Прокурорлар кәсіпкер Қайрат Жамалиевты 10 жылға соттауды сұрады
2015 ж. 05 тамыз
2261
2
Астана. 4 тамыз. Baq.kz – Атышулы "Әліби ісіне" нүкте қойылатын кез де алыс емес. Прокурорлар күдікті Қайрат Жамалиевті айыпты деп танып, оның 10 жылға сотталуын судьядан сұрады деп жазады maitre.kz порталы.
"Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы Нұралы Бейсембаев Жамалиевты 10 жылға соттап, мүлкін тәркілеуін талап етті. Сонымен қатар, осы іске қатысы бар Әбілтаевты - 8 жылға, Прибытковты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады" дейді жәбірленуші Әліби Жұмағұловтың қорғаушысы Анатолий Утбанов.
Айта кетейік, 11 маусымда басталған сот процесі жабық күйде өтіп жатыр. Оған журналистер қатыстырылмауда. Қазір ол өз соңына жетуге жақын. Сотқа қатысушылар істің мән-жайымен толық танысып, куәгерлерді сұрап бітті. Айыптаушы тарап пен қорғаушылар сотқа өз ұсынысын айтып, іске әділ төрелік шығаруын сұрауда.
Айта кетейік, Әлібиді өз үйінде соққыға жыққан Қайрат Жамалиев бірнеше бап бойынша айыпталып жатыр. Олар: ҚР ҚК 194 бабы 4 тармағының 2 бөлімі бойынша (қылмыстық топпен жасалған аса ірі көлемдегі бопсалау), ҚР ҚК 126 бабы 2 тармағының 1 және 3 бөлімдері (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен тұлғаны ұрлап, оны бостандығынан айыру), ҚР ҚК 121 бабы 2 тармағының 1 бөлімі (еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жасалған нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер).