Қазыбек Иса. Мен бәрібір Мемлекеттік тіл мүддесін қорғаудан қайтпаймын!
2021 ж. 28 мамыр
3979
32
Бабарахым сияқты сатқындардың балағымнан тістегені - бәтеңкемді жалағаны…
Таяуда “Абайтв” арнасында “Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек! Бірақ оған мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер қарсы болуда” деген сұқбатым шықты. Оны кеше парақшама салып, қалың ел қолдаған. Оның алдында да ұлт мүддесін қорғаған, қазақ тілін көтерген мақалаларым шығып келе жатқаны белгілі. Мемлекеттік тілді білмейтіндердің мемлекеттік қызметке қалай және неге жіберіліп жатқаны туралы да жаздық. Содан кейін-ақ маған қарсы әдеттегідей жала жапқан шабуылдар тағы да қаптады. Арасында қарау ойлы күншілдер осыдан жарты жыл бұрын бір мүсін қасында түскен суретті желілерде жерден жеті қоян тапқандай алақайлап жариялауда.
Бұл жалған ақпарат қой жауларымыз бұрмалап жатқан!
Бұл сурет туралы өзім айтайын.
Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістанға Шәмші ескерткішін қойып келгесін, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашевтың шақыруымен “Ақ жол” ұйымдастырған Тәуелсіздікке арналған жиыннан соң ол кісінің үйіне қонаққа бардық. Арамызда Азат Перуашев пен белгілі Желтоқсан қаһарманы, жалынды ақын Аманғазы Кәріпжан да бар.
Шәй ішіп болған соң қайтарда Тілеуберді аға шеберханасын көрсетті.
Шеберханадағы Әл-Фараби, Абай, Шәмші, Төлеген Тәжібаев секілді қазақтың ұлыларының мүсіндерімен бірге Асанәлі Әшімов, Мұқтар Шаханов, Нұрсұлтан Назарбаев секілді еліміздің белгілі көзі тірі тұлғаларының мүсіндерінің (ескерткіші емес) қасында суретке түсуді өтінді. Мамандығым суретші болғандықтан да, бұл мүсіндердің бәрі мен үшін бейнелеу өнері туындысы!
Жоқ жерден мін іздегендер мен тырнақ астынан кір іздегендер солардың ішінен тек осы желіде жүрген суретті ғана жариялап, ауыздарына келгенін айтып қалып жатыр. Енді қайтсін, оларға да өмір сүру керек қой.
Бұл мүсін туралы шындықты Бабарахым, өзіңнің жерлесің, белгілі кәсіпкер Болатбек Әлиев айтты ғой біраз сайттар мен өзінің парақшасында. Оның “Ақ жолға” ешқандай қатысы жоқ екенін жақсы білесің ғой. Енді соның бәрін анық біліп тұрып, қарадай жала жауып, кімнің тапсырысын орындап жатсың маған қарсы сонда?
Оны да мына шатпағыңнан анық біліп тұрмын. Кезінде ұлы Пушкин айтқандай “Салпиған құлағы көрініп тұр…”
Бұл Бабарахым дегеннің оттауына сенсек, мен Қазақ тілі және ұлт мүддесі туралы түк істемеппін. Парламентке келе сала алғашқы айда тұңғыш жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен депутаттық сауалым, Алашқа арналған екі рет, Қандастарға арналған екі рет депутаттық сауалдарымды көрмеген секілді елге жалған ақпарат таратады! Мақсат - негұрлым өтірікті көп айтып, жаланы қатты жапсаң, сенімдірек болады деген жалақорлар ережесін орындау!
Ол төрт айда жасалған бес депутаттық сауалдың бәрін де ел қуана қарсы алып, жаппай қолдап жазып жатқанда Бабарахым басқа планетада жүрген сияқты. Әдеттегідей тағы біреудің тапсырысын орындауға кірісіп, басқамен ісі болмай жатса керек!
Оның арасында Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін кейбір заңдарды қабылдауды алға жылжытудамыз. Мысалы,
“Көрнекі ақпарат” туралы заңда ел шулаған біраз баптарды, барлық жерде мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде, дүкендерде зат бағасын, ас мәзірін, көше аттарын, маңдайшалар мен бланкілерді тек мемлекеттік тілде жазу және тб өзгертіп жатырмыз, оның біразына үкімет те келісті. Тек Тіл басқармаларына бақылау функциясын қайтару туралы алғашқы отырыста жасаған ұсынысымызды Үкімет қарап, қорытынды дайындап жатыр.
Яғни, біз алға қойған мақсат бойынша іс жүріп жатыр.
Бұл депутаттық сауалдар бойынша еліміздегі әйгілі қаламгерлер Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекев, Смағұл Елубай бастаған ұлт зиялылары арнайы мақала жазды! “Тарихи сауал болды”, “Қазіргі парламент және Қазыбек Иса” деп бағалап жатты қайраткер-қаламгерлер.
Иә, кейінгі кезде ұлттық мүддені қорғайтын мақалаларымыз шыққан сайын түрлі тосқауылдарға тап болудамыз. Әсіресе, еліміз тарихында болмаған, бұрынғы межеден 100 еседей жоғары рекордқа жетіп, бір айда 125 мыңнан астам адам қол қойған Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Президентке жазылған Ашық хатты ұйымдастырып, оны Президент әкімшілігіне жібергеннен бері де жан-жақтан өзімізге де, “Қазақ үні” ұлттық порталымызға да хакерлік шабуылдар күшейіп кетті.
