Азат Перуашев: Ақшақұмарлардың ашылған аранын жай сөгіспен жаба алмаймыз
2015 ж. 09 қыркүйек
3387
7
Біздің мемлекеттік органдар мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар басшыларының жеке есепшоттарының құпиялылығын сақтаудан бас тарта алмайды, оған дайын емес. Сол себепті олардың шетел банктеріндегі есепшоттарындағы ақша көлемі жайында ақпарат алу, оның қазақстандықтар үшін ашық болуы мүлдем мүмкін болмай отыр. Қомақты қаржының Қазақстаннан күмәнді оффшорлық аймақтардағы жеке есепшоттарға алаңсыз ағылуы, тендерді өткізуде жалған құжаттар жасап, қылмысқа жол берген ұлттық компаниялар қызметкерлерінің тек қана сөгіс алумен құтылуы, халыққа тиімсіз қызмет көрсету біздің банктерге неге пайдалы екендігі, Зейнетақы қорының ақшасымен ресейлік «Сбербанкті» қаржыландыру және қоғамдағы өзге де келеңсіз көріністер жайында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» ҚДП жетекшісі Азат Перуашевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
ОФФШОР: ҚОШ КЕЛДІҢ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАРЖЫ!
– Азат Тұрлыбекұлы, биылдың өзінде оффшор арқылы елімізден есепсіз ақша шығарылып жатқаны туралы мәселені Парламентте әлденеше көтердіңіз. Бұл туралы бірнеше депутаттық сауалдар да жолдадыңыздар, әдетте ыңғайсыз сұрақтан үнсіз құтылатын Үкіметтен жауап бар ма, нәтиже қандай?
– Депутаттық сауалдарға жаттанды жауаптар алдық. Сол бұрынғыша банктік құпия туралы заңға сәйкес есепшот иелерінің аты-жөні мен ондағы қаржы көлемін айта алмайтындарын білдірді. Әрине, прокуратура қолданыстағы заң талаптарына сүйеніп, сілтеме жасап отырғанын түсінеміз. Сондықтан да осы заңға банктік құпияға байланысты нақты өзгерістер енгізуді де сауалнамада ұсынған болатынбыз. Өйткені халықтың қомақты қаржысы сеніп тапсырылған мемлекет қарамағындағы мекемелер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының барлық іс-қимылы алақандағыдай ашық болуға тиісті. Соның ішінде олардың шетелдегі есепшоттары да құпия болмауы керек. Бірақ, бүгінгі күні біздің мемлекеттік органдар осы бір «банктік құпия» деген қағидадан қол үзе алмай отыр, оған дайын да емес сияқты. Бұл мәселе заңға байланысты болғандықтан, банк қызметі туралы жаңа заң жобасын талқылауға, өз ұсыныс-пікірлерімізді білдіруге біз қашан да дайынбыз. Басқа емес, дәп осы мәселе депутаттар арасында үлкен дау-дамай тудыратынын да білеміз. Аталмыш басшыларға байланысты «банктік құпияны» өзгерту туралы ұсынысты жасағанымызбен бізді өзге әріптестеріміз қолдай қояр ма екен? Мәжілістегі 107 депутаттың сегізі ғана ақжолдықтар, тағы да «жалғыздың үні шықпас» дегендей жаңа заң жобасы қаралғанымен біздің даусымыз өтпей қалуы әбден мүмкін.
– Бұл мәселеге қатысты сіздер айтарлықтай айғақтар, нақты дәйектер де келтірген болатынсыздар, оның да көмегі болмағаны ма?
– Өкінішке орай, нақты деректердің өзі белгілі бір шешім қабылдауға кейде кепілдік бермейді. Өзге фракциядағы бірқатар депутаттар бізді қолдайтындықтарын білдіргенімен, жеме-жемге келгенде керісінше дауыс беретін кездері де болады. Депутаттың жеке пікірімен қатар көппартиялы Парламент болғандықтан фракция мүшелерінің ортақ шешімін де есептен алып тастай алмаймыз.
