КҮЗ ДЕП ЕДІҢ ҚЫС БОЛДЫ, БҰЛ НЕ ДЕГЕН ІС БОЛДЫ...
2021 ж. 15 ақпан
3488
1
Қателеспесем қазақта «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген бір теңеу бар. Тоса-тоса төзім таусылып, қиналған кезде қолданатын өте орынды айтылған теңеу. Тура сол сияқты «айта-айта Тарбағатайды, халқының алды біраз қартайды, бастамашы болған кейбіреулері ауданның қайта келген-келмегенін көре алмай, келмескеде кетіп үлгерді». Ол марқұмдардың жатқан жерлері жәннаттың төрі болсын, енді ол марқұмдарға ештеңенің керегіде жоқ шығар. Айтыспайтын-тартыспайтын, таласпайтын басқа бір әлемде тыныш өмірлерін сүріп жатқан болар. Ал біз сол айтыс-тартыстың жуан бел ортасында, айтқанымызды ешкімге өткізе алмай, жазғандарымызды жоғарғы жаққа жеткізе алмай, ілініп-салынып жүріп жатқан жайымыз бар.
Менің олай дейтінім енді біз еріксіз «ұра берсе құдайда өледі» деген тәлімді ұстанып, «еститін үкімет» бар екені рас болса, түбінде бір еститін шығар деген үмітпен, «біздің зарымызды жоғарғы жаққа жеткізе гөр» деп бір Алладан тілеп, сол жазған үстіне жаза беретін болармыз деген ойдамыз.
Біз Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар мен Ақсуатты Алматы облысындағы Кегеннен Нарынқолды бөлген сияқты, бұрынғы Тарбағатай ауданын қайтадан қалпына келтіру қажеттігін бұған дейінде бұқаралық ақпарат бетінде газетте бірнеше рет жазған едік. Атап айтқанда «ДАТ» газетінің 19 қыркүйек 2019 жылғы №34 /494/ санында «Тарбағатай ауданын Тоқаев қайтара ма» деген мақаламыз жарық көріп, аталған мақалада біз жаңадан сайланған Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлына Шығыстағы шекаралық аймақ Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіріп беруді сұрап, «ендігі бәр үмітіміз сізде» деп жазған болатынбыз. Олай жазуымыздың ең басты себебі біз Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесін бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Бұрынғы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев облыстар мен аудандарды, оның ішінде алып айдаһар Қытаймен ірге көрші, шекаралық аймақ, Тарбағатай ауданын шекаралық аймаққа қатысы жоқ Ақсуат ауданына өзі біріктірді ғой. Енді айналып келіп, бақандай 23 жылдан кейін өзі қайта қалпына келтіріп беретін шығар деген үмітпен Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіріп беруді сұрап тікелей Н.Ә.Назарбаевтың өзіне жазған болатынбыз. Өкінішке орай біздің Ақжар аймағы тұрғындарының талап-тілектері Елбасына жетпеді, жазғанымыздың жауабын, ең қызығы бұл өте өзекті мәселені, аса маңызды, жауапты шаруаны мүлдем шеше алмайтын, шешуге құзіретіде жүрмейтін ШҚО әкімшілігінен алдық. Олардың билік үшін берген жауабына қанағаттанбай, өздеріне анықтап қайта жазып едік, сол баяғы сипай қамшылау, «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» жалтарма жауаптар қайтарылды. Бұл әрекет бізге «иесі итін жұмсайды, иті құйрығын жұмсайды» деген сияқты тірліктер болып көрінді.
