АНАСЫН СОТҚА БЕРГЕН СЕРІК ӨМІРГЕ НЕГЕ ӨКПЕЛІ?
2015 ж. 26 қыркүйек
4067
9
Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ
Оны бірден тани кеттік. «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай», КТК арнасындағы «Наша правда» хабарларына қатысып, туған анасын сотқа беріп, анасынан бес миллион теңге моральдық шығын талап етіп жүрген қаламыздағы №3 балалар үйінің тәрбиеленушісі Серік Кенжебеков. Жүзі жүдеу, сіріңкедей арық Серік редакциямызға жөргегіне ораулы күйінде перзентханаға тастап кеткен анасына деген өкпесін ғана емес, қоғамға деген қара қазандай қайнаған ренішін де қоса арқалай келіпті.
Әңгімесі ширақ, өзінің құқын жетік білетін Серік Жақсылықұлы бізді де сауалдың астына алды. «Маған айтыңызшы, жылына әскер қатарына балалар үйінен шыққан қанша бала қабылданады? Жоғары оқу орындарына, Ұлттық университеттерге қанша жетім бала оқуға түседі? Олардың жұмыспен қамтылуы, жетім қалған балалардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі қалай?» деген сұрақтарды жаудырған тұста жауап таба алмай сасқалақтап қалғанымыз рас. «Міне, көрдіңіз бе, сіздер де бейхабарсыздар. Өйткені, балалар үйі мен жетім балаларға арналған мектеп-интернатынан шыққан жетім балалар тағдыры ешкімді қызықтырмайды. Туған ата-анамызға керек болмаған біз қоғам үшін де керексізбіз. Ал қылмыс жасап, түрмеге түсіп жатқандар туралы деректерге көз жүгіртсеңіз, олардың көбін балалар үйінен шыққан жасөспірімдер мен жастар құрайды. Олардың не үшін қылмысқа барғанына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Бізді жоғары оқу орындарына қабылдамаса да орта білімді мамандар даярлайтын колледждер мен кәсіптік мектептерге қабылдауды ұйымдастырса, ең болмағанда жұмысшы мамандығын игеріп, өз нанымызды өзіміз тауып жеуге мүмкіндік алар едік. Балалар үйлерінде тәрбиеленген жас жігіттерді денсаулығына қарамастан әскер қатарына қабылдаса, олар өмір көріп ысылып, мына қиындығы көп өмірден өз жолдарын тауып, адаспаудың амалдарын үйренер еді деп ойлаймын. Жөргегімізде жетім қалған бізді жеткізген мемлекетке алғысымыз шексіз, бірақ, ержеткен баласының ертеңін де мемлекет өз қамқорлығына алса ғой, – дейді өзімен қоса бізді де көп ойдың астарында қалдырып, мұңлы көзімен жүрегімізді тесе қараған Серік.
Алты жыл далада жүрдім
2008 жылдан бері қаламыздағы «Жанұя» үйінде тұрып келе жатқан Серік қазір жиырма төрт жаста. Туғаннан тілінің аздаған мүкісі бар ол №3 балалар үйінде тәрбиеленіпті. Балалар үйінің заңы бойынша кәмелетке толып, он бірінші сыныпты бітірген соң жетім балалар өз күнін өздері көруге міндетті. Он сегіз жыл бойы жетім атанғанмен тамақ пен киім-кешектен таршылық көрмей өскен олардың көбі ұясынан ұшып шыққан бетте, өмір өзенінде қалай жүзерлерін білмей тұншығып қалып жатады. Сүйенетін, сенетін адамы жоқ екенін, өмірдің күрес екенін түсіне білетіндер қабілеттеріне қарай өз орындарын тауып, адам болуға, жетім тірлікке қарсы күресуге тырысады. Ал жеңіл өмірге бойлары үйренгендер жеңіл өмір іздейміз деп жүріп, өз орталарынан адасып қалып жатады. Еңбек етуге ерініп, ұрлық-қарлыққа барып, кісі тонап, кісі де өлтіріп қылмыскер болып кететіндері де бар.
