Лондонда тұратын орыс қызы қазақтың дәстүрімен ұзатылды (ФОТО)

Лондонда тұратын орыс қызы қазақтың дәстүрі бойынша ұзатылуы жайлы толығырақ айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, бұл жаңалықты бірінші болып шоумен әрі жүргізуші Абдель Мұхтаров Instagram желісіндегі жеке парақшасында жария еткен болатын. Яна Ысқақова есімді орыс қызының Доминик Тонг есімді швейцар жігітіне қазақтың дәстүрімен тұрмысқа шыққаны жайлы хабар әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленген еді.

Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Абдель Мұхтаров жақын досы Яна жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, Яна өте еңбекқор адам. "Жастайынан озат оқып, қазіргі таңда Лондонда ірі Deloitte компаниясында жоғары лауазымда қызмет атқарады, ол - қаржыгер. Нағыз маман иесі деуге болады. Жұмысында екі мәрте жоғарылап, senior manager статусында қызмет етеді. Міне, досымның осылайша ұзатылғанына дән ризамын әрі бақыт тілеймін!", - деді ол.

Сонымен бірге, Абдель отандық ақпарат құралдарында ұзату тойы жайлы мақала жарияланғаннан кейінгі Янаның әсерін де айтып өтті. "Яна отандық ақпарат құралдарында өзінің қазақтың дәстүрімен тұрмысқа шыққаны жайлы мақалаларды көріп таңғалды. Сондай бір жағымды әсерде болды", - деді ол.

© Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан

Ұлыбритания астанасында тұрып жатқанына бес жыл болған Яна тілшімізге неліктен қазақтың дәстүрімен ұзату тойын өткізгенін айтып берді. "Менің құрбыларымның барлығы қазақ қыздары. Сондықтан мен қазақтың дәстүрімен ұзатылғым келді. Солай жоспарладым да. Ал қосағым бұл ойыма қарсы болған жоқ, қазақтың барлық дәстүрін оқып-білді. Ол тіпті той кезінде орыс тілінде сөз сөйлеп, тосын сый жасады. Қазақтың ұғымындағы қалың мал дегеннің не екенін айтып берді. Сөйтіп, ол маған қалың мал ретінде ағаштан жасалған 25 сиыр әкеліп, тойбастар ретінде қонақтарға үлестірді", - деп әңгімеледі Яна өзінің тойы жайлы.

Күйеу жігіт ағаштан жасалған 25 сиырдың мүсінін қонақтарға үлестіріп жатыр. © Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан 

© Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан

© Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан

Сонымен қатар, Яна күйеу жігітпен қалай танысқанын айтып берді. "Біз екеуміз әріптеспіз. Лондонда екеуміз бірге жұмыс істедік. Ол өзі швейцар азаматы. Швейцариядан аз уақытқа жұмыс бабымен келген еді. Таныстығымызға екі жарым жыл, ал кездесіп жүргенімізге бір жыл болыпты", - деді қалыңдық.

© Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан

Айта кетейік, қазақстандық БАҚ-тарда бұл жайлы жаңалық шыққан кезде қолданушылар Янаның қай ұлттың өкілі екеніне қатысты сөз таластырған болатын. Осыған байланысты ол былай деп жауап берді: "Иә, менің қанымда 25 пайыз татардың қаны бар. Сондықтан тегім "Ысқақова". Әкем мен шешем алты жасымда ажырасқан еді. Содан кейін мен ұлты орыс анам мен әжемнің қолында өстім. Шалғайдағы Лондонда тұрып жатсам да Отаным деп Қазақстанды айтамын. Қайда жүрсем де Отаным маған ыстық. Сондықтан қазақтың дәстүрімен ұзатылдым. Жалпы мен өзімді қазақ қызы секілді көремін. Себебі Қазақстанда туып-өстім, салт-дәстүрімізді білемін".

Яна Ысқақова енді үйлену тойының Швейцарияда және еуропалық стильде өтетінін айтып берді. Жас жұбайлардың тойы наурыз айына жоспарланған.

© Яна Ысқақованың жеке мұрағатынан

qazaquni.kz