Қазақ баспасөзінің болашағы алаңдатады
2022 ж. 28 маусым
3682
3
Маусым айының 28-і елімізде журналистика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде жыл сайын аталып келеді. Журналистика туралы сөз бола қа묬са бірінші кезекте бұдан бір ғасыр бұрын айтылған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халық-тың көзі, құлағы һәм тілі» деген анықтамасын алдымен еске аламыз. Өйткені Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі дәл қазіргі кезде де өз маңызы мен мән-мағынасын жойған жоқ. Адамдар қанша жерден теледидарға телміріп, ғаламтор желісіне шырмалғанымен, бәрібір мерзімді басылымдардан қол үзбек емес.
Бүгінгі күні адам өмірі ақ¬па¬ратқа толы, заманымыз ақпараттар ағымынан тұрады десек те болады. Ашық ақпарат көзінен айырылса адам әлем тынысынан бейхабар, не болып жатқанын білмейді, соқыр, мылқау күйге түседі. Ондай қоғамда жалған айтып адастырып, адамдарды алдау да қиын емес. Бұқара¬лық ақпарат құрал¬дарына жол бермеген мемлекет әлемдік кеңістіктен де орнын жоғалтады. Қоғамның, ұлттың үні өшіп, мұң-мұқтажы да, қасіреті де айтылмай қалады.
Журналистика – шындықты айтатын, оқиғаны бұрмаламайтын, бүгінгі күннің ең маңызды мәселесін шынайы, бүкпесіз жариялайтын сала. Ал оның қалай жұмыс істеуі – әр елдің заңына, әр басылымның, әрбір журналистің ұстанымына байланысты болмақ. Дүниежүзіндегі елдердің журналистика деңгейі әртүрлі болғанмен бәріне ұқсас ұғымдар мен ережелер де бар. Атап айтсақ, жалған ақпарат таратпау, оқырмандарын алдамау, тек қана сенімді дерек көз¬де¬рінен ақпарат алу, көз жетпеген ақпарды сенсация қуып жарияламау, біреуге жала жаппау, намысына тимеу, әркімнің жеке басына, отбасына қатысты ақпаратты жарияламау. Яғни журналистикалық этиканы сақтап, адам¬гершілік қағидаларын аттамай ақпарат таратумен айналысуға міндетті.
Әрине, журналистика уақыт өткен сайын заман ағымына қарай алға қарыштауда, түрлі өзгерістерге ұшырауда. Әлемде, оның ішінде дамыған елдер журналистикасы насихатқа қарағанда ашықтық, баламалы пікір, жылдамдық әрі дәлдік¬ке көбірек көңіл бөле бастады.
Өзге елдерде де көп жағдайда телеарналар мен басқа да электронды ақпарат құралдары басымдыққа ие болды. Оның басты себебі, басылымдарға қарағанда электронды ақпапарат құралдарының техникалық мүмкіндіктері анағұрлым мол.
Жасыратыны жоқ, біздің елімізде газет-журналдар ақпараттарды жедел таратудың көзі болудан қалыңқырап бара жатыр. Оның бірнеше себептері бар. Солардың ішіндегі ең бастысы – қағаздың, баспахана мен пошта арқылы тасымалдау қызметінің қымбаттығы мен сапасыздығы. Басылым дер кезінде оқырман қолына тимегендіктен оған жазылу да азаяды. Ғасырлар бойы халықтың үні болып келген басылым атаулы бүгінгі күні жар жағалағандай, орға құлап жабылудың аз-ақ алдындағы жағдайда жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты еліміздегі басылым басшылары дабыл қағып, тарихы терең қазақ баспасөзінің болашағына соңғы жылдары үлкен алаңдаушылық білдірумен келеді.
Соның бірін еске салсақ, «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген тақырыпта «Qazaqstan dauiri» газетінің ұйымдастыруымен қазақ тілді мерзімді басылымдарының басшылары дөңгелек үстел өткізіп, мәселені жан-жақты қарастырған болатын. Пандемияға байланысты қатыспай қалған басылымдардың басшыларымен одан кейін де онлайн байланыс арқылы жалғасып, тағы да осы тақырып талқыланды. Соның қорытындысы бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолданды.
Ашығын айтсақ, осы шаралардан айтарлықтай нақты нәтиже болған жоқ. Сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы Аида Балаева Алматыға арнайы келіп, баспасөз өкілдермен екі рет кездесу өткізіп бұл мәселені шешуге тырысатындарын айтқан-ды. Одан бері біраз уақыт өтіп, басылым таралымдары азайып, жағдай одан әрмен нашарлай түсті. Министрлік мемлекеттік тапсырыс мәселесінде қозғау салғанмен баспасөз басшыларының басқа да ұсыныстары аяқсыз қалды.
Сонда қазақ баспасөз өкілдерін не толғандырады? Оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған ашық хаттан анық аңғаруға болады. «Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазіргі 2022 жылғы жазылу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қолымыздан келген ұйымдастыру жұмыстарын істеп жатырмыз. Әсіресе 18 мың кітапханаға бір-бір данадан жазылу жөніндегі ұсынысымыз орындалған жоқ. Сондықтан бұл хатымызды Сізге тағы да жолдап отырмыз. Егерде осылай кете берсе Қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селкеуленіп қалған басылымдар жаппай жабылуы әбден мүмкін. Сондықтан Қадірлі Президент мырза, Қазақ баспасөзін өз қамқорлығыңызға алуыңызды өтінеміз!» -деп басталған ашық хатта қазақ баспасөзіне төнген қауіпті айта келе мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынған болатын.
