Тік ұшақ апатынан көз жұмғандардың отбасыларына миллион теңгеден беріледі
2016 ж. 28 қаңтар
2373
0
Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Айдар Башбаев хабарлайды деп жазады 24 арнаның ресми сайты.
Оның айтуынша, «Аспан» компаниясының тікұшағы науқас баланы Үшаралдан Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізуге бет алған еді. Бортта бес адам болған. Нақты айтатын болсақ, ұшқыш, дәрігер, санавиацияның фельдшері мен екі айлық баласы бар ана болған. Сәби дереу ауруханаға жатқызылуы тиіс еді.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері апатқа ұшыраған тікұшақ бортында болған бала туралы толығырақ айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алакөл аудандық Орталық аурухананың жансақтау бөлімі жетекшісі Талғат Құсайыновтың айтуынша, 2015 жылғы қыз ауруханаға 26 қаңтар күні кешкі сағат 19.00-де түскен. Дегенмен оған жоғары деңгейдегі көмек қажет болыпты.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Сәуле Құсмолданова екі айлық қызды арнайы көмек көрсету үшін облыстық ауруханаға жеткізу керек болғанын мәлімдеді.
"Алакөл ауданынан санавиацияға, болжам бойынша, лейкоз ауруына шалдыққан екі айлық нәресте туралы хабар келіп түседі. Онда санавиация бригадасы - облыстық балалар ауруханасының онкогематолог дәрігері және санавиация фельдшері аттанған. Мамандар нәрестені сол жерде қарап, арнайы көмек көрсету үшін облыстық ауруханаға жеткізбек болады. Жолда тікұшақ апатқа ұшырады. Бортта болғандардың барлығы - анасы мен баласы, дәрігерлер мен ұшқыш қаза тапты. Мәйіттер сот-медициналық сараптамасы үшін Талдықорғанға жеткізіледі", - деді Құсмолданова.
"Бұрын мұндай проблема болмаған. Қазір біздің психологтар қаза тапқандардың туыстарымен жұмыс істеп жатыр. Штаб құрылды, комиссия жұмыс істеп жатыр", - деді аймақтық Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары.
Құсмолданованың айтуынша, бортта болған дәрігерлер тұрмысқа шықпаған.
“Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта қаза болғандардың денелері Талдықорған қаласының мәйітханасында. Апаттан көз жұмғандардың отбасыларына облыстық бюджеттен бір миллион теңгеден бөлінеді”, – деді облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Айдар Башбаев.
Еске сала кетейік, Алматы облысында 27 қаңтарда тікұшақтың жоғалып кеткені хабарланған еді. Комитет өкілдері 27 қаңтарда Астана уақыты бойынша 17.47-де Алматы облыстық ТЖД-ның Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне 15.45-те Алакөл ауданындағы Үшарал қаласынан Талдықорғанға қарай ауруханаға "Аспан" акционерлік қоғамының меншігіндегі UP-MD 600-N азаматтық тікұшағының науқас баланы алып шыққаны туралы хабарлама келіп түскенін айтқан болатын.
Бүгін таңғы сағат 8.20-да Қапал елді мекенінен 3 шақырым жерде тікұшақтың бөліктері табылған болатын.