ШӘМШІГЕ ПӘТЕР БЕРГІЗІП, ӨНЕР ИЕЛЕРІНЕ ҚАМҚОР БОЛҒАН АЗАМАТ
2015 ж. 14 маусым
3347
1
Екейбай ҚАШАҒАНҰЛЫ мен Мархаба ЕСБОЛАТОВА туралы сыр
Үмітіңді ешқашан үзбеу керек, күресу керек!
Екейбай Қашағанов.
Жақында «Сыр сандықты ашып қара» атты кітап қолыма түсті. Кітаптың аты мені бірден өзіне тартып ішінде небір құпиялар жатқандай көрінді. Мұқабаның сыртында қос автордың есімдері Екейбай Қашағанов, Мархаба Есболатова деп жазылыпты. Бала кезден келе жатқан әдетім бойынша кітапты парақтап бір қарап алмақ болдым. Қолым тиген жерден ашып мынадай қызық, әрі бүгінгі замандастарыма үлгі болатындай жолдарды оқыдым: «Ол уақытта қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың басында, еңбек етпейтіндер аз еді. Кәрі де, жас та, бала да, шаға да, әйел де, еркек те үйде отырмайтын. Бір жағынан жастық шақ, еңбек етіп, ақы тауып, киінуіміз керек. Үйге бірнәрсе алуымыз керек. Екінші жағынан, аянбай еңбек ету керек. Үшіншіден, туған-туыс, жекжат-жұрағатқа, соғыстың салдарынан жетім-жесір болып қалғандарға көмектесуіміз керек болды. «Солай болу керек» деп қабылдап, өз қабырғамыз қатаймай жатып, туған-туысқанды да асырап жаттық. Тапқанымызды ортаға саламыз. Бүгінде солардың бәрі өсіп, жетілді. Міне, біздің өмір осылай басталды». Шынын айту керек осы жазылғанның өзі түсіне білген адамға үлкен өнеге. Кітапты бас алмай бір кеште оқып шықтым. Жылы жазылған екі естелік. Бірге соққан қос жүрек, бірге сүрген ғұмыр. Көп нәрсе білдім. Бір жағы қуандым әрі бармақ тістердей өкіндім де. Осыдан біраз уақыт бұрын «Шымкентте кімдер тұрған?» атты мақала жазып жариялаған едім, оным оқырмандар арасында едәуір қызығушылық туғызған да болатын. Сол кезде Екейбай Қашағанов, Мархаба Есболатова сынды жандар туралы білгенімде, ол кісілер туралы да жазар едім. Әсіресе еліміздің әнұранын шығарған ұлы Шәмшіге жасаған жақсылықтары мақаламның көркі болар еді ғой деп ойладым. Қуанышымның себебі де жоқ емес. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезұлының өзі таңдап алған аспирант шәкірті, басынан қазақы тақиясын тастамайтын әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы ұлтшыл азамат еді. Шәмші Қалдаяқовпен жақсы таныс-сыйлас болған. Композитордың шәкірті сазгер Сейіткерім Нұранның бірде: «Шәмші аға екеуміз келе жатқанбыз. Бір кезде ол кісі кілт тоқтады да «Әсекең келе жатыр, жүр көшенің арғы бетіне өтіп, қолын алып амандасайық», деп Әсілхан ағамызбен сәлемдескеніміз есімде» деп айтқаны бар. Бұны айтып жатқан себебім, әкем Әсілхан Оспанұлы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мәдениет бөлімінің қызметкері болған кезінде, 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланып, Шымкентте тұрған Екейбай Қашағанов пен ол кісінің жұбайы Мархаба Есболатованы білгені сөзсіз, таныс болған болуы да мүмкін. Ал, енді осындай өмір иелері кімдер дейсіздер ғой? Екейбай Қашағанов Ұлы Отан соғысына басынан қатысып, соғыстан кейінгі жылдарда Шымкент, Жамбыл, Семей облыстарында әр түрлі басшы қызметтерде істей жүріп, елуінші жылдардан бергі уақытта еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан