, саған соқтығып жүрген қандай бұқа ол?» деп Жұмабай орнынан тұрып, екеуі қораға келеді. Ешқандай бұқа жоқ, бағанағы сиыр. Tiпті, бұларға қарамапты да. Келгесін біз айтамыз ғой: «Елді дүрліктіргендерің не, ұят емес пе? Ертең ел ecтісе, аңыз ғып таратып жiбepeдi ғой» десек, «қайтем енді, қорыққаным рас», – дейді шынын айтып.
Ән емес, зікір салып тұрғандай...
«Мен– қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген. Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен, Құрсағыма сыйдырам даланы кең. Пәк сәбимін бесiкте yілдеген, Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен...» – деп басталатын ұлтжанды ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» деген атақты өлеңі бар емес пе? Соны радиодан зікір салып орындайды. Сондай бip жетесіз ән, намысың келеді. Бұл өте керемет, адамға рух беретін шығарма ғой. Қазақтың қанша қиындықтан өткенін, сөйтіп қазақ болып, ел болып қалғандығын өткір жырмен өріп жеткізген дүние ғой. Оны бұрын атақты актер Әнуар Молдабеков керемет орындайтын. Халықтың алдына шыққанда концерттерде ылғи айтып жүретін. Өлеңді нәшіне келтіріп оқитын. Халық сүйсініп тыңдағаны сонша, орнынан тұрып кетуші еді. Сол сияқты, Бейбарыс бабамыз да басында құл болып, соңында ұзақ жыл ел басқарған, Мысырдың билеушісі болған адам ғой. Сол кісі жөнінде де бір әншілер тобы өздерінің шығармаларын орындайды. Құлаққа жағымсыз. Маңырап қалған бірдеңе. Жылай ма, жоқтай ма? Сұлтан Бейбарыс біздің жастарымызға ерлік пен елдік жөнінен үлгі болатын, күш-жігер беретін тұлға емес пе! Мақтанышымыз емес пе! Осындай жағымсыз әншісымақтардың эфирге қалай шығып кететініне түсінбеймін.
qazaquni.kz