Серіктің айтқан сөзінің жаны бар, басында үйі, паналар туысы жоқ жетім жасөспірімдер тіршілік үшін қандай әрекетке болса да бейім келетін шығар. Серік те аз қиналған жоқ. Тұратын жері, пәтер жалдауға қаражаты болмаған ол жылу жүйелерінің астын, тұрғын үйлердің жертөлесін, автобекеттерді, әуежайлардағы күту залдарын паналаған күндері болған. Осылай алты жылдай әр жерде жүріп күнін көрген оның жайлы төсекке жамбасы әрең жеткен еді. Қазір де тұрақты жұмысы жоқ болғандықтан, бір күн тоқ, бір күн аш. Қолынан ағаш ұсталығы, электрлі заттарды жасау, тоқ жалғау келгенмен, жұмыс күнде табыла бермейді. Оның үстіне қазір нарық заманы, бәсекелестік басым. Серіктен мықты шеберлер көп, дегенмен жақсы адамдардың арқасында Серік нәпақасыз қалып көрген емес. Тұрақты мекен-жайы жоқ, еш жерде тіркелмегендіктен, оны жұмысқа да қабылдамайды. Серік адамдардың жандүниесін әбден зерттеп алған. Есігінің алдында бала емес, арлан ит қана жүгіріп жүрген талай байдың босағасынан аш қайтқан ол, қарапайым адамдардың жомарттығын тамсана айтады. «Кедей жомарт» деген сөзді бабаларымыздың текке айтпағанын мойындайды. Алты жыл далада жүргенде талай хан сарайларының есігін қаққан ол жылы сөз естіп көрмесе керек. Қазіргі адамдар бойында мейірім мен қайырымдылықтың азайып кеткеніне жас жігіт қатты налиды.
Соның бірі, менің анам Кенжебекова Перизат шығар. Өзім далада қаңғып жүрсем де, Қазақстанды шарлап жүріп анамды іздеп тауып алуға тырыстым. Ақыры анамды таптым да, бірақ, ол менен бас тартты. Кішкентай кезімде аяғына тұсау болған шығармын, ал қазір қандай ауыртпашылығым бар? Тек бауырына басып, аналық мейірімімен жағдайын айтып түсіндірсе, мен кешірер едім. Менің бар арманым – аналық махаббатты сезініп, осы уақытқа дейін тілімнің ұшында күрмеліп жүрген «мама» деген сөзімді соған ғана айтқым келген. Қазір анам Жамбыл облысында тұрады. Мені өмірге әкелгенмен, анам менен екінші рет жеріп, «менің қазір басқа отбасым, бала-шағам бар, сен үлкен жігіт болдың, енді мені іздеме, өміріме бөгет болма» дегенде не дерімді білмедім. Өміріне бөгет боларымды әу баста неге ойламады екен. Ондай боларын біліп тұрып неге мені жарық дүниеге әкелді, маған несіне өз әкесінің тегін жаздырды екен деп жылаймын. Мен туғалы бері анамды аңсап жылап келемін ғой, менің сол сезімім анама жетпегені ме? Шешемнің екінші күйеуі, оның балалары жаман емес, мені қабылдағылары келген, бірақ, анамның өзі менен бас тартты. Мүмкін анамның мен біле бермейтін сыры бар шығар, қалай дегенмен де өзегін жарып шыққан перзентінен бас тартқан анамды өмір бойы түсіне алмай өтетін шығармын, — дейді Серік күрсініп.
Өзге көкек аналарға сабақ болсын деп анамды сотқа бердім
1991 жылдың 29 қыркүйегінде Алматы қаласындағы №2 перзентханада өмірге келген Серіктің жүрегіндегі жетімдіктің тоңын анасынан басқа ешбір аялы алақан еріте алмасын ана жүрегінің сезінбеуі өкінішті, әрине. Туған баланың туған анасын сотқа беруі де қазақы болмысымызға келе бермейді. Анасын сотқа бергенін қош көрмегенімізді сезген Серік, «Анамды сотқа бергенімнің дұрыс еместігін жақсы білемін, бірақ, анам менен бас тартты ғой. Ал мен оны жазалау үшін емес, мені жетім атандырып, өмір бойы жасытып кеткені үшін моральдық шығын талап еттім. Бастапқыда бес миллион талап еттім. Тараз қалалық соты өткен 2014 жылдың 12 қыркүйегінде анамның отбасылық жағдайын ескере отырып маған 300 мың теңге өндіріп берген еді. Шынымды айтсам, мен ақша үшін анамды сотқа берген жоқпын, менің анам секілді ойнап жүріп от басып, ойланбай өмірге бала әкеліп, оны тастап кетіп жүрген өзге де көкек аналарға сабақ болсын деген мақсатпен берген болатынмын. Бірақ, Тараз қалалық соты да ата-бабаларымыздың айтып кеткен «жетім көрсең жебей жүр» деген өсиетін ескермейтін секілді. Бір жыл болып қалды, Тараз қалалық сотынан да, анамнан да хабар жоқ. Ал ол жаққа барып келуге өзімнің мүмкіндігім болмай тұр.
