Шардара су қоймасындағы Арнасай бөгетін жаңарту арқылы жылына 1,2 млрд. текше метр су беруге болады
2015 ж. 22 желтоқсан
8262
1
22 Желтоқсан 2015, 10:37
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шардара су қоймасындағы Арнасай бөгетін қайта жаңартуды бастау Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиімді болмақ, себебі жоба жыл сайын 1,2 млрд. текше метр қосымша су береді, деп хабарлады ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің баспасөз қызметінен.«ОҚО Шардара ауданындағы Шардара су қоймасының Арнасай бөгетінде гидротехникалық құрылыстардың кешенін қайта жаңарту» жобасы басталған. Ол қашықтығы 30 шақырым екі аудан арасындағы қатынас үшін жолды салумен су қоймасының өзен арнасында үйінді дамбасының құрылысын қамтамасыз етуді жоспарлайды.
«Бүгінгі күні Жоба барлық мемлекеттік органдардан, соның ішінде «КазМИИР» ҒИ, «КазДОРНИИ» АҚ мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекаралық қызметінен келісім алды және Қазақстан Республикасында қолданыстағы мемлекеттік нормативтердің барлық талаптарына сәйкес келеді», делінген аталған комитет таратқан ақпаратта.
Арнасай бөгетін салу Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданы - Мақтарал және Шардараның әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартады. Сонымен, Шардара су қоймасының Арнасай бөгетін қайта жаңарту жобасы аясында толық жобалық қуатымен су қоймасы жұмысын есепке алып, Шардара гидроэлектрстанциясынан электрэнергиясын өндіруді ұлғайту мүмкіндігі туындады. Шардара су қоймасының жобалық қуаты - 5,2 млрд. текше метр.
Сондай-ақ, Арнасай бөгетін қайта жаңарту жобасының аясында салынатын жол Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданында тұрғындар арасында қатынас жолын едәуір қысқартады.
Сонымен қатар, Шардара су қоймасының жұмысы толық жобалық қуатымен ауыл шаруашылығы жер-суларын суару үшін суды сақтау және тасқын судың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Көксарай контрреттегішінің жұмысына оң әсерін береді.
|