өзіндік үлес иесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, экономика ғылымының кандидаты. Жан жары Мархаба Керімқұлқызы Есболатова көптеген мәдени кешендерде басшылық қызметтер атқарған. Басқасын былай қойғанның өзінде ұлтшыл біртуар азамат Өзбекәлі Жәнібекұлының пәрменімен бүкіл елдің рухани дамуына, ұлттық сананың көтерілуіне зор әсер еткен ұлттық музыка аспаптар музейінің директоры болғанының өзі бір төбе. Екейбай Қашағанұлының есімін жүз жасаған ақын Жамбылдың өзі қойған екен: «Әкем Қашаған ұқыпты шаруа болатын, бақша өсірумен қызыға айналысатын. Анам Хадиша ұлы ақын Жамбыл ауылының қызы еді. Ол кісі он бес құрсақ көтерген екен. Тоғызы кішкентай күндерінде қайтыс болып кетіпті. Мен анам төркіндерінде, Жамбыл ауылында жүргенде туыппын. Атымды Жамбыл атамның қалауы бойынша сол кісілердің руы Екейге сәйкес Екейбай қойыпты». Анасы еркек балалары тұрмаған соң, аяғы ауырлағанда төркініне барып қазақтың байырғы ырымын жасап, жеті шал, жеті кемпірдің тақымының астынан өткізіп, бір қап ұнға сатып алып, Ұлжан деген қызын төркінінде қалдырып қайтқан екен. Қазақтың тағы бір ақиық ақыны Кененнің ауылында туып өскен Екейбай жастайынан арманшыл болатын. 1934 жылдың күзінде бұл өңірде бұрын-соңды болып көрмеген мол астықты жинасып болған соң, туған колхозымен қош айтысып, Алматы қаласына оқуға жол тартады. Ол кезде алыс жолға шығу өте қиын. Екейбай еңбекақысына колхоз басқармасының төрағасының рұқсатымен берілген бір пұт бидай алады. Алматы педтехникумын бітіргеннен соң, туған ауылына жетіжылдық мектепке тарих және жағрафия пәндерінің оқытушысы болып оралады. Соғыс басталған күннен аяғына дейін небір жерлерде тар жол тайғақ кешуден өтті, жараланды да. Ақыры Екейбай Қашағанов қызмет еткен дивизия жеңісті Прага қаласында қарсы алды. Сонымен қиын да болса, бейбіт жылдар басталған еді. Бірақ «Елмен көрген ұлы той» деген бар емес пе? Жас жігіт мойымайды. Ол кезді айтып жеткізу қиынның қиыны екені сөзсіз. Бірақ қандай да болса ауыртпалықты көріп шыңдалған Екейбай аға сол бір күндер келбетін бірнеше сөйлеммен жеткізе білуі таңқаларлық. Е.Қашағановтың естелігінен: «Сондай қиын-қыстау жағдайда жүріп, тұрмыстың кем-кетігін өзіміз де аңғара бермейтінбіз. Көпшілікті бұл қиындықтарды бүгін болмаса ертең жеңеміз, деп сендіретінбіз, өзіміз де солай ойлайтынбыз. Бірақ, жасырып керегі не, ол қиындықтарды ұзақ уақыт күресіп, ұзақ уақыт шешуге тура келді ғой. Деніміз сау, ауру деген ойымызға кіріп шықпайтын. Біз еңбек демалысы, курорт, демалыс үйі, туризм дегенді білмейтінбіз. Күндіз ғана емес, түнде де жұмыс істейтінбіз». Иә, сол жылдар естелік иесінің жазған жолдарының арасында зымырап өтіп бара жатқандай. Екейбай аға бір сөзінде ақын Әбділда Тәжібайұлының «Мен сонау өткен жылдарды санасам, мен жолдарға сонау қарасам» деген өлең жолдарын еске алуы да сондықтан болар. Мархаба апа айтады: «Бір сұхбат үстінде Екеңнің маған сыр шертіп: – Жас кезімде тарихшы болуға әзірленіп едім. Бірақ қым-қуыт өмір бұған мүмкіндік бермеді. Ал тарих іліміне деген құмарлығым есейген шағымда да бір сәт кеміген емес». Дегенмен, өмір басқаша жолдарға жетеледі. Жас отбасы 1948 жылы тамыз айында Жамбыл облысының Луговой ауылына көшіп келіп 8 жыл тұрады. «Екең бөлім бастығынан бірінші хатшыға дейін көтеріліп 1955 жылы Москваның партия мектебіне оқуға түседі. 