– Обыр оффшорға қарсы заңның қабылданбауы Парламенттегі басымдылыққа ие «Нұр Отан» партиясы фракциясының қатарында бұрынғы шенеуніктердің көп болуынан емес пе?..
– Мәселе бұрынғы шенеуніктерде ғана емес, мәселе ел экономикасын мемлекетке тәуелділіктен құтқаруда. Салыстырып көрелікші, мысалы квази мемлекеттік секторда сол шенеуніктердің өздері жүргізетін мемлекеттік сатып алуларға қарағанда қаржы айналымы 7-8 есе артық. Қазір Ұлттық банк, ұлттық компаниялар, мемлекеттік кәсіпорындар нақты жауапкершілік жүктейтін «Мемлекеттік сатып алулар туралы заңның» аясынан шығарылған, олар «Самұрық-Қазына» қорының ішкі ережелері бойынша жұмыс істейді. Оған қоса, әр компания өздеріне қолайлы қағидалар қабылдап алып, жасаған қылмыстары үшін асып кеткенде жай ғана сөгіс қана жариялаумен шектеледі. Нәтижесінде ешкім ештеңеге жауап бермейді. Ал сөгіспен ақшақұмарлардың сүйегін сырқыратып, ар-намысын оята алмайтынымыз белгілі, керісінше арандарын аша түсеміз. Жауапкершілік жоқ жерде қылмыс та көбейіп кетеді.
Есеп комитетінің мәлімдемесінде, мысалы мемлекеттік кәсіпорындар Маршалл аралдарында тендер өткізгендері туралы деректер бар. Онда тауарларды біздің қазақстандық нарықтағыға қарағанда 4 есе қымбатқа сатып алғандығы айтылған. Бұл құйтырқы әдістің не үшін жасалғаны жаңалық емес. Шын мәнінде, тауарлар арзан бағаға сатып алынып, құжатта көрсетілген баға арасындағы айырмашылықтан түскен 200-300 пайыздық ақша тағы да сол оффшордағы біреулердің есепшотын толтыратыны айтпаса да түсінікті. Яғни, көз алдымызда экономикалық қылмыс ашық өтіп жатыр деген сөз. Сондықтан да біз квазимемлекеттік секторға баса назар аударуымыз қажет. Ең бастысы, мемлекеттің экономикамызға кері ықпалы мен бизнеске бөгет жасауын тоқтатып, олардың толып жатқан еншілес кәсіпорындарын негізсіз бәсекеге енгізудегі құйтырқы жолдарын кесу керек. Кәсіпкерлікте, бизнесте таза, табиғи бәсеке болғаны жөн.
КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДАҒЫ ҚҰЙТЫРҚЫЛАР
– Азат Тұрлыбекұлы, квази немесе жалпақ тілмен айтқанда, жалған мемлекеттік сектордың сатып алу қызметін реттейтін жаңа заң қабылдауға бағытталған сіздің ұсынысыңыз билік тарапынан неліктен қолдау таппады?
– Рас, мұндай жаңа заң қабылдау қажеттілігі туралы пікірді Үкіметке бірнеше рет ұсынған болатынбыз. Тіпті, 2013 жылы Қаржы министрлігі өз жауап-хатында «Ақ жол» партиясы депутаттарына осыған байланысты жаңа заң жобасын талқылауға енгізуге уәде берген-ді. Сол жолы Мемлекеттік сатып алулар туралы заңнан отандық тауар өндірушілер үшін преференцияларды алып тастап, «Мемлекеттік органдардың қалам-қарындаш секілді кеңсе тауарларын сатып алуға бақылау жасаудың керегі қанша? Одан да әлдеқайда көлемді қаржы жұмсалатын ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың сатып алуына бақылау жасаған тиімді және ұтымды болады» деп сендірген болатын.
