«ТІЛСІЗ ЖАУҒА» ТІЛ БІТСЕ, НЕ ДЕР ЕДІ?..
2022 ж. 12 қыркүйек
1578
1
ӨҢІРЛЕРДЕ ӨРШІГЕН ӨРТ ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?
Қазақ атамыз от пен суды – тілсіз жау деп атаған. От пен сусыз тіршіліктің тоқтайтынын, онсыз жер бетінде адамзат үшін өмір өшетінін білмегендіктен емес, оны дұрыс пайдалана алмасаң салдарының сұмдық апаттар мен орны толмас қасіретке әкелетінін айтып, алдын алып сақтану қажеттігін ескерткен. Таяқтың екі ұшы сияқты әр нәрсенің пайдалы жақтарымен бірге зиянды тұстары болатыны белгілі. Өкінішке орай, біз соны үнемі ескере бермейміз, оған Қостанай өңірінде болған алапат өрт нақты дәлел. Бұл жолы да табиғи апаттың алдын алып, дер кезінде ауыздықтай алмадық...
Қостанай облысында орын алған алапат өрт бүкіл қазақ жұртын алаңдатып, аяғынан тік тұрғызды деуге болады. Қаңтарда жазықсыз жандардың қырылғаны аздай, енді міне қазақтың қасиетті жері де отқа оранғаны ұлтымызға оңай соқпады. Аймақтың Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында өрт өршіп, тұрғындарды апаттан аман алып қалу үшін жедел көшіруге тура келді. Тұрғындар Әулиекөл орта мектебі мен мектеп-интернатына ауқытша орналастырылды. Сонымен қатар Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлім күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін шатырлар тігілді. Апаттық жағдайларға жауапты, оның алдын алуға тікелей міндетті Төтенше жағдайлар министрлігінің алғашқы мәліметінше барлығы 91 үй зардап шеккен. Оның 85-і – Аманқарағай ауылында, 6-ы – Озерное ауылында. Барлығы 10 адам жарақат, күйік алып, жеңіл және орташа ауыртпалықта уланған. 1935 жылы туға бір адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта арта түсуі әбден мүмкін. Өртті сөндіруге 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам жұмылдырылған. Өрт сөндіру жұмыстары басталғалы бері әуеден 93 рет су шашылған.
Төтеншеліктердің төресі Юрий Ильиннің айтуынша өрт шарпыған аумақ көлемі 43 мың гектардан асқан. «Ол тек орман аймағы емес, егістік жерлер, жалпы пайдалану орындары мен жайылымдар да бар» - деді министр. Көктемде еріген қар суына қарсы тұра алмай салы суға кететін төтеншеліктер бұл жолы да шарпыған өрттің бетін дер кезінде қайтаруға қауқарсыз болып шықты. Сыныққа сылтау қашан да табылады. «Орман өрті туралы хабар кеш келгенімен келісемін. Шамамен 20 шақырым жерде болған. Бірден бірнеше шақырымда өрт тұтанған. Үлкен аумақта өрттің таралуы секундына 25 метрге дейін жетіп, жел басталған. Салдарынан жердегі қызметтермен сөндіру мүмкін болмайтындай өрт басталып кетті», - деді Ю. Ильин өзі басқарып отырған саланың шарасыздығын түсіндіріп.
