Мұхтар ШЕРІМ. НЕГЕ СЕНБЕЙСІЗДЕР?
2015 ж. 16 тамыз
3369
1
Қай бір жылы оппозиционерді атып кеткенде де «Өзін- өзі аямай ата берген!» деген өтірік мәлімдемеге де сендіңіздер ғой!..
Теледидар көріп отырғанбыз. 31 –ші арнаны... бір кезде біз тұрып жатқан бес қабатты үйдің қабырғалары қақырап, екіге бөлініп түсіп, төңкеріліп қалды... Құдай сақтағанда, тура подьезден пышақпен кескендей бөлініпті... Қазір екі жаққа бөлінген үйде тұрып жатырмыз. «Нәрмәльні...» Тек бұрынғы төбеміз еден болып қалды. Әкім-қаралар келіп, жерде жатқан арзан люстраларымызды төбеге қарата жіппен тартып, байлатқызып берді. Өтірік айтсам, өліп кетейін! Сібеттеріміз ортадан жанады, рахат. Көп жыл тұрғандықтан, диван, тағы басқа мүліктеріміз үй төңкерілгенде құлап түспеді. Сол жабысқан күйінде, төмен қарап тұр... Әкімдер сол мүліктерді төбеде тұрған орнында шегелетііп бергізді. Бірақ жаңа үйге көшірмейтін болды. Құрып кеткір қаржысы қашан да жоқ екен... Тамызда болатын атышулы мерекелерге табылатын қаржы бізден қашып кетіпті... Содан әйелім: – Жаңадан бәрін сатып алуға ақша қайда? Төбеге қалай жатамыз? –деп сұрады төбеге телміре қарап. –Сатымен көтерілейік! Дұрыс шешім болды. Әуелі «өзім жатып көрейінші» деген оймен саты арқылы төбеге шығып, жатын орынға жата кеттім. Рахат! Жерде жүрген әйелімнің төбесін көріп тұрмын. Балаларым да мәз. Өз бөлмелеріндегі төсектеріне сатымен шығып, төбеде шапқылап жүр! Өтірік айтсам, өліп кетейін! Әкім қаралар да мәз. Жұрттың үйлері құлап, далада қалса да, әкімдер ән салып жүре беретін еді ғой... «Қаржы жоқ...» деп. Халықтың жағдайын ойламаса, олар несіне әкім болды екен? Суайттары да бар. «Үй береміз, жөндеп береміз!» деп алдай салады. Қызық болды... Бір жасар балам төбеде жатқан. Бірдеңе шыж-ж-ж дейді. Қарасам, сиіп жатыр екен. Төменге қарай шаптырып... Төбеге қоныстанғанымыз жүдә жақсы болды. Жұртың бәрі төбеде жатады екен. Қалай құлап кетпейтінімізге таң қаламын. Сеніңіздерші, құдай үшін! Қай бір жылы оппозиционерді атып кеткенде де биліктің «өзін- өзі аямай ата берген, ата берген!» деген өтірік мәлімдемесіне де сендіңіздер ғой! Сіздер биліктің жалған мәлімдемелеріне Құдайдай сенесіздер ғой! Олар да бір-бірінің жалған ақпараттарына кәдімгідей сеніп қалады. Сіздер қазіргі депутаттардың сайланарда берген уәделеріне де сендіңіздер. Халал атын жамылып, халықты алдап жүрген қасиетсіз кәсіпкерлерге де сенесіздер. Билік халықты «ипотекалық несие» стресінен алып шыға ала ма? Кезекті алдау емес пе? Оған да сенесіздер ә? Сенесіздер... Маған неге сенбей, көздеріңіз бақырайып оқып отырсыздар? Өтірік айтсам, өліп кетейін, теледидар көріп отырғанбыз. Үй екіге бөлінгенде, теледидардың үстіне ауыр қартинамыз құлап кеткен. Жаңалық жүргізіп отырған Айда қарындасым: «Ойбай, басы-ым!» деп қаша жөнелгенін өз көзіммен көрдім. Теледидар да қазір төбеде. Кеше Айданы көрдім. Басын таңып алыпты... Ал, басқа арналардағы жүргізушілердің жүректері айнып, құсып жатыр... Неге дейсіз бе, біздің пәтер ғана емес, төңкерілген үйдің барлық пәтерлерінде теледидарлар төбеде ғой! Басы төмен қарап! Көрер едім сіздің де басыңыз төмен салбырап, хабар жүргізгеніңізді! Өтірік айтсам, өліп кетейін! Мұхтар ШЕРІМ qazaquni.kz