Бірақ, сатып алудағы жауапкершілікті арттыратын жаңа заң жобасы сол уәде күйінде, сол құрғақ сөз қалпында қалды. Ешқандай жаңа заң жобасы Мәжіліске ұсынылған жоқ. Биылғы жылдың көктеміндегі біздің кезекті сауалымызға «Бүгінгі заң ережелері қолданыста тұрғанда жаңа заң қабылдаудың мән-мағынасы жоқ» деген биліктің бұлыңғыр жауабын алдық. Ал бізді мұндай жалпылама жауап мүлдем қанағаттандырмайды. Тағы да салыстырып көріңізші, сатып алу заңының бұзылуына байланысты 4 жылда 2,5 мың шенеунік жауапкершілікке тартылған екен. Оның ішінде 200 адамға қылмыстық іс қозғалған. Ал осы уақыт аралығында айналымдағы ақшасы 7-8 есе көп квазимемлекеттік сектордағы заңбұзушылық үшін небары 118 қызметткер ғана жауапқа тартылған, онда да жай ғана сөгіс берумен шектелген. Айырмашылық бар ма? Бар, арасы аспан мен жердей емес пе!
Сол себепті де біз биылғы маусым айында осы мәселені қайта көтердік. Үкіметке мемлекеттік компаниялардың сатып алу жұмысын реттейтін жаңа заң жобасын жасауды қайта құлаққағыс еттік. Ондай заң Еуразиялық біздің одақтастарымызда бұрыннан бар. Мысалы, Ресейде өз тауар өндірушілерінің құқығы заңмен нақты бекітілген.
– Сонда қалай, тіпті бүгінгідей дағдарыс кезеңнің өзінде квазимемлекеттік сектор қазыналық қаржыны шетелге заңсыз шығарудың басты арнасы болып отырғаны ма?
– Бұл байлам емес, болжам ғана. Себебі берік байлам, түпкілікті тұжырым айту үшін құқықтық негіз керек. Ал ондай заң болмаған жерде не айтуға болады? Ештеңе. Ұрлық, жемқорлық дегендердің заңның ең әлсіз жерлерін дөп тауып, соны тиімді пайдалана білетіні бәрімізге белгілі. Ал біздің Үкімет жаңа заң енгізіп, осы саланың жұмысын реттеуге аса құлшынып отырған жоқ.
БЮДЖЕТТІК БҰРАЛАҢДАР
– «Самұрық-Қазына» басшылары өздерінің қызметі таза, ашық жүргізіліп жатыр дегеннен танар емес. Сарапшы мамандар болса «Самұрық-Қазынаның» өз басында тәртіп болуы мүмкін, ал оның толып жатқан еншілес, халық арасында «ағайындас», «туыстас» деп аталып кеткен компанияларда заңбұзушылық мүлдем етек алып кеткенін ашық айтуда...
– Сарапшылардың бұл пікірімен мен де толық келісемін. «Самұрық-Қазына» – мемлекеттік меншікті, халықтың қазынасын басқаратын алып холдинг. Сол сияқты көптеген кәсіпорындардың акцияларына да ықпалы зор. Ол компаниялар өз білгендерінше жұмыс істеп жатыр. Алдында айтқанымдай, «Самұрық-Қазына» немесе өзге ұлттық және мемлекеттік компаниялар өз қағидаларымен, өз ішкі заңдары бойынша қызмет етеді. Бұл елден ерекше ережелерді кім бекіткенін, оны кім бақылайтыны түсініксіз. Есесіне тендерлерде отандық басқа кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, бәсекеден шеттетіп, олардың құқығын аяққа таптайтын фактілер жиі орын алады. Осыған байланысты біз түрлі құқық қорғау орындарына үнемі арыз түсіріп келеміз. Рас, біздің арызымыз бойынша Бас прокуратура мен жемқорлыққа қарсы күрес орындары тексерулер жүргізеді. Әділін айту керек, олар жалған конкурс құжаттары мен сертификаттардың бар екенін және басқа да көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді. Бірақ, ешкімді жауапқа тарта алмайды, өйткені осыған қатысты заң жоқ. Олар заңнан тыс қалып отыр. Тағы да айтайын, квазимемлекеттік сектордағыларды тек қана тәртіпке шақыруға болады. Тіпті сол заңбұзушылық үшін жұмыстан да қуа алмайсыз, ешқандай жауапкершілікті олар сезініп отырған жоқ. Ал қолдарында миллиардтаған қаржы тұрса мұндай жауапкершілік жоқ жерде «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегеннің кері орын алатыны белгілі ғой.