Заңгер болғым келеді, бірақ, колледжге жиырма үш жастан кейін қабылдамайды екен
Серіктің заңгер болғысы келеді. Сол мақсатымен Алматы заң колледжіне, Қонаев университетінің колледжіне бірнеше рет құжат тапсырғанмен оқуға түсе алмапты. Ал өткен жылы оның құжатын қабылдау комиссиялары қабылдамай тастапты. Колледжде оқитын жастан жасы асып кетіпті.
– Алматы заң колледжінің директорына кіріп жағдайымды айтып көріп едім, ол кісі мені мүлде жанына жуытпады. Мен біреуді жамандайын деп отырған жоқпын, тек адамдардың сені жетім деп қорлайтынына, көңіл бөлмейтініне, сені керексіз адам санайтындарына жаным ауырғандықтан айтып отырмын. Өзгеге кеңпейіл қазақ өзіне келгенде неге кейде тасбауыр бола қалады? «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ұлтпыз деп мақтанамыз, ал қазір төңірегіңізге қараңызшы, жылап жүрген жетім де, жесір де көп. Сонда «жетім көрсең, жебей жүр, жетімді жылатпа, жесіріңді қаңғытпа» деген сөзді не үшін айтамыз. Ата-анасы бас тартқан бала жалғыз мен ғана емеспін, оны да жақсы білемін, бірақ, «жерде бір жетім қуанса, көкте жүз періште қуанады» деген тәмсілді көп адамдар ұмытпаса екен деймін. Мүмкін жетімдер көп шығар… Серік өңешіне тығылған өксігін жасыра алмай, жанарына жас ірікті. Жап-жас жігіттік шақтың жиырма төртінші терезесін қағып тұрған оның көзіндегі жасты көргенде не деп жұбатарымызды білмедік. Жылы сөзден артық қолдан келер көмегіміз де жоқ екені белгілі. «Тамақ ішпегеніме үш күн болды. «Жанұя» үйінен алған бір бөлмем үшін айына он үш мың теңге төлеймін. Оны жинастырып, төлеп біткенше, осылай аш жүре тұруға тура келеді», – дейді өзінің жүрегіндегі қайғысын айтып жеңілдеп қалғандай болған Серік күлімсірегендей болып. Бірақ, оның жұқалау жүзіне үйірілген бұл күлкінің астарында анасы өзінің туған әкесінің аты-жөнін берген Кенжебеков Серік Жақсылықұлының жас та болса басынан көп қиындықтарды өткерген тағдырының сыры жасырынып жатқанын сезіндік. Жанымыз ашып кеткендіктен оны ауылға баруға үгіттеп көрдік. Қалаға қарағанда ауылдың пейілі кеңдеу ғой, бір туысымызды паналатсақ, бауыр басып кетер деп ойлағанбыз. Бірақ, алға қойған мақсаты биік Серік кіндік қаны тамған Алматысынан ешқайда кеткісі келмейтінін білдірді. «Адамдардан көрмеген жылылықты мен осы Алматының жанға жайлы ауа райынан табамын. Алматы мейірімді қала», – дейді анасына жүрегі жылымағанмен, туған қаласына деген жылы лебізін ақтарған Серік.
Марат Абайұлына рахмет
Серікті тыңдай отырып, оған жұмыс табуға көмектескіміз келді. Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, мән-жәйді түсіндіргенбіз. Орталықтың жауапты қызметкері Марат Абайұлы Серікті орталыққа шақырып, қаламыздағы ірі бір жеке кәсіпорынға жұмысшы етіп орналастыруға уәде берді. Мараттың бұл сөзіне адамдардан әбден көңілі қалған Серік сеніңкіремеген еді. Үш күннен кейін Серік бізге көтеріңкі көңіл күйде телефон соғып, жұмысқа орналасқанын, бастапқы кездегі айлығының 45 мың теңге болатынын, егер жұмысты жақсы істесе басшысының тағы ақша қосуға уәде бергенін айтып, бізден Марат Абайұлына деген рахметін жеткізуді өтінді. Серікпен бірге біз де қуанып қалдық. Газетіміздің сөзін жерге тастамаған орталық қызметкерлеріне риза болдық.
Түйін.
