Мұрат Жұрынов: Шыңғыс ханды түркі әлемінің көсемі ретінде тануға тиіспіз.
2016 ж. 18 қаңтар
3770
7
Шыңғыс ханның ұлты түркі дегенді әлемге дәлелдей алсақ, осының өзі әлемнің түңлігін бір желпіп тастар еді!
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик:
– Біз, ғалымдар, саясатпен шұғылданбаймыз, тек ғылыми шындықты іздеумен айналысамыз. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлының кейінгі терең зерттеу жұмыстары бізді қызықтырды. Бұрын да миллиондаған адамы бар түрік әлеміне шағын ғана әлсіз моңғол жұртынан шыққан адамның хан болуы түсініксіз және шындыққа ұласпайтын жай болатын.
Хан тек қана күшті елден, күшті тайпадан шыққан. Шыңғыс ханныңтуған жері, өскен өлкесі Бұрқан және Түрген деген жерлерді қазіргі Моңғолия аумағынан да, солтүстік Сібір өлкесінен де таба алмайсыз. Ол жақта ондай жерлер бұрын да, беріде де болмаған. Керісінше, дәл сол Бұрхан мен Түрген деген жер-су аттары Жетісу жерінде ежелден бүгінге дейін бар. Біз осындай дәлелдерге көңіл аудардық, бұл зерттеудің бастамасы деп ойлаймын. Мұны моңғол ғалымдарымен бірге талқылап, пікірталас жүргізу керек. Шыңғыс ханның кеңселік құжаттары түрік тілінде жүргізілген. Моңғол болса, неге моңғол тілінде жүргізілмеген? Моңғол ғалымдары бұл туралы: «Өйткені ол түріктердің арасында жүргендіктен де, оларға түсінікті болу үшін түрік тілінде жүргізді», – дейді. Ал жарайды делік, онда олар парсылармен соғысты, неге парсы тілінде жүргізбейді? Арабтармен соғысты, неге араб тілінде жүргізбеді? Ресейді, Қытайдың тең жартысын жаулап алды, «неге орыс, қытай тілдерінде жүргізбеді?» деген сұрақтардың тууы заңды.
Шығыс ханның өзі түрік тілінде сөйлегені тарихтан белгілі. Моңғол ғалымдары Шыңғыс ханды өздерінің бабасы ретінде есептей берсін. Бірақ шындықтың есігін ашып қоюымыз керек. Шыңғыс ханды түркі әлемінің көсемі ретінде тануға келісуге тиіспіз. Шыңғыс хан – Алтай, Балқаш, Алакөл өңірінде өмір сүрген адам. Қазіргі Моңғолияның аумағында тұрмаған. Осыны ғалымдарымыз дәлелдеп, мойындату керек. Бұл тез арада шешіле қоятын мәселе емес. Зерттеуді әр түрлі тәсілдермен ары қарай жалғастыра беру керек. Дулатидың, Бичуриннің еңбектерінің бір жерінде Шыңғыс ханның түрік тілінде сөйлегені, мұсылман дінінде болғаны, бір баласының ораза тұтқаны, бір немересінің аты Мұхаммед болғаны айтылып кетеді. Моңғолдарда Мұхаммед деген есім жоқ қой. Осындай нақты дәлелдер бар. Сондықтан Тілеуберді Әбенайұлын тыңдап, еңбегін ғалымдардың талқысына салдық. ҰҒА-ның президиум мүшелері бұл еңбекті ары қарай да жалғастырып, зерттеу керек деген қорытындыға келді.
ҰҒА президенті Мұрат Жұрынұлы осылай дейді. Жөн-ақ! Енді Шыңғыс ханның руы найман деп, бірі жалайыр, бірі қоңырат, енді бірі тіпті оның руы адай деп еңбек жазып тастаған зерттеушілеріміз күш біріктіріп, аққу боп – көкке, шортан боп – суға, шаян боп құрғаққа тартпай, Шыңғыс ханның ұлты түркі дегенді әлемге дәлелдей алсақ, осының өзі әлемнің түңлігін бір желпіп тастар еді!
Аяла Байсейіт
nurotau.kz