Сол 126 мыңға жуық ел патриоттары Ашық хатқа қол қойып, оның ішінде 50-шақты өзге ұлт өкілдері де қолдап жатқанда, сен Бабарахым, қолыңды қойдың ба, жоқ бір бұрышта тығылып, көзге түскендерді жамандаған кезекті тапсырыстан тапқан тиыныңды санап жаттың ба?
Өзіңнің парақшаңдағы сені жақсы білетіндердің жазған:
“Бабарахымның Шымкентте тарап кеткен "Ақысын төлесең, Абайыңды да жамандап бере аламын" деген өзінің бір таныс журналисіне айтқан сөзі расқа айналуда”-дегені шынында да расқа айналуда…
Менің Ұлттық кеңестің алғашқы отырысындағы Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен ұсынысымнан кейін және 125 мың қол қойылған петициядан кейін-ақ, Үкіметте Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Тұжырымдамасы жасалды! Менің парламенттегі алғашқы депутаттық сауалым Үкімет басшысынан осы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы қайда және неге әлі қабылданбай жатқанын сұрау болды. Үкімет басшысының жауабына қанағаттанбай “Мемлекеттік тіл Мемлекетке керек болмаса, кімге керек?” деп, қазақ тілінің бүкіл кедергі-тосқауылын жайып салып, тағы да талап етіп, сұрау салғанымды Бабарахымнан басқаның бәрі оқып, қолдап қуаттады.
Иә, сол кезде де аяқ астынан қазақ тілі есіне түсе қалған болып, балағыма жабыса кеткен біреулерді халық мынау сені сойып жатқандай сазайын беріп тастады.
Шынында да, егер Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбайтын болса, онда оған қарсы болған және болатын шенеуніктерді әшкерелеп, барлығына баратын боламыз. Бұл жолда бізді қолдап, артында миллиондар тұрған 126 мыңға жеткен халық тұр.
“Ақ жолдың” басшылары Қытайға барды” депті бұл байғұс бізді кінәлайтын басқа ешнәрсе таппағасын.
Тапсырыс берушің де, сүйек лақтырса жерге түсірмей қағып алатын сенің де сауатың шамалы болып тұр ғой.
Біз 2017 жылы желтоқсанда сол Бейжіңге Қытай басшысына сонда қамалып жатқан 112 қандасымыздың тізімі жазылған хатты алып бардық. Оны “Атажұрттың” сол кездегі жетекшісі Қыдыралы Оразұлы, белгілі қаламгерлер Керім Елемес, Бейсен Ахметұлы бастаған қандастар жинап берді. Одан 79 адам тұтқыннан босатылып, елге келгенін “Атажұрт” басшылары жиындарында арнайы айтты. Бұл Қытайдағы қазақтардың қысымы туралы арнайы саяси партия “Ақ жол” ресми үн көтеріп, ең алғашқы Қытайға жеткен дабыл еді. Сен “барды” деп отырған Қытайдан біздің хатты тапсырғанымызды баспасөзден оқыған елдегі қандастарымыз әуежайдан салтанатты күтіп алмақшы болғанда, ұшақтан таңғы төртте түсетін болғандықтан, біз өзіміз қарсы болдық. Ал сен бір қандасымызға болыстың ба Бабарахым, елге жала жапқаннан басқа?!.
“Ақ жол” партиясының Алашқа жасап келе жатқан істерінің жүзден бірін жасай алмай, саусағын да қимылдатпай, аузын ғана қимылдатып отырғандардың тірлігі сол баяғыдан нақты іс атқарып жатқандарға жала жауып, көше өсегімен семіру.
Мен кейбіреулердей, мені сынайтын кезде ғана қазақ тілі бар екені ойына түсетін керезулердей емес, баяғыдан, осыдан 35 жыл бұрын, қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінің өзінде-ақ, алғаш ауыл мұғалімі болып жүріп, тіл үшін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен, яғни сол кездегі қаһарлы аудан басшысымен айқасқан Ұлт майданына түскенде-ақ білгенмін, маған қарсы қаншама қастандықтар жасалатынын және көріп те келемін. Маған бірақ Қазақ тілін қорғау жолында басқалардан гөрі қазақтардың, қазақша жазып, қалам ұстап жүргендердің қарсы шыққан сатқындығы қатты батады.
Бұл туралы бұдан бір ғасыр бұрын
Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы да тура тауып айтқан екен. Басында Пушкиннің салпаң құлақтарға арнаған өлеңінің бір жолын келтіріп едім. Енді аяғында Ұлттың рухани ұстазы, Қазақ тілінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының “Көк есектерге” арнаған өлеңінің бір шумағын қазіргі кейіпкерлеріне арнап келтіре кетейін:
“Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны!”
Ал мен Ахаңнан жүз жыл кейін:
“Тұмсықтарын тықпайтұғын жері жоқ,-
Иісшілдер тұншығар өз деміне-..
Ұлттың жоғын жоқтағанды
ері боп,
Кәнден біткен-
кетіре алмас керіге...
Қара бастың қамын ғана күйттер ме ек,
Жемісі бар елге еңбек пен төзімнің.
Балағымды тістелесе иттер көп-
Етігімді жалағандай сезіндім!..”-
деп жаздым биылғы “Дат” газетіне шыққан жырымда.
Иә, баяғыдан бері, қазір де, қай кезде де, Бабарахым сияқты сатқындардың балағымнан тістегенін - бәтеңкемді жалағандай сезініп, басып кетіп, алға қарыштай беремін.
Өйткені, алда Ұлт мүддесін қорғау тұр!
Алла жар болсын Алашқа!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні