Ана тілінде сөйлемейтін адам Отанын бірінші болып сатады - Бекен Нұрахметов
2021 ж. 04 мамыр
3053
0
Жуырда көңіліме қатты қаяу түсірген оқиғаның куәгері болдым. Олай дейтінім, сырқаттанып қалған соң система алайын деп емханаға барған едім. Жанымдағы кушеткада бір қазақ баласы жатты. Жасы 15-16 шамаларында. Бір кезде әлгі баланың жанына медбике келіп, қазақша сөйлеп еді, анау мақау сияқты жата берді. Медбике сөзін тағы қайталады. Сол кезде әлгі бала «Я по казахский не понимаю» деді саспастан. Төбеден жай түскендей әсер етті ғой деймін, кушеткада ем алып жатқан қазақ ағайындардың барлығы таң қалып: «Сонда сен бір ауыз қазақша білмейсің бе?» деп лап қойды. Анау болса: «Да» деп шімірікпестен жауап берді. Қазақша білмегеніне ұялып тұрған жоқ тіптен. Мына сұмдықты көргенде менің де шыдамым таусылып кетті де: «Кто не знает свой родной язык, тот не считается патриотом своей страны. Если ты не патриот, то значит в любое трудное время можешь продать свою Родину» дедім сынап көрейін деп. Менің мына сөзімді естігенде бетіме бір қарады да, мезірейіп жата берді.
Мына оқиға мені терең ойдың құрсауына сүйреді. Кәмелеттік жасқа толмаған баланың бойынан ана тіліне деген құрмет пен намыстың отын көрмегеніме қатты қапа болдым. Тіпті, патриот деген сөздің мағынасын да түсінбеген сияқты көрінді маған. Сондықтан да ертең ел басына қиын сәт туатын болса, Отанын осындайлар бірінші болып сататынына еш күмән келтірмеймін. Мына көрініс арқылы біздің қоғамда патриоттық сезімнен мақұрым және бойына ұлттық мүддеге деген жанашырлық ұя салмаған сатқын ұрпақтың бой алып келе жатқанының белгісі ма деп ойладым. Қорқынышты...
Бұл жағдайды бекерден-бекер айтып отырған жайым жоқ. Себебі, жақында тағы бір сұмдық мәліметті құлағым шалды. Қазіргі уақытта Қазақстаннан шетелге көшіп жатқан эмигранттар толқыны аз емес. Солардың ішінде өзіміздің қазақ ағайындар да жетерлік. Кейінгі статистикалық мәліметтерге қарағанда, Ресейге және басқа елдерге қоныс аударушы қандастарымыздың көбісі орыс тілді қазақ ағайындар екен. Олар білімді Қазақстаннан алғанымен, қызметті басқа елге жасауды құп көрген сияқты. Олардың ішінде небір мықты мамандарымыздың да бар екені жасырын емес. Жүрегі елім деп соқпаған ұрпақтан сақтасын. Қорқынышты...
Бекен Нұрахметов,
Фейсбук парақшасынан