БІЛІМ министрі «диктанттан» «ЕКІЛІК» алса, біз қалай БІЛІМДІ боламыз?!.
2015 ж. 23 тамыз
6249
14
1 ҚЫРКҮЙЕК - БІЛІМ КҮНІ
«Қазақ үні» газетінде білім саласы о бастан тұрақты түрде жиі көтеріліп келеді. Ал бүгінгі Білім министрінің жиі сынға алынуына байланысты кейбір түсінбеушіліктерді түсіне отырып, түсініктеме бере кетуді жөн көрдік.
Бірінішіден, шындығын айтар болсақ, осы сайттан немесе газеттен қарасаңыздар, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен Білім министрі Аслан Сәрінжіповтың арасындағы даудан бұрын да бізде білім мәселесі жүйелі түрде көтеріліп, сыни мақалалар жиі шығып келе жатқанына куә боласыздар. Қайта, аталмыш дау туған соң, ел теріс ойлап қалады деп сынымызды азайттық. Екіншіден, «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының ұлттық мүдде мен тіл мәселесіндегі берік ұстанымын ел жақсы біледі. Бұл жерде басқа министрлік емес, БІЛІМ министрі бірінші сыныпқа арналған қазақ тілі «диктантынан» «екілік» алып отырса, оған неге көз жұмып қарауымыз керек?!. ( «Мемлекеттік тілде 8 сөзден 3 қате жіберетін МИНИСТР басқа елде бар ма?!.» ) http://www.qazaquni.kz/?p=39600 Оқушылардың тесті сұрағына жауап бере алмағанын айтпай-ақ қойғанда... («Білім министрі тест сауалына жауап бере алған жоқ!..») http://www.qazaquni.kz/?p=24981 Онда біздің болашағымыз – балаларымыз қалай білімді болады? Әлеуметтік желіде «министр-двоечник» атанған, «диктанттан» екілік алғыш Білім министрі шынында да тек Қазақстанда ғана болатыны анық... Мұндай министрге оқушылар мен студенттерді айтпағанда, оқытушылар, министрліктің негізін құрайтын ұстаздар қауымы қалай қарайды? Білім министрінің тек қазақша сауаты ғана емес, министрліктің түрлі келеңсіздік пен берекесіздіктің шырмауынан шыға алмай, етегіне сүрініп, еңсесін түзей алмай, қайта-қайта сүріне беруіне қарап, болашақ білім министрі кезінде мектеп оқулығынан талай көрген белгілі суретші Ф.Решетниковтың «Опять двойка» деген әйгілі қартинасы еске түседі екен... Астаналық 2-ші сынып оқушысы Әмина Жарылқасынның «Өзін-өзі тану» оқулығындағы бір мәтін екі жерде екі автордың атында жарияланып келген масқара қателікті көріп, «Қазақ үні» газетінде Білім министріне жазған хатына 9 айдан бері жауап жоқ... 2010 жылдан бері министрліктегі оқулыққа жауапты қызметкерлер мен сан мыңдаған мектеп мұғалімдері, оқулықтың ғылыми атақтары бар бақандай 5 авторы 5 жыл бойы 2 сынып оқушысы бірден көрген бұл қатені қалай байқамай келе жатқанына таңымыз бар?!. («ОҚУЛЫҚТАҒЫ ЕКІ АҚЫННЫҢ ҚАЙСЫСЫ “ҰРЫ”, МИНИСТР МЫРЗА?») http://www.qazaquni.kz/?p=31887 Оқушыны айтасыз, ұстаздардың, жалпы саны 176 зиялының министр А.Сәрінжіповке жазған хатына да 6 айдан бері әлі жауап жоқ. («ҮНСІЗ МИНИСТР 176 ЗИЯЛЫНЫҢ ХАТЫНА ЖАУАП БЕРЕТІН ШЫҒАР…») http://www.qazaquni.kz/?p=39431 Ал кеше ғана жыл сайын жыры бітпейтін ҰБТ қорытындысында ең жоғары 125 балл жинаған 432 үздік үміткердің далада қалғаны, ақыры қол астында не болып жатқанын білмейтін Білім министрі жылдағыдай ректорларға жалынып жүріп, оларды өздері қалаған, жүлде алған мамандықтарына емес, басқа мамандықтарға әупірімдеп іліндіріп жатқаны баспасөзде күнде жазылуда. Шынында да, «125 балл жинаған 432 үздік талапкер, “Алтын белгі” иегерлері және Халықаралық олимпиада мен түрлі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары грантқа іліге алмауына министр Сәрінжіпов не деп жауап береді? Министрлігіндегі “бардакқа” бас шұлғумен басы салбырап отыра бере ме?» («БІЛІМ министрлігіндегі ЖҮГЕНСІЗДІК») http://www.qazaquni.kz/?p=3951 Бұл жерде білім саласындағы шенеуніктердің мемлекеттік тілдегі сауаты туралы сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Оны министріне қарап-ақ шамалап та отырмыз, көріп-біліп те жүрміз. Ал тіл мәселесі – қайталап айту ғана аз, ол күн сайын, сағат сайын айтылуы тиіс. Қашан тіл мәселесі шешілгенше... Шешілмеген мәселе қалай , күн тәртібінен түседі? Осы жерде «тіл мәселесі жауыр болып кетті» дейтін саясаткерлеріміз бен кейбір