1958 жылы елге оралдық. Екең, партия мектебін өте жақсы бітіріп, Жамбыл облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгерушілікке жолдама алды. Пәтер алғанша, бір айдай жолдастарымыз Әбдіғұл мен Тұрсынбаланың бір бөлмесінде тұрдық. Онша көп дүниесі жоқ жолдастарымыздың көрпе-жастық, ыдыс-аяғын ортаға салып, барымызды бөліп-ішіп, тату-тәтті тұрып жаттық», деп еске алады Мархаба апай. Бұл шынында да солай болған. Екейбай аға жұмыстан үйге кіріп келегендегі бірінші сөзі «Мархаш бар ма?» екен. Мархаба апаның айтуы бойынша: «Қолымызда тұрған Екеңнің әпкесі «Мархашсыз тұра алмайтының-ай!» дейтін маған бір, Екеңе бір қарап, күліп қойып». Иә, бұл осындай тату-тәтті өмір сүрген жанұя болатын. Екейбай Қашағанов өзіне тән кішіпейілдікпен отбасы туралы аз ғана айтады: «Соғысқа дейін үйленіп үлгірмеп едім, соғыстан кейін де шаңырақ көтеруге асықпадым. Мұндай іске жауапкершілікпен қарағандығымнан болар. Оқуға түстім. Содан тек 1947 жылы үйлендім. Жұбайым Мархаба Керімқұлқызы жоғары дәрежелі білімді тұрмыс құрғаннан кейін алды. Алматының мұғалімдер даярлайтын институтында, кейін Москваның Ленин атындағы пединститутында оқыды. Алғашқы жылдары мектепте, институттарда сабақ беріп, кейінгі жылдары мәдени салада – Семейдің өлкетану мұражайында, облыстық филармонияда директорлық қызметте болды. Одан кейін «Қазақконцертте», Халық аспаптары мұражайында істеді. «Мәдениетке еңбегі сіңген қызметкер деген атаққа ие болды». Екейбай аға мен Мархаба апаның бір-біріне деген сыйластығы «Махаббат, қызық мол жылдар» сынды тағы бір кітапқа арқау болардай. Екі естеліктің өн бойында бір-біріне деген ыстық ықылас еш суымайды. Е.Қашағановтың естелігінен: «Кейбір жақын азаматтар маған, қалжыңдап айтса өздері білер, «меценат», «өнердің, әдебиеттің шын жанашыры, қамқоршысы» дейтін. Мүмкін, ақ жүректерінен шыққан сөздері де шығар. Ал сол «меценат» деген сөзді мен жарым Мархабаға айтар едім». Шәмші Қалдаяқовтың әңгімесі: – Отбасыммен паналайтын жерім болмай, баспанасыз, қиыншылық көріп жүргенімде, «Не де болса Екейбай ағайдың алдына барайыншы» деп, сол кісінің қабылдауына кірген едім. Бұл 1963 жылы болатын. Екең ол кезде Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы еді. Ағай меселімді қайтарған жоқ. Айналасы екі-үш айдың ішінде 3 бөлмелі үйге ие болып, қарық болып қалдым. Мұндай жақсылықты ұмытуға бола ма?» Күйші Секен Тұрысбековтің естелігі: «Мархаба тәтем бір оқиғаны есіне алғаны бар: «Біз Шымкентте тұрғанымызда бір күні Шәмші телефон соғады. «Жеңгей, сіздерге ағаның өзі алып берген пәтерден телефон шалып тұрмын, бір пианино жетпей қинап тұрғаны, сол жағынан аздап көмектессеңіздер екен...» деді өтініп. Ол кезде Қалдаяқовтың әні кез келген отырыстың да, той-томалақтың да сәні еді ғой. Қылшылдаған жас кезіміз, қуансақ та, мұңайсақ та айтатынымыз – ән. Қалайша мұндай жанның көңілін қалдырарсың. «Жарайды, ағаңа жеткізейін өтінішіңді» дедім. Екең жұмыстан келгенде Шәмшінің тілегін айттым, ол кісі «тауып берейін, ұйымдастырайын», деді». Тағы бір айта кететін жәйт жазушы Медеу Сәрсекенің «Сәтбаев» кітабы жайында. Кезінде кітапты қызыға отырып бас көтермей оқып шыққаннан соң, құндылығында шек жоқ осы бір әдеби жәдігердің негізінде техникалық оқу орындарында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жөнінде жеке пән оқытылуы керек екен, деген ойға келеген болтынмын. Құрметті оқырман, бұны неге айтып отыр деп ойлап қалған боларсыздар. Енді соның себебін баяндайын. Жазушы Медеу Сәрсекенің ұлы ғалым Қ.Сәтбаев туралы жазған кітабы, ұлағатты бес академик қол қойып мақұлдап «Жазушы» баспасының 1975 жылғы тақырыптық жоспарына еніп, бірақ әлдекімдердің кереғар әрекетімен себепсіз тоқтап қалады. Еш жерден әділеттік таба алмаған жазушы бір күні Екейбай Қашағановтың үйінде болғанда барлық жағдайды айтыпты. Ол кісінің кітапты шығару үшін қаншама әрекет еткені жазушының естелігінде үш беттен аса етіп баяндалған. Екейбай Қашағановтың адамгершілігін білдіретін тағы бір жағдай, ақыры кітап жарық көріп жазушы жеткізіп беремін, деп телефон шалғанда өзі барып: – Кітабыңды қолыңнан алуға қуаныштымын! – деп құттықтағаны көп нәрсені аңғартады емес пе?! Екейбай Қашағановтың көкірегі қаншалықты ашық зиялы азамат екенін дәлелдейтін мұндай мысалдар жетерлік. Жазушы Медеу Сәрсекенің естелігі: «Ерекше айта кететін бір жайт – Екейбай Қашағанұлының Семейдегі және Жидебайдағы Абай музейіне жасаған қамқорлығы. Екең Семейге қызметке ауысқан жылдары ұлы Абай ақынның музейі Комиссар көшесінде болатын. Жетпісінші жылдардың бас кезінде ақынның әдеби тұрағы Ленин көшесіндегі Ершовтардың еңселі, кең жайына көшті. Үйдің екінші қабаты, қанаты тыңнан салынып, музей экспозициясы түгелдей қайталап жасалды. Ф.Достоевскийдің музейі де қайта салынды. Бөрліде Мұхтар Әуезов туған жерінде музей ашылды. Осынау күрделі істердің барлығына да Екейбай Қашағанұлы ұйытқы болып қана қойған жоқ, солардың уақытында жүзеге асуына тікелей араласып, басы-қасында жүргені – барша семейліктерге аян». Иә, Екейбай Қашағанов Семейде қызмет жасаған кезінде көптеген игі істерге мұрындық болған екен. Мархаба Керімқұлқызы айтады: «Абайдың 125 жылдық тойын атап өткеннен кейін ойды ой қозғап, «Қазақ халқы – поэзия елі, неге поэзия күнін белгілеп, жыл сайын Абай, Шәкәрім, Мұқаң елінде өткізіп тұрмасқа» – деген қорытындыға келіп, Екең ол пікірін «Қазақ әдебиетіне» жазып та жібереді. Біз кеткенше 3-4 рет поэзия күні өткізілді де». Екейбай Қашағанов туралы әңгімені айтып тауысу қаншалықты қиын болса Мархаба апай туралы да сондай. Апайдың филармонияны басқарған жылдары бұл өнер кешені бүкіл КСРО елі бойынша үшінші орында жүрді. Осы жылдары көптеген өнер иелерінің аты шықты. Роза Рымбаева да алғашқы қадамын осында бастайды. 1975 жылы Қазақстан Мәдениетінің Франциядағы онкүндігі болады. Атағы дүние жүзіне жайылған әнші Эдит Пиафтың мазарына барғанда Мархаба апай қолындағы шоқ гүлін жас әнші Роза Рымбаеваға ұстатады да: «Роза, осы Эдит Пиафтай қазақ халқын дүние жүзіне танытатын сен боласың», дейді. Сазгер Төлеген Мұқамеджанов та алғашқы төл басы әндеріннің нотасын осы филармониядан тапсырғанды. Рахимовтың орындауындағы Ж.Сейіловтың «Жезкиігі» ерекше естілетін. Мұқағалидың сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді» әні де филармонияны Мархаба апай басқарған кезде алғаш рет орындалып қанат қаққан еді. Мархаба Керімқұлқызының Қазақстанның ең басты филармониясын басқарған жылдардағы жетістіктері әлі зерттеле жатар. Бұл кісінің Республикалық халық аспаптары мұражайын басқару кезеңі де ерекше. Бір күні Мәдениет министрінің музейлерге байланысты орынбасары Өзбекәлі Жәнібекұлы шақырып: - Дүние жүзіне таныс болып қалған Республикалық халық аспаптары мұражайы деген мекемеміз бар. Шет елдерден келген қонақтың бәрі алдымен соны көруге ынтығады. Онда ғасырлар бойы ұмытылып келген аспаптарымыздың үнін естіп, қалай ойналатынын да көрсетуге болады, соған директор болып барсаңыз, - дейді. Өмірінің осы бір рухани жағының өте қызықты кезеңін еске алғанда Мархабай апай Өзбекәлі Жәнібекұлы туралы былай дейді: «Халық аспаптары мұражайын ашу айтуға оңай болғанымен, істелінуіне көп кедергілер, қарсылық, қиыншылық та болды. Тек Өзекеңнің қайсарлығы, табандылығы арқасында ғана іске асырылды. Осы мұражай ғана емес, республика көлемінде мақтан тұтып, ауызға ілігерлік мәдени ескерткіштердің біразы сол кісінің тұсында өмірге келген». Кітаптың алашқы бетінде осы мұражайдың жанынан құрылған «Сазген» ансамблінің тұсаукесер концерті күні түсірілген сурет берілген. Фотосуретте Д.Қонаев, Ө.Жәнібекұлы, М.Есболатова және басқаларды көруге болады. Мархаба апайдың Халық аспаптары мұражайын басқарған кездері күнделікті жұмыстарды атқарумен қатар, басқалар бара бермейтін жауапкершіліктен қорықпай іс атқарған кездері де болды. Бір күні бүгіндері танымал кйші, ол кезде студент Секен Тұрысбековке: «Секен, сен біздің музейдің жанынан құрылған фольклорлық этнографиялық ұлт аспаптары ансамблінің көркемдік жетекшісі боласың ба?» - деп сұрақ қояды. Сонда Секен: – Мен әлі консерваторияда оқимын ғой, - деп тартыншақтап жауап береді. Оның бұнысына Мархаба Керімқұлқызы нақты түрде: - Тіпті жақсы, түске дейін оқуыңда боласың, түстен кейін осында істейсің. Әрине, заң бойынша оқып жүргендерге толық жалақы төлеуге рұқсат жоқ, бірақ мен заңды амалсыз бұзғалы отырмын. Сөз болып жатса көре жатармыз, бала-шағаң бар ғой, - дейді. Мархабай апай сол кезде жас сазгерге басқалай да жанашырлық танытқаны белгілі. Танымал сазгер естелігін былайша жалғастырады: «...1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, алаңға шыққандардың ішінде менде болдым. Қызметтегілерге: «Сендер қалай шыдап отырсыңдар, бармай?!» дегенмін де. Қызметтестердің ішінде кейбіреулер менің артымнан шам алып түсіп, үстімнен «үш әріпке» арыз да жазғандар болды. Сол кезде де Мархаба тәтей қамқорлығын аямай, жанашырлық жасады. Мәселем шешілгенше, сыртқа да