Жартылай жалаңаш келіннің бетін ашудың қажеті не?
2015 ж. 07 желтоқсан
16254
13
Таяуда Қазақстан Жазушылар одағында жетпіс жасқа толған Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті. Бауыржан Момышұлының келіні қазіргі заманның жартылай жалаңаш келіндерін сынға алды.
“Қыздар, айналайындар, тұрмысқа шығатын кезде тойға иығы мен кеудесі ашық, жотасы жалаңаш, шетелдік үлгідегі ақ көйлекті кимеңдерші, бас тартыңдаршы содан! Неге осы біз өзгенің қаңсығына таңсық боламыз да жүреміз? Бар ғой, қазақтың әдемі көйлектері, сәукелесі! Тіпті, арнайы тіктіруге де болады. Тойға келетін үлкен қариялардың, ақсақалдардың, ақ жаулықты әжелердің көзінше жаңа түскен келіннің ашық-шашық жүруі жараспайды. Той алдында беташар жасайтынымыз тағы бар. Өзі жартылай жалаңаш жүрген келіннің бетін ашуда не мән қалады?”, – дейді Ахметова.
Зейнеп Ахметова келіндерге жараспайтын одан өзге теріс әрекеттерді тізбектеді.
“Тағы бір түйткіл: жас келіннің гүл лақтыруы. Ол теріс қарап тұрады да, қолындағы шоқ гүлді арт жаққа қарай лақтырады. Ол жерде күйеуге шықпаған бір топ жас қыз уласып-шуласып жатады. Сырттай қарап тұрсаң, осының өзі ерсі емес пе? Сол тойда әлгі жас бойжеткендердің әке-шешесі, аға-жеңгесі, ағайын-туысы отыр. Қанша байсырап бара жатсаң да, солардың көзінше «тезірек күйеуге тиейін» деп гүлге сонша таласып не көрінді?”, – деп жалғастырды кейуана.
Ахметова атасының аузына қасық тыққан келін ертең оның көзін шұқымай ма деген сауал тастады.
“Үйлену тойы әбден қызып, үлкен кісілердің кейбірі қайтып кетіп, қайсыбір қонақтардың көзіне бір адам, екі адам боп көріне бастаған тұста жалп етіп жарық сөнетіні бар. Сөйтсек, торт келе жатыр екен. Бір жағынан, той аяғында тойып алған жұрт сол тортты жеп те қарық қылмайды, бекерге рәсуа болады. Екіншіден, қуаныш үстінде шам сөндіру – қазақта жаман ырым. «Шырағың сөнбесін» деп тілейміз ғой бір-бірімізге. Мынау – енді ғана шаңырақ көтеріп, шам жағып жатқан жас отау үшін тіптен жақсы ырым емес. Сосын екі жас пен оның ата-анасы ортаға шақырылып, бір-біріне торттан ауыз тигізеді. Бұл қайдан шыққан салт, не сән? Алғашқы күні-ақ қайынатасы мен енесінің аузына қасық тыққан келін ертең олардың көзіне пышақ тығып жүрмей ме? Бұл дәстүрсымақтың орнына келін шәй ұйымдастырса қандай жақсы болар еді? Әрине, тойдағы адамның бәріне шәй құюы шарты емес. Төрдегі ең үлкен әжелер мен аталардың үстеліне барып, ол кісілерге ықыласпен бір-бір кесе құйып берсе, баталарын алар еді ғой”, – дейді Зейнеп апа.
Көпті көрген кейуана тойда жыртыс-көкпар ұйымдастыруда ұсынып отыр.
“Баяғыда қыз ұзатылғанда атам қазақ көкпар берген. Қазір жағдай басқаша. Мен соның орнына жыртыс-көкпар ұйымдастыруды ұсынып жүрмін. Ол былай: ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына жібек мата төселеді. Қызды жігіт жақ ақ мата үстімен жүргізіп алып кеткеннен кейін қалған жұрт та жан-жаққа бытырай жөнелмей, біраз кідіруі керек. Тамада оларды ақ матаның екі жағына бөліп тұрғызып, әлгі жібек матаны ортаға тастап, жыртыс-көкпар жасайды. Адамдар артысып-тартысып, жаңағы матадан жыртып алады: біреуге бір жапырағы тиер, біреу қомақтырақ жыртып алар – әйтеуір ешкімге де үлессіз қалмайды. Бұл – бір жағынан, «осындай той әрқайсымыздың шаңырағымызда болсын» деген ырым, тәбәрік, екінші жағынан, аялап өсірген аққуын қолдан ұшырып, көңілі жарым боп тұрған ата-ананың, ағайынның еңсесін тіктеу, тойдың соңын думан қызыққа айналдырып жіберу”, – дейді әже.
nur.kz