Осындайда бұрындар кеңестік кезеңде төтеншеліктер туралы айтылатын мына бір анекдот еске түседі. Ол заманда кез келген сала мекемелері жылдық жоспар қабылдайтын, соны өлсе де орындауға міндетті болатын. Өрт сөндіру мекемесі келесі жылы он өртті сөндіреміз деп жоспар қабылдайды. Қырсыққанда сол жылы бірде-бір өрт болмайды да мекеме жоспарын орындай алмай қалады. Бұл әзіл ғана, шын мәнінде қазіргі төтеншеліктердің міндеті – бірде-бір өртті болдырмау, оның алдын алу болып табылады. Өрт орын алған күнде де дер кезінде ауыздықтап, қауіп-қатердің бетін шұғыл қайтару. Осы жағынан алғанда төтеншеліктерді табыс тұғырынан көрініп жүр деп айта алмаймыз. Бұл саланы кім басқарса да төтеншеліктердің жұмысы өнбей-ақ қойды. Кезінде салаға министр болған Владимир Божко кемшіліктерін мойындаудың орнына «Мына жойқын тасқынды қайтаратындай мен Құдай емеспін» деп қасқайып тұрып журналистерге сұхбат бергенін білесіздер. Бұл сонау 1976 жылдан ширек ғасыр бойы мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздік комитеттерінде түрлі жоғары лауазымды қызметтер атқарған, халықтың қауіпсіздігін қорғауды жақсы біледі деген маманның сөзі. Осы сөзі үшін ғана сала жұмысын дұрыс жолға қоя алмаған В. Божко қызметінен шұғыл қуылуы керек еді. Бірақ біздегі қалыптасқан тәжірибе бойынша, керісінше лауазымы өсіп, одан кейін де Қазақстан Парламентінің Мәжіліс төрағасының орынбасары болып бес жыл отырды. Бүгінгі төтеншеліктердің төресі Юрий Ильин де илеп отырған терісінің иін қандырды деп айта алмаймыз. Қауіпті жағдайлардың алдын алмақ түгіл соның салдарымен де дұрыс күресе алмай жатыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы қандай да бір шұғыл шешім қабылдауы керек. Сала жұмысын жандандыру туралы мәселені қарастыратын уақыт жетті. Өйткені тұрғындарымыздың өмірін сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндетіміз. Оған қоса өрт еліміздің басқа аймақтарында да қыруар шығын келтіруде. Ақтөбе облысында мыңдаған гектар жер өртенді. Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөлде қарағайлы 300 гектар аумақ күлге айналды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Қостанай облысы Қазақстанды астықпен қамтамасыз етіп отырған негізгі аймақ екені белгілі. Өңірде бес миллион гектардан аса егіс алқаптары бар. Егін алқабының өртенуі аштыққа әкелуі де мүмкін. Шын-өтірігін кім білсін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесінде елдегі азық-түлікке қатысты, жалпы экспорт пен импортқа қауіп жоқ деп айтылған. Бүгінгі күнге дейін егіс алқабының 45 пайызы жиналып үлгеріпті. Егістікті өрт шалған жерлер бар, бірақ ол өте аз көлемде екен, оған да шүкір дейміз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысының хабарлауынша, 4-қыркүйектегі соңғы дерек бойынша облыстың Қарасу ауданының Люблинка ауылында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 12 бас ірі қара мал, 118 шошқа және 261 бас құс қырылған, оларға өтемақы төленбекші.
Мемлекет басшысы да Қостанай облысындағы ахуалды өз көзімен көріп қайтты. Қасым-Жомарт Тоқаев апат аймағына барып, Аманқарағай мен Әулиекөл елдімекендерінде қызыл жалыннан бас сауғалаған адамдармен кездесті. Одан соң президент шұғыл әрекет ету штабының жиналасын өткізіп, тапсырмалар берді. «Ал өрттен зардап шеккендер мемлекет қолдауынсыз қалмайды. Үкімет тарапынан жан-жақты көмек болады, бұған ешкімнің күмәні болмауы керек», - деді Президент. Өрттен зардап шеккендерге 2-3 айдың ішінде жаңа баспана салынатынын да айтты.
Облыстағы орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғағаны жария етілді. Қостанай облысындағы өртке байланысты өткен брифингіде төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «Қазіргі таңда Іішкі істер министрлігінің бөлімдері өртке себеп болуы мүмкін жағдайларды анықтау үшін қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде бұл оқиға қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармаймыз. Өйткені, өрт алдында найзағай түсу оқиғалары болған емес. Істі тергеу барысында әр түрлі нұсқалар қарастырылады» - деді. Оның сөзінше, Әулиекөлдегі орман өртінен бөлек, Қостанай облысы аумағында тағы да 3 өрт оқиғасы бір кезеңде тіркелген.
Бізде орман, көл, жер, суды қорғайтын, қоршаған ортамыз бен жалпы табиғатқа жауапты тағы бір үлкен сала, ауқымды штатты мекеме бар, ол – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Табиғатқа келген залалды қалпына келтіруге бір ғасырдай уақыт керек деген Экология министрлігі Қостанайдағы тілсіз жаудың табиғатқа келтірген шығынын есептеуге кірісіпті.
–Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Сондай-ақ 158 түрлі құс мекендеген. Оның 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына еніпті. Ал тұяқты жануарлардан бұғы, елік, марал, бұлан кездеседі. Өрт күш алғанда қашып үлгермей қырылып қалған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз,- дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.
Осы тұста «Табиғат үшін тікелей жауапты мекеме апатты болдырмау үшін не бітірді?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде олар алапат өрттен кейінгі шығынды есептеумен ғана айналысуы керек пе? Қауіпті жағдай туралы алдын ала дабыл қағуға, тиісті шаралар қабылдауды талап етуге міндетті министрліктің бұл мәлімдемесі сырттан жай ғана бақылаушының әңгімесіне ұқсайды. Негізінде бұл сала қызметкерлері еліміздегі аң-құстардың санын, орман-өзендердің жағдайын бес саусағындай білуге тиісті емес пе? Біліп қана қоймай, оны қорғауға да міндетті.
