Аптадағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2015 ж. 03 тамыз
2398
0
1 тамыз
Өтіп бара жатқан аптада еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Алматы облысының қаржы басқармасының жаңа басшысы болып Сәтбаев Болат Темірханұлы тағайындалды. Ол 1963 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институты мен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы – заңгер, экономист. Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың өкімімен облыстың білім басқармасының, кәсіпкерлік және сауда басқармасының және табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары тағайындалды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы болып Тастемірова Зейнеп Жұмағалиқызы қызметіне кірісті. 1990-2007 жылдары – Маңғыстау облысының мектептерінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерінде болған. 2007-2011 жылдары – Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысының міндетін атқарушысы болды. Ал Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшылық қызметіне Мұстапаева Венера Тұранқызы келді. Ол 1966 жылы қыркүйек айында дүниеге келген. 1989 жылы Ташкент қаласындағы Теміржол көлігі инженерлері институтын, 2002 жылы Орталық Азия университетін экономист-қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Сағынбаев Серік Орынбасарұлы тағайындалды. Атырау облысы Мақат ауданының әкімі болып Берікқали Сәрсенғалиев тағайындалды. «Атамекен» ҰКП басқармасы мен Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің шешімімен елордалық Кәсіпкерлер палатасын Ғани Тасмағанбетов басқаратын болды. Ол 1981 жылы Ақтөбе қаласында туған. 2005 жылы Жапонияның Нагано қаласындағы Шиншу университетін тәмамдады. Токиодағы Хитотсубаши университетін де бітірген. Қазақстанда қызметін 2007 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Халықаралық қатынастар департаменті халықаралық ынтымақтастық және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттестік басқармасының басшысы қызметінен бастаған. 2008-2009 жылдары парламент мәжілісінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің консультанты қызметін атқарды. 2009-2012 жылдары аралығында президент әкімшілігінде консультант-сарапшыдан бастап Стратегиялық зерттеулер мен талдаулар орталығының сектор меңгерушісі қызметіне дейінгі лауазымдарды атқарды. 2012 жылы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, сосын Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды. Ал 2013 жылдан бастап бүгінге дейін Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі директор орынбасары қызметін атқарып келді. Айта кетерлігі, бұған дейін Астана қаласындағы кәсіпкерлер палатасын басқарып келген Мейірбек Мәжитов «Атамекен» ҰКП Сыртқы сауда басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалған еді.Дереккөз: ИА "Казинформ"