Елбасы болу оңай ма? Басқасын айтпағанда өмірі үнемі қыл үстінде тұратыны рас қой. Президент – аса қауіпті қызмет. Әсіресе, діни радикализм, ұлтараздығы мен әлеуметтік жік асқынған қазіргі әлемде президенттердің басына жиі қауіп төнеді.
“Шын” ақпарат агенттігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалмақ болған қастандықтарды санап көрді.
2001 жылдың 20 қарашасында Қасымжомарт Тоқаев “
соңғы үш айда ғана қазақстандық арнайы қызмет ел президентіне дайындалған екі қастандық фактісін анықтады, бұл туралы халыққа хабарланған жоқ” деген болатын. Алайда, бұл мәлімдеме сенсация бола алмады. Ешкім оны растаған да жоқ, жоққа да шығармады. Президент те ол туралы жақ ашпады. Бірақ, әдеттегідей халықтың ортасында емін-еркін жүріп-тұрып, көп адам жиналған іс-шараларға барды. Дегенмен, президенттің күзеті бұрынғыдан күшейтілді: оққағарлардың саны артты, резиденция күзеткен гвардия сарбаздары көбейді. Президент жаңа, бұрынғысынан да сенімді брондалған Mercedes көлігіне ауысып отырды.
2002 жылы 16 қаңтарда сол кездегі ҰҚК-нің су жаңа төрағасы Нартай Дүтбаев қауіпсіздік қызметкерлері президенттің жеке күзетімен бірлесе отырып
Нұрсұлтан Назарбаевқа дайындалған қастандықтың алдын алды деп хабарлады. Оның айтуынша, лаңкестер шетелде дайындалған көрінеді. Мәлімдемеге сенімсіздік танытқандар да болды. Мәселен, жоғары жақтағы істерден хабары бар Ораз Жандосов олай болуы мүмкін емес деген болатын.
2002 жылы сәуір айында астанадағы үкіметтік тасжолдың бойынан күдікті пакет табылды. ҰҚК таратқан хабарламада пакеттен сағат мехнизмі бар жарылғыш зат табылғаны
айтылды. Аталған тасжолмен президент жиі өтетін. Қауіпсіздік қызметкерлері бұл елбасына қарсы дайындалған қастандық болуы мүмкін деген болжам айтқан.
2006 жылы сәуір айында елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың кортежіне АҚШ елшілігінің қызметкері мінген көлік қақтыға жаздады. Ли Генри Ричард атты әлгі қызметкер президенттің кортежі Алматыдағы резиденциясынан шығып кетіп бара жатқанда елшіліктің нөмірі бар джипімен президенттің лимузиніне қарай ұмтылған. Жол полициясының тоқта деген бұйрығына бағынбай лимузинді қуып жетіп жанаса бере рөлін оңға бұрып қағып жібермек болған.
Бақытқа орай, президенттің жүргізушісі дер кезінде қақтығыстан қашып үлгерген. Сол кездегі Ішкі істер минитрлігінің Жол полициясы департаментінің басшысы болған Өмірзақ Түсімов БАҚ-қа американдықтың кортежге ұрынып қана қоймай, бір ҰҚК қызметкерін қағып кеткенін, жол полициясы инспекторларына бағынбай, тіпті, біреуіне қол жұсмап жарақат салғанын айтты. Дипломат тоқтамай қойған соң Жолдасбеков пен Достық көшелерінің қиылысында келгенде инспектордың біреуі джиптің баспалдағына секіріп жабысып алып, жүргізушінің қауіпсіздік белдігін мойнына орап буындырып барып тоқтатқан. Ол елшіліктің басқа қызметкерлері келгенше көліктен шықпай отырып алған.
2012 жылдың шілде айында Алматының іргесіндегі Таусамалы ауылындағы бір үйде алапат жарылыс болып 8 адам өледі. Оқиға орынын тексерген полиция көптеген заттай айғақтарға тап болады: қару-жарақтар, қолдан жасалатын жарылғыштың бөлшектері (селитра, подшипник) , діни кітаптар, ақша мен қазақстандық құқық қорғаушылардың бірнеше түрлі формасы және т.б. Қауіпсіздік қызметкерлері бұлар елбасына қастандық жасамақ болуы мүмкін деп күдіктенеді. Себебі, жарылыс болған үйден 50 метр жердегі тас жолмен президент Нұрсұлтан Назарбаев туған ауылы Үшқоңырға баратын. Дәл сол уақытта елбасы Үшқоңырға келеді деп жұрт дайындалып жатқан. Іле-шала лаңкестік топтың өзге мүшелері де анықталып, олар тығылған үй қоршауға алынады. Берілуден бас тартқан 9 лаңкестің көзі жойылады.
2013 жылдың қаңтарында қолға түскен “астаналық лаңкестер” деп аталатын топты құраған алты адам сол жылы тамыз айында сотталды. 5 жылдан 10 жылға дейінгі түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған сотталушыларға “елде жарылыстар жасап жұртты үрейлендіру, халифат орнату үшін мемлекеттік билікті басып алу, Астана опера және балет театрының ашылу салтанатында теракт жасап, елдің жоғары лауазымды тұлғаларын, соның ішінде президентке қастандық ұйымдастыру мақсатында топ құрған” деп айып тағылды.