БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК ТУРАЛЫ «АЙТУҒА ОҢАЙ»
2015 ж. 08 желтоқсан
19757
38
«Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек ертең, 9-желтоқсан күні 44 жасқа толады. Оның есімі Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс. Соңғы үш жылдың ішінде ғана осы бағдарламаның 750-ге жуық шығарылымы эфирге жол тартты. Түрлі себептермен эфирден өтпей қалған сандары да болды. Осы уақыттың ішінде Бейсен қаншама тағдырға араласты, қаншама ізгі қадамдарға жол ашты. Жүздеген адамдардың жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенім ұялатты. Тележурналист 35 жасында Қазақстан Президенті сыйлығының иегері атанған. ҚР Мәдениет қайраткері.
Бейсен Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген соң республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Бұдан соң Қазақ теледидарында, «Рахат», «31-арна», «Хабар», Президент телерадиокешені сияқты әтуерлі орындарда қызмет етті. 2012 жылға дейін бес жыл Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасын басқарды. Кейінгі үш жылдағы шаруасы – «Айтуға оңай», ал іс жүзінде өте қиын. Бір қызығы бұл бағдарлама Бейсеннің негізгі қызметі емес. Ол қазір Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры.
Бейсеннің мінезі қарапайым. Көкірек көтеру, танымал болды екем деп аспансайбақтану онда жоқ. Бағдарламада көтерілген тақырыптарды шеберлікпен аша алады. Түсірілім кезінде түрлі қиын сәттерден тапқырлықпен шығып кете береді. Эфирде өзіндік аурасымен, көркем қалпымен, жағымды дауысымен, маскасыз жылы жүзімен көрерменін баурап алады.
Бейсен үлкен шаһарларда емес, Талдықорған қаласында тұрады. Бала-шағалы, қолында 90-ға келген қарт анасы бар. Келін екеуінің үйдегі басшылыққа алған қағидалары берік отбасын құрудың ғажайып ережесіндей екенін жұртшылық жақсы біледі.
Бейсен апта сайын Алматыға шапқылап екі күнде «Айтуға оңайдың» 6-8 түсірілімін жүргізіп, қатты шаршағанына қарамастан кештетіп Талдықорғанына, отбасына тартып отырады. Міне, менің інім, шәкіртім, әріптесім осындай.
Мына төмендегі суреттерді екі-үш жыл бұрын Түркияға бірге сапарлас болған кезімде түсіріп алып едім. Менде мұндай суреттер барын Бейсен білмейді. Туған күні қараңында тосынсый болсын деп жариялап отырмын.
Марат ТОҚАШБАЙ,
qazaquni.kz