ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ БЕЛГІЛЕНЕДІ
2021 ж. 19 қазан
2970
0
Биыл, 2021 жылдың 9 қыркүйегінде «Ақ жол» партиясы фракциясы белгілі саясаткер, Дүниежүзі және Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясы президенті Alikhan Baimen мырзаның тоғызыншы айдың тоғызы күнін “Тоғызқұмалақ күні” ретінде белгілеу туралы ұсынысын бірден қолдап, үкіметке хат жолдаған болатын.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Берік Дүйсембинов және Мақсат Раманқұловтардың ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа жазған хатында мыңжылдық ақыл-ойдың алғырлығын талап ететін, Әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасына енген, ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енген Тоғызқұмалақтың отаны - Ұлы Дала Елі - Қазақ мемлекеті екені біз үшін мақтаныш екені айтылған. Осы уақытқа дейін 5 рет әлем чемпионаты, 4 Азия, 4 Еуропа чемпионаты өткені де бұл зияткерлік ойынның зор маңызын білдірсе керек.
Жақында көңіл қуантар жақсы жаңалық та болды. 2021 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың ҚР Парламенті Мәжілісі "Ақ жол" фракциясы депутаттары атына және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа жазған жауабы келді. Онда министр: “Қазіргі кезде тоғызқұмалақ, ұлттық күрес және ат спорт түрлері бұл қазақ халқының Ұлттық спорты – халқымыздың өмірімен бірге дамып келе жатқан мәдени жетістіктерінің маңызды бір саласы.
Министрлік өз құзіреті шегінде 9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалық күні» емес «Ұлттық спорт күні» деп белгілеу туралы шешімін қабылдауды жөн көреді.”-деп жауап беріпті.
Иә, өте дұрыс шешім! Тоғызыншы айдың тоғызы күнін “Тоғызқұмалақ күні” ғана емес, “Ұлттық спорт күні” болып белгіленуді біз де қолдаймыз.
Ең бастысы “Ұлттық спорт күні” белгіленді. Жемісі мол берекелі күздің қырманы мол қыркүйегінде Ұлттық спортымыз, көкпар тартылып, бәйге шабылып, балуандар күресіп жатқанда, тоғызқұмалақ ойналып, асық атылып жатса, қайта тіпті жарасып, ұлан-асыр тойға айналмай ма? Бұрынғы кезде шопандар тойында осылай болатын.
UNICEF "Адамзаттың мәдени мұрасы" деп таныған мың жылдық тарихы бар, ұлттық зияткерлік ойынымыз тоғызқұмалақты және ұлттық спорт түрлерін дәріптеу ісі жалғастыра береміз.
Мәселені тез және ұтымды шешкен үкіметке алғыс айтамыз.
Төменде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жауабын жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Депутаттары А.Перуашевқа,Б.Дүйсенбиновке, Қ.Исаға
Көшірмесі:
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары
Е.Л. Тоғжановқа
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың
2021 жылғы 16 қыркүйектегі № 21-14/5432 т.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттарының ұсынысын қарастырып, келесіні мәлімдейді.
Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, қазақ даласында ең кең тараған интеллектуалдық сипаты басым көшпенділердің ақыл-ой еңбегінің тұрмыстағы жемісі, әрі халықтың байырғы генетикалық жадысы болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ жақсы насихатталып жатыр.
Қазақстанда жыл сайынғы жарыстардың күнтізбелік жоспары негізінде, тоғызқұмалақтан республикалық жарыстарға мыңдаған спортшылар қатысса, халықаралық жарыстарда Қазақстан Републикасының Ұлттық құрама командасының мүшелері ел намысын абыроймен қорғауда.
Қазіргі кезде тоғызқұмалақ, ұлттық күрес және ат спорт түрлері бұл қазақ халқының Ұлттық спорты – халқымыздың өмірімен бірге дамып келе жатқан мәдени жетістіктерінің маңызды бір саласы.
Министрлік өз құзіреті шегінде 9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалық күні» емес «Ұлттық спорт күні» деп белгілеу туралы шешімін қабылдауды жөн көреді.
Министр А.Райымқұлова