– Осыншалық кемшіліктерге қарамастан Үкімет жағдай түзелді деп жар салып келеді. Сіздің ұсынысыңыз кейбіреулерге мүлдем ұнамайтындай көрінеді, бұны қалай түсінуге болады?
– Көптеген құзырлы орындарда бұған ашықтай болмаса да, іштей қарсы тұрушылар баршылық, оны біз де сезіп отырмыз. Ол түсінікті де. Ашығын айтсақ, қазір кез келген министрлікте, кез келген ұлттық немесе мемлекеттік компаниялардың бәрінде өздерінің ЖШС, АҚ деген сияқты «еншілес» дейміз бе, «ағайындас» дейміз бе кәсіпорынсымақтары жетерлік. Мемлекеттік бағдарламаларға арналған қомақты қаржылар солар арқылы өтеді. Көптеген істерді атқару тендерде «жеңіске жеткен» соларға жүктелген. Әрине, әрбір мемлекеттік немесе ұлттық компания өз «еншілесінің», өз «ағайындасының» аты озғанын қалайды, соған тікелей мүдделі. Оларға сырттан келіп бөгет жасауға болмайды. Сөз жоқ, мұндай қолдау көріп отырған кәсіпорындар өз міндетін мінсіз атқармақ түгіл, осы өзгелерден артықшылықтарын қалай да өз мүддесіне орай ұтымды пайдаланудың жолдарын алдымен қарастыратыны анық. Тіпті бағдарламаға бөлінген ақшаны азсынып, үстінен тағы да қаржы сұрауға дейін баратындарын қайтерсіз. Мысалы, Ұлттық медициналық холдинг 2014 жылы ешқандай жұмыс істемей босқа тұрған құрал-жабдықтардың амортизациясы үшін 1,7 миллиард тенге қосымша қаржы алған. Әдетте жұмыс барысында аппарат тозып немесе бүлініп, соны жөндеуге қосымша қаржы керек болатыны белгілі, ал қарап тұрған құрылғының қай жері бүлінуі мүмкін? Бұл енді шектен шыққандық деуге болады.
Айта кетелік, бұл холдинг сатып алып орнатқан құрылғылар міне бірнеше жылдан бері жұмыс істемей босқа тұр. Бұл қаржылық қағидаға ғана емес физикалық заңға да қарама-қайшы келетін құбылыс. Сөйте тұра оған қосымша қаржы бөлгізді. Оны жұмсап та үлгерді. Бұның заңсыз екенін ең тәжірибесіз деген бухгалтердің өзі айтып бере алады. Үкіметтің есепті баяндамасын тыңдап, талқылағанымызда мен осы заңсыз бөлінген 1,7 млрд. теңгенің қайда кеткенін сұраған болатынмын. Міне, екі айдан аса уақыт өтті, сол қыруар қаржы құйрығын да көрсетпей кетті ме, әлі ешқандай жауап жоқ.
Әрине, квазимемлекеттік секторлардағылардың бәрін ұры немесе жемқор деп айыптауға әсте болмайды. Ол әділдікке жатпайды. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші қолы мен ары былғанғандардың қырсығынан адал жұмыс істеп жатқан басқаларға да кір келетінін түсінеміз. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп», ҚТЖ, «ҚазМұнайГаз» секілді алыптар экономикамыздың негізгі салаларына инвестиция құйып, қазіргі заманға сай кәсіпорындар жұмысын жандандырып келеді. Оларға алғыстан басқа не айтуға болады. Соның өзінде оларда да ашықтық үнемі бола бермейді, демек қаржылық қауіп-қатер мен тиімсіздіктен әлі де толық арылып болған жоқпыз.
Бұл бағытта тапсырыс беруші мен орындаушыға қатысты ерекше айта кететін тағы бір мәселе бар. Мемлекеттік немесе ұлттық компаниялар тапсырысты уақытынан кешіктіріп орындаса да ештеңе болмайды. Ал жеке бизнестегі кәсіпорынға бірден айыппұл салынып, ертеңгі күні қараңға айналады. Бұл да теңсіздіктің, әділетсіздіктің айқын көрінісі емес пе?
Кейде келісімдерді орындау мен банктік несие төлем мерзімі 1-6 айға дейін ұзартылады. Мәселен, жолыңыз болып сіз келісімге қол жеткіздік делік. Ал оны іске асыру үшін, нысанды салуға немесе қажет құрал-жабдықтарды алуға ақша керек. Тапсырыс шағын болса бір жылда атқарып шығасыз. Соның өзіне сіз банктен қарызға ақша алауға мәжбүрсіз. Біздегі банктердің мөлшерлемесі 18-25 пайыз аралығында. Демек алдағы көретін пайдаңыздың осыншама бөлігін банкке бересіз. Не үшін? Егер келісім уақыты ұзартылса тағы да ай сайын 1,5-2 пайызын беруге тиіссіз. Сонда не қалады? Біздің кәсіпорындардың көретін пайдасы онсыз да 10-15 пайыздан аспайды. Жаңағыдай жұлмалаудан соң олардың табатын кірісі мүлдем кемиді. Бізде осындай қысыммен кәсіпкерлердің тынысын тарылтып, қолдарын байлау кеңінен етек алған, одан кейін экономикамыз қалай дамымақ?..
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАУІП-ҚАТЕР
– Зейнетақы қорында жиналған қаржыны пайдаланудың өзі де бүгінгі күні үлкен мәселеге айналып отыр. Сіздің ойыңызша, бұл қаржыны тиімді пайдаланып жатырмыз ма?
– Зейнетақы қорына біржақты қарауға болмайды. Біріншіден, ол халықтың қартайған шағында пайдалануға арналған қаржысы болғандықтан, әлеуметтік мәнін жете бағалауымыз керек. Сондықтан оны біз көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз. Екіншіден, ол халықтың сеніп отырған экономикалық ресурсы. Ондағы ақша көлемі біздің барлық банктердің қаржысын қосқандағымен пара-пар. Осы қордағы қаржыны дұрыс пайдалана білу ел экономикасының артуына үлкен үлес қосар еді. Біз Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын ашып мемлекет қарамағына бергенде осы салада белгілі бір тәртіп орнататындай уақытша шара екенін ескерткен болатынбыз. Өйткені толып жатқан қорлардағы қаржы көлемі мен оның қайда кетіп жатқанын анықтау мүмкін болмай қалды. Ондаған осындай қорлардағы қызметтің құпиясы көбейіп кетті. Сөйтіп оларды біріктіргенде 90 миллиард теңге жетпейтін болып шықты. Соған қарамастан мен Парламентте бұл салаға тәртіп орнатқан соң 2-3 ірі жекеменшік зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру туралы ұсынысымды айтқан болатынмын. Неге? Өйткені мемлекет – нашар менеджер. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Оны күнделікті тәжірибе де көрсетіп келеді емес пе? Мемлекеттік монополия – шенеуніктердің қызметін асыра пайдалану мен тиімсіздікке апаратын бірден бір төте жол болып табылады. Мен біздің зейнеткерлердің өз қалауынша тиімді қорды таңдайтын мүмкіндігі болғанын қолдаймын. Біріншіден, Ұлттық банкке он шақты емес екі-үш қордың жұмысын қадағалау да жеңілірек болар еді. Екіншіден, қорлар арасында бәсеке пайда болып, әрбір клиент үшін жанын салып жұмыс істейтін болады.
– Зейнетақы қорындағы қаржыны екінші дәрежедегі банктерге орналастырып, олардың құнды қағаздарын сатып алуға жұмсалғаны жайында жақында белгілі болды. Сіздің депутаттық сауалыңызға Ұлттық банк «Бұл қалыпты жағдай» деп жауап бергенін білеміз. Бұның өзі басынан бұлт кетпеген Зейнетақы қорына төнген кезекті қауіп-қатер емес пе?
– Егер олар лайықты қызмет көрсетсе, екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеуге мен қарсы емеспін. Істесін, қызмет көрсетсін оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары зейнетақы қорының қаржысына сақтықпен қарағанымыз жөн. Өйткені ертеңгі күні миллиондаған қарияларымыздың тұрмыс-тіршілігі соған қарап тұр. Ұлттық банк өкілдері қатаң қадағалауға алдық, арнайы кеңес бақылау жасайды дегеніне сенгіміз келеді. Сол сияқты мемлекеттік кепілдік беріледі дейді. Мемлекеттік дегенде көкейде көптеген сұрақтар мен күдік пайда болады. Тағы да шенеуніктердің шырмауына түсіп, қаржы тиімсіз пайдаланыла ма деген ой мазалайды көпшілікті.
Әлем әрі-сәрі жағдайды бастан кешіп отыр, дағдарыстың ызғары біздің банктерді де шалуы мүмкін. Зейнетақы қорындағы қаржыны сол банктерге сеніп тапсырған соң кез келген қаржылық қауіп халық үшін апатпен бірдей. Әсіресе, зейнеткерлер үшін. Сондықтан біздің банктерге түпсіз тәуекелге баруға болмайды. Ол отпен ойнағанмен бірдей қауіп-қатер болып есептеледі.
Жақында «Ақ жол» фракциясы Ұлттық банкке кезекті сауалын жіберіп, «Мемлекет екінші деңгейдегі банктердің тиімсіз жұмысын қашанғы қолдай бермек?» деген сұрақты тіке қойдық. Өйткені Парламент қарауына осымен үшінші рет банктерге салық жөнінен жеңілдіктер қарастырылатын заң жобасы келіп түсіп отыр. Қарап отырсақ, мемлекет оларға миллиардтаған қаржы беріп, үнемі қолдап келеді. Сөйте тұра, біздің бүкіл экономикамыз, барлық тұрғындарымыз банктерге қарыз. Неге? Неге оларға осыншама еркіндік берілуі керек? Енді, міне, зейнеткерлердің сенім артып отырған ақырғы ақшасын да олардың алақынына салып бердік.
Ойлап көріңізші, алатын сомадан екі есеге жуық артықшылығымен кепілдік болмаса бірде-бір банк ешкімге, тіпті өз әкесіне де несие бермейді. Сол кепілдіктің (жылжымайтын мүлік т.б.) арқасында несие алушы қарызын бермей кетсе де банк ұтылмайды, керісінше ұтады. Ертең-ақ сот арқылы жылжымайтын қымбат мүлкін тартып алып, тегін пайдаға кенеледі. Біреулердің баспанасыз далада қалғанына, сөйтіп өз-өзіне қол жұмсағанына олардың қабырғасы қайыспайды. Мұндай қайғылы трагедияны біздің тұрғындарымыз талай рет басынан өткергені белгілі. Ал несие алғандарды кім қорғайды? Ешкім де! Бұл жерде нені байқауға болады? Банкке несиені өтей алмайтындармен жұмыс істеу тиімді. Біріншіден, алдында айтқанымыздай кепілдіктегі мүлікке ие болады. Екіншіден, Үкімет «бейшара» күйге түскен банктің салығын жеңілдетеді, оған қоса мемлекет тағы да үйіп-төгіп көмекке ақша береді. Сонда біздің банктеріміз мемлекетті алдап, халықты ақымақ есебінде ұстап, көпекөрнеу қанап отырғаны емес пе? Міне мәселе қайда жатыр...