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында сол ұсыныстарды қайта еске салсақ артықшылығы болмас. Өйткені бұл қазақ баспасөзінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда журналистер үшін ғана емес, бүкіл ұлт үшін маңызды мәселе.
«1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.
2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді.
3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет-журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз, мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетсе дұрыс болар еді. Мәселен мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс. Бұл санды 5 мыңға азайтса деген өтінішіміз бар. Себебі жоғарыда айтқанымыздай басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз.
4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді Баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.
5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген жөн. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршіктер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.
8. БАҚ өкілдері осы жылға дейін мемлекеттік тапсырысты «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңы бойынша (аталмыш заң барлық құрылымға ортақ) жергілікті (аудан, қалалық) ішкі саясат бөлімдері жариялаған конкурстың нәтижесімен алып келген болатын. Ал биылғы жылдан бастап жергілікті жерлердегі бюждеттен бөлінген қаржыға конкурс өткізу құзіреті облыстық ішкі саясат басқармасына беріліп отыр. Бұл Қазақстан Республикасы «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің» 2017 жылғы 23 ақпандағы №75 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асуда. Демек бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарына бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған тапсырыстар «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңымен емес, «ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес өтетін болып отыр. Жоғарыда аталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сай еліміздің барлық облыстарында және республикалық маңызы бар қалаларда мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру облыстық ішкі саясат басқармасының құзіретіне берілгендігі ақпарат құралдарына біршама қиындықтар тудыруда. Өйткені аталмыш ережеде мемлекеттік тапсырыс конкурстарына біркелкі талаптар қойылған. Соның ішінде бір аудан көлемінде таралымы жоғары және жергілікті оқырмандармен біте қайнасқан, тарихы терең басылым мен басқа қаладағы немесе аудандағы газет мемлекеттік тапсырыс конкурсына қатысуына ешқандай шектеулер қойылмаған. Яғни ауданның тынысын күнделікті жарыққа шығарып отырған, редакция құрамында 10 адамнан кем емес қызметкері бар газет ұжымымен өзге қала немесе аудандағы басылымның артықшылығы аталған ережеде ескерілмеген. Одан бөлек жыл сайын «ҚР Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес аудан аумағында жыл көлемінде игеретін қаржының 20 пайызына дейінгі көлемін алдын ала қосымша келісім арқылы аударатын. Себебі мемлекеттік тапсырыс конкурсының өтетін мерзімі шамамен 2 айға жоспарланған. Осы уақыт аралығында редакция ұжымы айлық жалақы мен өзге де шығындарынан қысылмайтын. Ал бүгінгі таңда қаңтар айының басында қол жеткізетін 20 пайызға дейінгі қаржымыздың нақты қай мерзімде берілетіні әлі күнге дейін белгісіз. Елімізде ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені ескеру керек...»
Ашық хаттың ортасынан ойып алған осы бір үзіндіде бүгінгі қазақ баспасөзі алдындағы негізгі проблемаларды көруге болады. Журналистер арасында жиі айтылатын бұдан да бөлек мәселелер баршылық. Мемлекеттік тапсырыста сын материалдар мүлдем ескерілмеген, оны жазған күннің өзінде қабылданбайды. Сын материалды журналист біреуді масқаралау немесе лауазымды адамды орнынан кетіру үшін емес, қоғамдағы кемшіліктерді түзетсек деген мақсатпен жариялайды. Сын түзелмей, мін түзелмейді деп босқа айтылмаған. Отыз жыл бойы мақтау материал жазғаннан бірдеңе ұттық па? Жоқ, керісінше ұтылдық. Көптеген кемшіліктеріміз түзетілмей «жабулы қазан» күйінде қалып келді.
Тағы бір мәселе, ақпарат алудың әлегі. «БАҚ туралы заңымызға» сүйенсек ақпарат иесі оны беруге міндетті. Өкінішке орай, ешқандай мемлекеттік құпиясы жоқ қарапайым ақпараттың өзіне ресми түрде сұрау жолдаңдар деп шіренетін шенеуніктер де жетерлік. Оны одан кейін жарты ай күту қажет. Бұл уақытта кез келген ақпарат ескіріп, маңызын жоғалтады. Түрлі деңгейдегі әкімдіктерді мазаламай-ақ сайттарынан алайын десеңіз ол жерден ресми құжаттардан басқа ештеңе таба алмайсыз. Өткен жылдардағы ескі ақпараттар ғана кездеседі. Соған қарап бұл аймақта ешқандай жұмыс істелмей ме деген ойға қаласыз. Өңірдің өмірін көрсетуге тиісті сайт жұмысы ақсап жатыр деген сөз.
Ия, қазақ баспасөзі алдында қордаланған мәселе шашетектен. Кезінде Алаш арыстары негізін қалап, игі дәстүрді одан кейінгі ата, аға буын журналистер жалғастырған қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайы мәз емес. Мерзімді басылымдардың көбісінің жабылып қалу қаупі жоғары. Журналистердің зарын – халықтың қамы деп түсінуіміз керек. Өйткені басылымдар халыққа, ұлтымызға қызмет етеді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz