Ешқашан!
Ол үйренем деген. Тіпті, уәде бергендей еді. Ұмытты. Уәдесін де, аз-мұз үйренгенін де ұмытып қалды.
Біз мынаны ұқтық: ол мемлекеттік тілді өмір бойы үйренбей өтетіндердің бірі… «Менде қазір бұдан да маңызды мәселелер бар, мазаламаңыздар!». Егер оған сұрақ қойсақ, ол осылай жауап беруі бек мүмкін.
Ендігі жерде оған мемлекеттік тіл керек емес, өйткені. Кәрім Мәсімов енді «түзелмейді». Осылай кеткені кеткен.
Орысша сөйлейтіндерде үлкен ақталу бар. «Мен орыстілді қалада өстім, орысша оқыдым, орысша тәрбие алдым. Орысша ойлаймын. Орысша түс көремін. Менің айыбым жоқ…». Бұлай ақталатындар сөзінің аяғын жұтып қоятын сияқты, бізге. «Менің айыбым жоқ. Мен үшін бәрі баяғыша қалғанын қалаймын».
Сіз бұлай дейтіндер жалғыз ғана кешегі кеңестік кезеңде өсіп-өнген буын деп ойлайсыз ба? Негізінде ештеңе өзгерген жоқ. Ертең дәл осындай ұрпақ өсіп шығады, біздіңше. Мемлекеттік саясат болашақта дәл осылай деуі мүмкін ұрпақты тәрбиелеп жатыр.
Бұл енді басқа әңгіме. Бірақ тақырыпқа жақын.
Ол Целиноградта туған (өзінің сөзі). Орыстілді қалада. Алматы мен Мәскеуде оқыған. Орысша оқыған. Ол көзін ашқалы бері орыстілді Қазақстанда өмір сүріп келеді.
Мәсімов өткен айда 50-ге толды. Біздің «ол мемлекеттік тілді үйренбей өтеді» деуіміздің себебі сонда.
Қазақстанда елуден асқандарды, ересек адамдарды «мемлекеттік тілді үйрен деп мәжбүрлеуге болмайды». Мәсімовтың өзі осылай деген, бір жолы.
Ол бірнеше тіл біледі, соған қарамай. Ұлы қытай, ұлы ағылшын, ұлы француз, ұлы орыс тілін… Татарстанға барғанда, тіпті, татарша сөйледі деп естідік. Мемлекеттік тілден басқасының бәрін меңгерген. Қажеттісін…
Ол қазақша сөйлегенде акцентпен сөйлейді. Қазақ тіліндегі біраз әріпке тілі келмейді. Әлі күнге дейін. «Ң» мен «Ұ»-ға келгенде мүдіреді.
Ол қазақша сөйлегенде еріксіз күлесің, сол себепті. Өзі де күледі. Біледі өйткені біздің күліп отырғанымызды.
Оған қазақша құттықтауды немесе жиынның алғысөзін қазақша сөйлеп ашуды бір жапырақ қағаздан оқып берсе жетіп жатыр. Шынымен де жетіп жатыр. Ол қазақша білген болып есептеледі.
Бірақ, соңғы кездері ол бұған да ұмтылмайтын болды. Мемлекеттің өзі ұмытып кеткен мемлекеттік тілді Мәсімов қайтсін.
Бұлай кете берсе ол аз-мұз қазақшасын біржолата жоғалтуы мүмкін. Жоғалтып та алған шығар. Бірақ, орыс тілін ешқашан ұмытпасы анық. Өйткені біз «бүкіл әлемдік мәдениетке ұлы орыс тілі арқылы қол жеткіздік әрі әлі күнге дейін қол жеткізудеміз». Мәсімовтың өзі осылай деген.
«Ағылшын тілін де білуге тиістіміз. Бұл ғылыми-техникалық прогрестің тілі» дейді Мәсімов тағы бірде.
«Біз Қазақстанда орыс тілін дамытатын боламыз. Горькийді орысша оқитын боламыз. Сонымен бірге Шекспирді ағылшынша оқимыз». Бұл да Мәсімовтың сөзі.
Жарайды, ағылшын тілі ғылыми-прогрестің тілі, Мәсімов үшін. Орыс тілі арқылы әлемдік мәдениетті танып отырмыз. Тағы да сол Мәсімовтың тұжырымы.
Сонда мемлекеттік тіл не үшін қажет? Мысалға, Мәсімовтің өзіне?
Жалпы, «толық қалыптасып болды» деген қазақстандық ұлт үш тілде сөйлеуге міндетті ме?
«Үш тұғырлы тіл» деген түсініксіз термин қазақстандық ұлтты біріктіруге қабілетті ме? Бұған білдей Үкіметбасы жауап бере ала ма екен?
Анығы, ғылыми-прогрестің тілін аударуға болады, ал әлемдік мәдениетпен қазақ тілі арқылы да қауыша аламыз.
Ол былай дейді: «Әрбір қазақстандық қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Тым болмаса тұрмыстық деңгейде меңгеруіміз керек».
Мәсімовке мемлекеттік тіл тұрмыстық деңгейде де, ресми деңгейде де ешқашан керек болмаған. Керек болмайды да.
Ол әлемдік мәдениетті орыс тілі арқылы таныған әрі тани береді, ал ғылыми-техникалық прогресті ағылшын тілінсіз елестете алмайды. Ендеше, оған мемлекеттік тілдің қажеті қанша?
Мәсімов қашан қазақша сөйлейді? Ешқашан. Ешқашан сөйлемей өтетіндер көп, өкініштісі.
Ал мемлекеттік тіл… Ол туралы соңғы уақытта мүлде, шынымен де мүлде айтылмайтын болды. Бұрын ауық-ауық айтылып тұрар еді. Ол да жоқ.
«Мен казакша тусинемин. Бирак сойлей алмаймын». Міне, мемлекеттік тілдің бүгінгі күйі осындай.
Думан БЫҚАЙ,
dalanews.kz