ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫН ӘЛЕМ ТОЙЛАЙДЫ!
2015 ж. 21 қараша
3708
1
Алты Алашқа айтар қуанышты хабар - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын әлем тойлайтын болды. Бұл туралы 18 қарашада Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясының шешімі шыққанын хабарлаған әйгілі әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіп елден сүйінші сұрады.
Өткен айда ғана «Ақ жол» партиясы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажет деп санайды" деп, ҚР Үкіметіне депутаттық сауал жасаған болатын.
Енді міне, ел арманы орындалып, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды әлемге таныту да басталар күн туып тұр.
"Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашовтың Үкімет басшысың атына жасаған депутаттық сауалында айтылғанддай, бұл Алаш мұрасын әлемдік деңгейге шығарып насихаттаудың таптырмайтын мүмкіндігі туып тұр деген сөз. Мұның маңызы Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста тіпті еселеп арта түседі. Елбасы жария еткен «Мәңгілік ел» мұраты да Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түссек, баянды бола түспек. Ұлт көшбасшысы өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын.
"2017 жылы – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы, ал одан бір жыл бұрын, келесі, 2016 жылы – сол қозғалыстың негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы. «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қызметі, жалпы Алаш идеясы – қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды басты бағыттарының бірі ретінде ұстанғанын, сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеп, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылғанын жұртшылық байыптап келеді,"-деп атап өтеді.
"Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің биылғы жылы қараша айына белгіленген осы ұйымның Бас конференциясында қабылдау үшін жіберген ұсыныстарының ішінде 2016 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайы қарастырылып отырылғаны осының айғағы."
"Ақ жол" партиясы фракциясының бұл депутаттық сауалына ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтың жауабы да келіп, онда айтылған ұсыныстардың маңызы зор болғандықтан басым бөлігін Үкімет қолға алатынын, соның ішінде ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің осы 38 сессиясында қаралып жатқан бұл мәселенің оң шешілетінінен үмітті екенін жеткізген еді.
Келер жылы болатын бұл бүкіл қазақ халқы бір жарым ғасыр күткен тойдың негізгі мақсаты – жәй ғана той тойлаумен емес, ой ойлаумен, артынан із қалатын, танымдық, тағылымдық тұрғыдан ұлтымыздың, мемлекетіміздің рухын көтеретін, қоғамдық санаға сілкініс туғызатын мазмұнды шараларды іске асыруды қамтамасыз ету болуы тиіс.
qazaquni.kz