Еліміздегі жетім атанып, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны 99 мыңды құрайды екен. Осындай бір балаға мемлекет тарапынан айына 180 мың теңге жұмсалады екен. Бұл қаражат балалардың мұң-мұқтажсыз өсуіне, білім алуына толық жетеді. Бірақ, Серік айтпақшы, осынша қаражат шығарып, өсіріп жеткізген балалардың одан кейінгі тағдырына да қамқорлық көрсетіп, оларды әскер қатарына қабылдануына, жұмысшылар даярлайтын оқу орындарына түсулеріне жағдай жасасақ, сүрініп кетіп, тағдырларын бүлдіріп алып жүрген жастарымыздың саны азаяр ма еді? Алматы қаласында алғашқы болып бой көтерген «Жасөспірімдер үйі», «Жанұя» секілді үйлердің санын көбейтсек, Серік секілді далада қонып, далада ержетіп жүрген жетімдерімізді жаман жолға түсуден қорғап қалар едік. Баспана беруді қимасақ, шағын отбасылық жатақханалар салып, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және осындай жетім өскен балаларға арналған жастарға арнап жатақхана салсақ, жетім балаларды қинайтын көп мәселенің түйіні шешілер еді. Әр балалар үйлері мен мектеп-интернаттар өздерінен тәрбиеленіп шыққан балалардың санын алып, қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырса, болмаса, қорғансыз қалған жастарға арналған психологиялық орталықтар ашуды ойластырсақ та артық болмас.
Содан кейін некесіз өмірге бала әкелген қыздардың балаларына қыздың туған әкесінің тегін жазу деген сұмдықты алып тастау керек. Туған әкесі өзінің туған қызының баласына қалай әке болады? Серіктің анасы да Серікті өзінің әкесінің атына жаздырыпты. Әкесі деген жерде Перизаттың әкесінің аты-жөні, ал шешесі деген тұста Перизат Жақсылыққызы Кенжебекова деп өзінің аты-жөні жазылып тұр. Бұдан өткен сорақылық бола қоймас. Ал осының кесірінен әкесінің үйі болғандықтан Серік жетім бала ретінде тұрғын үй кезегіне тұрғызылмаған. Перизат ұлын тастап кеткенімен қоймай, оның болашағының да жолын осылай жауып кеткенін біле ме екен. Әй, қайдам. Білсе, баласы іздеп барғанда құшағына басар еді. Сол себепті білім беру және әлеуметтік қорғау органдарына қарасты балалар үйлері мен мектеп интернаттарда тәрбиеленіп шыққан жетім балалардың тағдырына қатысты мәселелерде абай болып, олардың балалар үйінен кейінгі өмірлеріне де қамқор болатын бір мемлекеттік бағдарлама жасауды қолға алсақ деген ойымыз бар. Онсыз да шет ел асып, жат бауыр болып кеткен балаларымыз, түрмелерде жастық шақтарын өткізіп жүрген жасөспірімдеріміз аз емес қой, ағайын. Серік бізбен қоштасарда «апай, менің телефонымды газетке жариялауға бола ма, мүмкін маған көмектескісі келетін адамдар шығып қалатын шығар, мейірімді қала Алматыда мейірімді адамдар бар шығар» деген соң телефонының нөмірін жазып алып қалған едік. Шынында, бір жарым миллионнан астам тұрғыны бар қаладан Серікті бауырына басар бір жанашыр табылар деген үміттеміз. Серіктің телефоны: 8-702-380-07-57.
Біз Серіктің әңгімесінен кейін Алматы қалалық Білім басқармасына хабарласқанбыз. Басқарма қызметкерлері Алматы қаласында жетім балаларға барынша қамқорлық жасалып отырғанын, олардың бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Соңғы бес жылда 140 жетім бала пәтер кілтін алыпты. Серік те осы тізімде болса, пәтер алар еді. Бірақ, ол жетімдер үйінде өскенмен жетім емес. Туу туралы куәлігінде анасы, әкесі бар деп жазылған.
КЕРЕК ДЕРЕК
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы №1 Балалар үйінде 120 бала, №2 Балалар үйінде 75 бала және «Жанұя» жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалаларға арналған мектеп-интернатында 91 бала тәрбиеленуде.
2014-2015 жылдың қорытындысы бойынша 31 балалар үйінің тәрбиеленушісі қаламыздағы колледждерге оқуға түссе, 3 тәрбиеленушісі жоғары оқу орнына түскен.
«Жанұя» мамандандырылған кешеніне тәрбиеленушілер Алматы қалалық психологиялық-медициналық педагогикалық кеңестің жолдамасы арқылы орналасады.
«Жастар үйі» әлеуметтік мекемелердің түлектерін қолдау және бейімдеу орталығына Балалар үйлерінің түлектері жағдайларына байланысты 18 жастан бастап орналаса алады.
Алматы қаласында соңғы бес жылда 140 жетім бала мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға пәтер берілген.
2015 жылы тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 1491 бала есепке алынған.
http://almaty-akshamy.kz/