Оған қоса, қазір банктеріміз сол несиені тенгемен бермейтін әдет тапты. Бәрін де доллармен, еуромен байланыстырады. Теңгемен берсе 25 пайыздан төмен түспейді. Ал, 25 пайызбен несие алған адам алысқа кете алмайды, ертең оны төлеу керек, сөйтіп банк үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Бүгін банктер өндірісті қаржыландырудан қаша бастады. Сондықтан, тойымсыз банктерді қаржыландыра беруді тоқтатып, ақшаны нақты экономика саласына салуды ұсынып отырмыз. Өйткені банктің құнды қағазы ертең-ақ ешкімге керегі жоқ қоқысқа айналуы мүмкін. Сол кезде миллиондаған зейнеткерлерге ақшаны қайдан тауып бермекшіміз? Банк тағы да мемлекетке алақанын жаяры сөзсіз. Ондай банктерден зейнеткерлерге ғана емес, жалпы халыққа, мемлекетке де зиянынан басқа пайдасы жоқ екенін айтудың өзі артық. Бұл теңге тапшылығына байланысты сұрақты біз бюджетті талқылағанда Келімбетовтің тура өзіне қойған болатынбыз. Бас банкир банктерді теңгемен қамту өз міндетіне жатпайтынын айтып, ат-тонын ала қашты. Ал шын мәнінде, бүкіл банктік қызметті бақылап отырғандықтан, бұл оның тікелей міндеті емес пе? Сонда қалай болғаны, зейнетақы қорының қаржысын оларға беріп қойып, оның қалай пайдаланылып жатқанын бақылаудан бас тартқаны ма? Олай болса ертең зейнеткерлердің ақшасының бір тиынын да таба алмай қалуымыз әбден мүмкін.
Мемлекет, соның ішінде Ұлттық банк те Елбасымыз тапсырғандай долларға тәуелсіздік саясатын ұстанып отырмыз дейді. БЗЖҚ ақшасын теңгемен беріп отырмыз, олай болса тұтынушыларға да теңгемен жетуін қадағалау қажет қой. Банктер девальвациядан қорқатын болса оған қарсы түрлі әдістер бар емес пе? Яғни банктеріміз бас қатырып бұл бағытта жұмыс істегісі келмейді деген сөз. Олар тек өздерінің қамын ойлап, жоғары үстемемен өз қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етеді.
Мен біреулерді мұқатып, сағын сындырайын деген ойым жоқ. Қазіргі жағдай осындай тіке сұрақтар қоюға мәжбүрлейді. Сондықтан да жақында Ұлттық банк пен Экономика министрлігіне «Қандай мемлекеттік орган теңге үшін және несие беру жұмысы үшін жауап беретінін алдымен анықтап алыңыздар» деп ұсыныс айтқан болатынбыз. Шынында банктерді қолдаушылар көп, ал шығын мен қызмет сапасына жауап берушілер жоқ.
– БЗЖҚ қаржыландырған банктердің арасында ресейлік Сбербанк та бар екен. Бұл да әлемдік тәжірибеге иек артқандық па?
Шынын айтсам, бұл дұрыс емес, өз басым бұған түбегейлі қарсымын.
Әрине, ресейлік Сбербанк, дәлірек айтсақ, Қазақстандағы филиалдары тез дамып келе жатқан қаржы мекемелері екенін мойындауымыз керек. Олардың жағдайлары біздің банктерге қарағанда жақсы. Бірақ, ол да алдамшы көрініс болуы ғажап емес. Көбірек клиент тарту үшін қазіргі кезде небір құйтырқы әдістерге баратыны белгілі. Сондықтан барынша сақ болғанымыз жөн. Оның үстіне басқа емес, зейнеткерлердің қаржысы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Алдында айтқанымдай оның әлеуметтік жауапкершілігі тым ауыр болады.
ҚОҒАМҒА ҚАРАҒАНДА БАСШЫ БАҒАЛЫ БОЛҒАНЫ МА?