шығармай, үйінде жасырып ұстады». Мархаба Керімқұлқызының сол кезде сазгерге жасаған қамқорлық әрі азаматтық әрекеті ерлік екені сөзсіз. Халқым, елім дей жүріп қызмет еткен жылдары Екейбай аға мен Мархаба апайдың небір қиыншылықтар мен қуаныштарға да куә болғаны рас. Еліміздің бетке ұстар азаматтарымен таныс-біліс, дастархандас болғаны да рас. Мархаба апаның естелігінен: «Екең зейнетке шығып, біз Алматыға келгеннен кейін Лермонтов атындағы орыс драма театрында Баукеңнің (Бауыржан Момышұлы – Б.О.) 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Сырқаттанып жүрсе де, Екең де қалған жоқ, барды. Жиынның үзілісі кезінде фойеге шығып бара жатып сахнадан түсіп келе жатқан Баукеңе амандасуға қарсы жүрдік. Ол кісі де бізге қарай бұрылып, жақындап келді де, құттықтауымызды жол-жөнекей қабылдап, менің білегімнен ұстаған бойы шыр айналып билей жөнелді. Қысылсам да, ағайдың аяқ басу ырғағына еріп, билей бердім. Билеп жүргенімізде Баукең «келін, ертең «Алматы» ресторанында банкетім, келіңдер, күтеміз» деді. Халқымыздың сүйікті батыры Мархаба апаны жақсы көріп бірде өзінің үйі туралы «мына үйді халқым музейге айналдыруы мүмкін, сен соны қолыңа аласың ба?» деп өтініш те білдірген жағдайы бар екен. Батырмен жақын араласып үйінде жиі болып жүрген бұл жанұяның мұрағатында Бауыржан Момышұлы жолдаған жеделхат әлі күнге дейін сақтаулы. Бұндай еске алатын кездесулер әрине, көңілге демеу ғой. Мархаба апаның естелігі: Екеуміз қандай қызметте болсақ та, «халқымызға еңбегіміз сіңсе екен, ел-жұртымыздың алдында масқара болмасақ екен, солар үшін кішкене болса да пайдалы бірдеңе істесек екен» - деген көзқарастағы адамдар болдық. Онымыз тек кетпеген сияқты. Қызым Анар мені «мама, менің фамилиям – менің мандатым секілді, қайда жүрсем де, фамилиям аталса болды, жасы үлкендер келіп «айналайын-ай, жақсы адамның баласы екенсің ғой» десе, жастар жағы «әке-шешеңізді жақсы адамдар екен деп естіп едік» деп жатады...» деп қуантады. Одан артық не керек?! Балалар өзінің шыққан тегімен, затымен мақтана алса – ол да бір ғанибет емес пе? Туған жерім деп өмір сүрген азаматтардың атқарған жұмыстары ешқашан ұмыт қалмақ емес. Елі үшін шаршамай, талмай қызмет еткен Екейбай Қашағанов пен Мархаба Есболатова екеуі сондай өр тұлғалы азаматтар еді. Міне қанша жылдар өтсе де ата-анасының аруағын сыйлаған ұрпақтары еліміздің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келеді. Әрине, бұндай кісілердің Әділет, Анар, Жанар есімді ұрпақтарының өсіп-өніп, қол жеткізген жетістіктері туралы әңгіме бөлек, дегенмен Екейбай Қашағанов пен Мархаба Есболатованың қызы Анар Екейбайқызының «Қазақфильм» киностудиясын басқарғанын айта кету артық болмас деп ойлаймын. Құрметті оқырман, «Сыр сандықты ашып қара» атты кітапты өкіл анам Мархаба Есболатованың естелігі еді деп маған оқуға берген Инара Сейжанқызына алғысымды айта отырып, жақсының жақсылығын айт, деген халқымыздың даналық сөзін естен шығармай халқын сүйген осындай тұлғаларды жиі-жиі еске ала жүруді әдетке айналдырайықшы демекпін.Бердалы ОСПАН, Мәдениеттанушы.
qazaquni.kz