Роллан Сейсенбаевтың сағын сындырған кім?!.
2016 ж. 02 қаңтар
4796
1
Әбілсейіт Айханов ағамыз неге Ролланның жеңісін бұрмалап жіберді?..
«Сол жарыста мен 52 келі салмақта, Роллан 70 келі салмақта күресті. Жарыстың бас төрешісі Әбілсейіт Айханов ағамыз болды. Роллан осы дүбірлі додада қарсылас шақ келтірмей финалға дейін еркін жетті. Финалда да басымдық танытты. Алайда, төреші жеңіп тұрса да жеңісті бермеді. Ол кезде Қайрат спорт қоғамының жүлдегері болу үлкен мәртебе болатын. Спорт шебері деген атақ берілетін. «Ролланмен финалда күрескен палуан көптен бері спорт шеберлігін орындай алмай жүр еді» деп Әбілсейіт Айханов ағамыз бұрмалап жіберді.
Кейін Рекең айтады: «Әлгі жарыстан кейін жиын өтті. Маған бапкерлер: «сені құрамаға қалдырамыз, әлі жассың, болашағың алда, спорт шеберлігін қорғайсың» деді. «Ренжіме. Кішкене бұрмалап жібердік» - деді Әбілсейіт Айханов. Сол кезде Рекең: «Ой, Әбіл аға, спорт шеберлігінде тұрған бақыттың ... ұрайын» деп шығып кетіпті.
Содан кейін күресті мүлде тастап кетті ғой. Реті келгенде айта кетейін, Роллан Сейсембаев өз салмағында мықты палуандардың бірі болды. Талай мәрте чемпион атанды. Ролланның ерекшелігі сол, ол ақылмен күресетін. Баппен күресетін. Әрбір әдісі, іс-әрекеті үйлесім тауып тұратын», деп еске алады палуан Мұрат Керімбаев.
Мұрат Керімбаев: 1950 жылы Семей облысының Ақсуат ауданында дүниеге келген. Жастайынан жанына спортты серік еткен азамат Семей қаласының 250 жылдық тойында 52 келі салмақ дәрежесінде қазақша күрестен чемпион атанды. Абай Құнанбаевтың 125 жылдық тойында өз салмағында қарсылас шақ келтірмеді. Һәкімнің 150 жылдық тойында ұлттық ойындардың бас төрешісі болып, спортшылардың шеруін өткізуге үлкен еңбек сіңірді. Ақсуат ауданының волейбол, футбол құрама командасының сапында ойнап, бірнеше рет Семей облысының жеңімпазы атанды. Мұрат Керімбаев - самбо мен еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болса, қазақша күрестен спорт шебері атанған азамат.
Естелік жазба Интернеттен алынды.qazaquni.kz