АЗАТТЫҚ
2015 ж. 16 желтоқсан
4887
3
АЗАТТЫҚТЫ Алла бізге бір берген,
Сақтап қалу-
Басты талап күнде ерден!..
ҰЛТЫН қорғар ҰЛ болады уызды ЕР,
Құлқынды ойлар ҚҰЛ болуды кім көрген!?.
Көзін сүзген ЖЕРІМІЗГЕ қаншама ел,-
Қайда ҚАЗАҚ ҚАЗЫНАСЫ бар сенер?
Қайран елім, қалай МӘҢГІ болады,
Қарын үшін,
Қамыт сатып алса егер…
Айттық талай АЛАШ жырын зар ғылып,
ЕЛ қорғайтын ЕР болуы – заңдылық!
Қорғай алмау – қорлық өлім емес пе,
АТА-БАБА кеткен ЖЕРДІ қалдырып!?.
ҚАРЫНЫ ТОҚ БОЛМАСА ДА ЕЛ… ӨЛМЕЙДІ,-
ҚАМЫТЫ ЖОҚ БОЛУ КЕРЕК МӘҢГІЛІК!
Азат елде атай алмай атаңды,
Әлі шырқап келеміз біз жат әнді…
Бейшаралық – саясат боп сауатты,
Белдескендер халық жауы атанды!
Ширек ғасыр не істеген ел кеше…
Биліктілер жеңіс бермес жем… десе,
Атын білмес атқа қалай қонады,
Неғып отыр ҰЛТТЫҢ ҚАУПІН көрмесе?..
ЖОҒАРЫДА жоқ болса егер АР-НАМЫС,
ТӨМЕННЕН БІЗ қолға аламыз ендеше!!!
КӨК ТҮРІКТЕН қалған еді айбынды үн,
КӨКБӨРІДЕН көз жазып қап, айрылдым…
КӨК ТУ – Көп ту… болмаса деп, қайғырдым!
Күшігінен таланғанда қай бір мұң…
НАМЫС болса, БАРЫС сонда боласың,
Әйтпесе, тек күні бүгін маймылдың…
ТІЛІҢ болса-
ТІРІСІҢ сен, естір мың,
Оян, қазақ!
Қалма астында көшкіннің!
Есінеумен есіл өткен уақыт,
Ежелгі жау ел болмасын кеш білдің!..
ТӘУЕЛСІЗДІК!-
АЛЛА СЫЙЫН ЕШҚАШАН,
САУДАЛАУҒА ХАҚЫСЫ ЖОҚ ЕШКІМНІҢ!
Шығармай қан шықсақтағы белеске,
Қанды қасап, көрген зұлмат, көбі есте!
ҚАСІРЕТКЕ айналмасын ҚАСИЕТ -
ЖЕРДІ ҚОРҒАУ - ЕЛДІ ҚОРҒАУ ЕМЕС ПЕ?!.
АЗАТТЫҚТЫҢ құнын ҚҰЛДАР аңдай ма,
Талай зауал татымай ма таңдайға?!.
Жерді сату – сор ғой мәңгі маңдайға!
ТІЛДІ САТСАҢ – ТІРІЛІГІҢ НЕ КЕРЕК,
ЖЕРДІ САТСАҢ – ЖЕРЛЕНЕСІҢ СЕН ҚАЙДА?!.
ОТАН болу - айналсын ел әніне,
ОТАР болсаң, бұл өмірдің мәні не?!.
Қыл үстінде тұрса АЗАТТЫҚ, ендеше,
Ат үстінде аттанамыз БӘРІНЕ!!!
Қазыбек ИСА
20.04.2014.