зиялыларымыздың сөздері, мүмкін, жанашырлықпен айтылса да, кедергі келтіретін кесірлі сөз екенін ойлауымыз керек. Олар солай айтып отырса, тілге қарсылардың қуанып кететіні белгілі. Қысқасы, «Қазақ үні» газетінің білім саласындағы былықтарға байланысты Білім министрлігін сынауының аталмыш депутат пен министрдің дауына ешқандай қатысы жоқ. «Депутат сынаған мәселені газет жазбау керек» деген «заңды» осы уақытқа дейін еш жерден көрген жоқпыз. «Қазақ үні» газеті ұлттық тәуелсіз газет, ешқандай партияның да, ешкімнің де басыбайлы басылымы емес екенін естеріңізге саламыз. «Қазақ үні» газетінің тек қалың Қазақтың үні ретінде ғана өз ұстанымы бар. Кемшілігі бар қай сала болса да, газетімізде бұрын да сыналып келген, бұдан кейін де сы-на-ла береді!.. Үшіншіден, біз тіл мәселесіне – ұлттық мүддеге келгенде қараны да, ханды да алаламай, ешкімнің көңіліне қарап жатқан жоқпыз. Барлығы өз «сыбағаларын» алуда... Пейіл-ниеттері тілге, ұлтқа бұрылмаса, сынымыз да көбейе бермек. Өйткені, сын түзелмей – мін түзелмейтіні анық. Мысалы, біздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен алты аласы, бес бересіміз жоқ. Бірақ ол кісіні 15 жылдан бері, бірінші рет министр болған кезінен бастап, мемлекеттік тілді білмеуі былай тұрсын, оған келтірген зияндары үшін әлі күнге сынап келеміз. Мемлекеттің министрі болып отырып мемлекеттік тілді сезбейтін министріміз 2001 жылы : «Қазақ тілін білу үшін менің миымды ауыстырмаса, үйрене алмаймын» деп парламент алдында мәлімдеме жасағаны бүкіл елге әйгілі. Біздің Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Қазақ тіліне миың жетпесе, қалай қазақ министрі болып жүрсің?!.»- деп, «парламентіміз» "министрді" қуып шықпай, жайбарақат қараған сондай да масқара «қаралы» оқиға болған... Парламентті де түсінуге болады, өйткені олардың ішінде де қазақ тілін қақпайтындар, кейбір министрлер мен әкімдер секілді бірінші сыныптың диктантынан «екілік» алатындар жетіп артылады. Ерекең де «ер» екен, сол қазақша нан сұрай алмайтын тілімен еліміздің сыртқы тағдырын шешетін министрліктің тізгінін екінші рет ұстап отыр. Сол екінші рет министр болғанда біз «Қайта тағайындауға байланысты қайта жариялау» деп, елге белгілі « МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..» атты мақаламызды екінші рет жарияладық... Өткенде Ерекеңнің қағаздан оқыса да, қазақша айтып отырғанан көріп қалып... қуанғаннан талып қала жаздадық... Егер белгілі тіл ғалымы-жазушының баласы Ерлан Әбілпайызұлы Ыдырысов ұстазы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев секілді қазақша үйреніп кетсе, ең алдымен «Қазақ үні» газетінің үлесі бар екенін ұмытып кетпеңіздер... Алдымен сүйінші сұрағандарды разы қылатынымызды да мәлімдейміз... Қорыта айтқанда, Ел мәселесі -Тіл мәселесі шешілмей, күн тәртібінен түспейді! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz P.S. Сөзіміз дәлелді болуы үшін , депутаттың орынды сынына байланысты білім министрінің орынсыз айыптауынан туған даудан бұрынғы «Қазақ үні» газетіндегі мақалалардың бәрін болмаса да, біразын келтіре кетейік : 1.Жаңа білім министрі Сәрінжіпов жоспарын іске асыра ала ма?! 2.Білім министрі тест сауалына жауап бере алған жоқ! 3.БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМИ АТАҚТАРДЫ САУДАЛАУҒА НЕЛІКТЕН ЖОЛ БЕРЕДІ? 4.Жемқорлық жайласа, жоғары білім жоғалады… 5.“Білім министрі тым жұмысбасты. Қабылдауға уақыты жоқ” 6.Білім министрлігі қазақ тілін қысқартып, ал ағылшын тілін 1-ші сыныптан оқытпақ 7.Сырттай білім беруді оқу орындары табыс көзіне айналдырып отыр 8.Біздегі білім реформасы күнде көйлек ауыстыратын сәнқой келіншек секілді 9.БІЛІМ БЕРУДЕГІ – БІЛІКСІЗДІК 10.ОҚУЛЫҚТАҒЫ ЕКІ АҚЫННЫҢ ҚАЙСЫСЫ “ҰРЫ”, МИНИСТР МЫРЗА? 11.«БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ» 12.ҰБТ: Қазақтілді талапкерлердің құқығы қашанғы таптала береді? 13.Керексіз қағазбастылық қазақстандық оқытушыларды шырмауыққа шырмап тастаған 14.Сапарбаев Астанадан шықпайтын Білім министрін қатал сынға алды