– Басқаларға қарағанда «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалдарды жиі жолдайтынын жұрт жақсы біледі. Өйткені ол көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар екені де белгілі. Үкімет және басқа да құзырлы орындар осы сауалдарыңызға дер кезінде, қажетті деңгейде жауап беріп жүр ме?
– Иә, бұл біз үшін үлкен мәселе. Кейде күлкілі жағдайға жететіні бар. Мысалы кейбір маңызы зор күрделі сұраққа жарты бетке жетер-жетпес жауап аламыз. Тіпті біздің сауалымызды толықтай қайталап, сұрақ белгісінің орнына нүкте қоя салып жіберетіні де бар. Толық жауап алу үшін бір сауалды 2012-2013 жылдар үш реттен қайталап жіберуге тура келген-ді. Ақырында мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға атүсті қарайтындығы жөнінде мәселе көтеруге тура келді. Оны БАҚ-та «Сауалға сауал» деп атап кеткенін білесіздер. Содан кейін жауаптар түзеле бастады. Қай істе болмасын табандылық керек. Ал депутаттық сауалдар бостан-босқа қойылмайды. Ол сауалдың артында халықтың мүддесі, ойы мен пікірі тұрған жоқ па? Сондықтан да кез келген депутаттық сауалға олар жауапкершілікпен қарағаны жөн.
– Осы бір үрдіс ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Бұл депутат пен оның артында тұрған халықты сыйламау ма, әлде «осы да жарап жатыр оларға» деген жауапсыздық па?
– Екеуін де айтуға болады. Бұл жауапсыздық, бюрократизм. Министрліктерде біздің сауалымызсыз-ақ жұмыстар көп екенін білеміз. Бірақ, бүгінгі заман талабына сай ашықтық, халық алдында есеп беру деген болу керек қой. Кейде соны да олар ұмытып кететінге ұқсайды.
Қазіргі кезде қоғамның, яғни халықтың ой-пікірі жоғарыда отырған басшылардың әмірінен әлдеқайда құндырақ болу керек. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мәтелге сүйенсек бұрындар да солай болған. Өкінішке орай біздің шенеуніктер керісінше ойлайды. Халықты түкке тұрмас тобыр ретінде санап, басшысын Құдайындай көреді. Ол дұрыс емес.
ПАРТИЯ ДА АРМИЯ СИЯҚТЫ
– Азат Тұрлыбекұлы, кезектен тыс Парламент сайлауына сіздің партия дайындалып жатыр ма?
– Биыл сайлау бола қоюы екіталай. Ал 2016 жылы онсыз да Парламентке депутаттар сайлау мерзімі келеді.
Партия да армия сияқты екі жағдайда өмір сүреді, әскер не соғыста болады немесе соғысқа дайындық жасайды. Партия да сайлауға қатысады немесе соған дайындалады. Сайлауға дайындық алдында ғана сайланған күннің ертеңінде басталады.
– Келесі сайлауда қандай межені жобалап отырсыздар?
– Алдын ала бал ашқым келмейді. Ең бастысы, біз Парламентте тұрақты және үлкен жұмыс атқарып келеміз, оны сайлаушыларымыз жақсы біледі. Әрине, қазіргі жүздеген депутаттардың бәрі де өзін Парламентте босқа отырмын деп есептемейді. Сондықтан бұл жерде біздің емес, сайлаушылардың пікірі, халықтың берген бағасы құнды, заңды болып есептеледі деп ойлаймын. Бізге дауыс берген 600 мың адамның сенімін ақтай алдық па, жоқ па оны сайлаушылар айтатын болады. Шындығында Парламентте біз шешуші дауысқа ие емеспіз, сондықтан барлық мәселені жеке-дара шеше алмаймыз. Бірақ, өзіміздің сайлаушыларымыздың ой-пікірін жеткізетін мүмкіндігіміз бар. Сайлаушыларымыздың сенімін ақтау үшін сол берілген мүмкіндікті «Ақ жол» партиясы толығымен пайдаланып келе жатыр деп айта аламын.
Елена Нефедова
informburo.kz