Ашығын айтсақ, үкіметтік құзырлы органдарға қарғанда қатардағы қарапайым халық әлдеқайда шұғыл және белсенді қимыл көрсетті. Қиналғандарға көмек қолын созу қазақтың қанында сақталғанын анық көрсетті деп сеніммен айтуға болады. Оны біз өткен жылдары коронавирус кезінде де көрген болатынбыз. Әсіресе жан-жақтан арнайы келген ерікті жастардың бұл шараға белсене кіріскеніне риза боласыз. Тек облыс орталықтарында ғана емес, ауыл-аймақтарда да қабылдау бөлімшелері ашылып, оған қарапайым халық азық-түліктен бастап, киім-кешек, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдарына дейін әкеліп өткізуде. Арнайы есепшот ашып, халық қаржы жинай бастады. Бірнеше банк Қостанайда үйі өртенгендердің несиесін кешіріп, қарызын жабатын болды.
«Аймақтағы барлық жағдайға тікелей жауапты облыстық әкімдік қайда қараған?» деген оқырмандар сұрағына да жауап іздеп көрелік. Қостанай облысын жеті жыл басқарған Архимед Мұхамбетовтің не ойы барын кім білсін, ал халық оның қызметіне көңілі толмайтынын әлеуметтік желіде ашық жазып жатыр. Олардың айтуынша облыстағы бұл өрт шалған мемлекеттік қорыққа жеткілікті назар аударылмайды, оны қорғап, күтіп-баптауға жылына небары 92 млн. теңге ғана қаржы бөлінеді екен
Табиғат жанашырлары 21 гектар жерге жайғасқан, 11 ғимараттан тұратын әкім резиденциясына қызмет көрсету және оған баратын 10 шақырым жолды жөндеп, тазалап тұру үшін бюджеттен 400 млн. теңге шығындалатынына наразылық білдіруде.
Осы орын алған алапат өртке қатысты жұртты мазалаған ең басты сұрақтың басы ашық тұр. Ю. Ильиннің өзі айтқандай, ешқандай найзағай болмаған ашық күнде орман неге өрттенді? Оған кім кінәлі және кімдер жауапты? Бұл туралы қарапайым халық пен қоғам белсенділерінің де өз ой-пікірлері бар. Мысалы Нартай Аралбайұлы арнасына берген сұхбатында эколог, «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай бұны теракті деп атап, оның саяси астары да бар екеніне назар аударды. Оның айтуынша бір мезетте бірнеше жерден өрт шығуы мүмкін емес, бұл қолдан жасалған қылмыс. Оны қасақана ұйымдастырушылар бар екеніне сенімді қоғам белсендісі Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің де өртенуін осымен байланыстырды. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерекесіне қатысуға Қостанай аймағына мемлекет басшысының келер қарсаңында әдейі ұйымдастырылған саяси бүлік, қазіргі жаңа қоғам құруға қарсы топтың әрекеті деп баға берді Азаматхан Әміртай.
Ия, қоғам белсендісінің бұл ойын да жоққа шығара алмаймыз. Мәселе соларды анықтап, заңды түрде жазасын беру керектігінде. Бұрындар бизнес саласындағы «бәсекеге» қатысты талай сауда орталықтары өртенгенін білеміз. Құқық қорғау орындарының салғырттығы мен сатқындығынан солардың басым бөлігінде қылмыскерлер жазадан құтылып кетті. Айталық, Алматыдағы халық арасында «Барахолка» аталып кеткен сауда орталығында түнде күзетшіні пышақтап жаралап, біреулердің тапсырысымен от қойған қылмыскерлер ақыры табылмады. Өрт сөндіргіш техникалар базарда сусыз қаңтарылып тұрғанын көріп жұрт жағасын ұстаған-ды. Қала басшылары тікұшаққа отырып алып өртеніп жатқан сауда орталығын екі-үш айналып ұшып, ұшты-күйлі жоғалды. Бір қалада тұрып, тікұшақпен ұшып өртті қызықтағандай болғанша апатты жерге өздері келуге болатын еді ғой. Осы тектес оқиғалар еліміздегі бірқатар қалаларда орын алғаны белгілі. Бұл жолы да өрт қолдан жасалса қылмыскерлерді құқық қорғаушылар құрықтайды дегенге сенім аз, біздің өткен жылдарғы тәжірибеміз соны көрсетеді. Осындайда «Шіркін, «тілсіз жауға» тіл бітіп, барлық жағдайды өзі айтып берсе ғой» деген қиялға еріксіз беріледі екенсіз...
Зейголла АБАЖАН