Қ.Тұрғанқұлов: Сайлауға бөлінген бюджет қаражатының әр теңгесіне ұқыптылықпен қарауымыз керек
2016 ж. 25 қаңтар
2374
28
Сайлауға бөлінген бюджет қаражатының әр теңгесіне ұқыптылықпен қарауымыз керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте сөз сөйлеген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай деді.
«Сайлау органдарының басты міндеті - сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету, яғни, сайлау заңнамасы мен жалпыға бірдей танылған халықаралық ұстанымдардың талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау науқанын өткізу», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы кеңеске қатысушылардың назарын саяси науқанды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын үнемдеу мәселесіне айрықша назар аудартты. «Қазіргі күрделі экономикалық жағдайда қаражаттың тиімсіз жұмсалуын болдырмау және Елбасының әрбір бюджет теңгесіне ұқыпты қарау туралы нұсқауын нақты ұстануымыз қажет», - деді ол. Сөз соңында ол семинар қатысушыларына Орталық сайлау комисиясы атқарған дайындық жұмыстары, комиссияның ағымдағы қызметі мен сайлау науқанының барысы туралы қысқаша ақпарат беріп өтті. Семинарға облыстық, Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, еліміздің саяси партияларының өкілдері, сондай-ақ сайлау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. inform.kz