«Айлас қатын мұңдас» дегендей, шекаралық аудандар проблемасына қатысты «ДАТ» газетінің 5 желтоқсан 2019 жылғы №45-505 санында «Даниял не дейді, халық не дейді» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай үн қосуды жөн санап, «Ахметовтың алдарқатуына келіспейміз» деп жазып, пікір білдірген мақаламыз «ДАТ» газетінің 23 қаңтар 2020 жылғы №3/511/ санында тағыда жарияланған болатын. Аталған мақалада тағы бір шекараға қатысы жоқ, Күршім ауданына қосылып кеткен олда Қытайдың көршісі, шекаралық аймақ Марқакөл ауданының тұрғындарының атынан 45 ақсақалдың облыс басшысына Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру туралы өтініштерін айта барғандары жазылған. ШҚО әкімі Д.К.Ахметовтың айтуы бойынша сол 45 ақсақалдың 1-уі ғана Марқакөлде тұрып, қалғандары облыс орталығы Өскеменге қоныстанғандықтан «қалған 44 қарияның Марқакөлге қатысы жоқ» деген әңгіме әуені шыққандықтан, біз тағыда бір жағынан Марқакөлдік ағайындардың сойылын соғып, бір жағынан сол 44 қарияның әкімнің сөзіне сеніп, Марқакөл ауданын қайта ашудың қажеттігі жоқтығына мойынсұнғандарына бұрынғы Тарбағатай ауданы мен оның бұрынғы орталығы Ақжарлық ағайындардың қандай қатысы бар деген наразылығымызды білдірдік. Салыстырмалы түрде Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіруге облыс әкімі Д.К.Ахметов есептеп отырғандай «бірде-бір жаңа аудан ашпаймыз, аудан ашқанда тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 миллиард кетеді» деген уәжімен келіспей, соншалықты қыруар қаржы кетпейтінін дәлелдеп бердік. Тарбағатай ауданының бұрынғы орталығы Ақжар ауылында ауданды қайта құруға ең қажет деген басты мекемелер әкімшілік, сот, прокуратура, полиция, мектеп, мәдениет үйі, аурухана, кітапхана, қажет десеңіз тойхана ғимараттары дін аман халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бәріде өте сапалы, заманауи ғимараттар, ешқандай жөндеудіде қажет етпейді. Жаңа ғимараттар салудың ешқандай қажеттігі жоқ, бір сөзбен айтқанда ғимаратқа зәру емеспіз. Сондай-ақ кезінде жеке қолға тегін беріліп кеткен бос тұрған ғимараттарда бар. Оның үстіне қаншама халық көшіп кетіп жатыр дегеннің өзінде, халқының саныда сай келетін, 22 мыңнан астам халқы бар дайын ауданды қайта қалпына келтіруге не кедергі екенін, кім қарсы болып тұрғанын, қандай саясат екенін халық түсінбейді, бізге ешкімде дұрыстап түсіндіріп бере алмайды. Негізінде ең маңызды, ең басты назарға алатын жағдай ол бізге ауданымыздың орталығы Ақсуат ауылынан гөрі тура іргеміздегі бізді шайнап-шайнап бүрке салуға әзір отырған көршіміз Қытай әлдеқайда жақын «шет жатқан шекаралық аймақпыз». Өкінішке орай, бұл жағдай биліктің назарынан тыс қалып, сорымызға қарай бұл жағдайға төменгі жақ қана алаңдап, жоғарғы жақ қаперінеде алмайды.
«Аруағыңыздан ғана айналып кетейін Абай ата», сол Абай ауданында небәрі 13 мыңнан астам ғана халық бар деп естиміз. Дербес аудан болып өмір сүріп жатыр ғой.
Оның қасында біздің Ақжар өңірінің халқы олардан екі еседей көп қой. Кезінде осы Тарбағатай ауданының Жантікей мен Көкжыра ауылдарын су басып, тасқын шайып кеткен кезде 2 ауылға су жаңа заманауи әкімшілік үйі, мектеп, аурухана, байланыс торабы ғимараттарын және жиыны 400-ге жуық тұрғын үй салып бергенде 7-ақ миллиард теңге ақша қаражаты жұмсалғанында естіп біліп отырмыз.
Бөлінген мемлекет қаражатының мөлшермен 1 миллиардын жемқорлар қолды қылды дегеннің өзінде 2 ауылға әрқайсысына 3 миллиардтан жиыны 6 миллиард жұмсалған шығар. Осылай есептейтін болсақ 9 миллиардқа бір кішігірім қала тұрғызуға болады ғой, дайын аудан орталығы Ақжар туралы айтпағанда.
Осы мақаламызда біз Даниял Кенжетайұлынан аспандағы айды алып беруді сұрағамыз жоқ, тек қана Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырза сияқты өзінің жергілікті халқын қолдап, біздің шекаралық аймақ бұрынғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру туралы талабымызды Ақордаға, Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлына, ел үкіметіне жеткізіп, сол ұсыныстың қолдау табуына қамқоршы болса жеткілікті және ауданды қалпына келтіруге өзіде тікелей ат салысады деп үміттенеміз деген мағынада жазған болатынбыз.
Алайда аталған мақаланы тиісті адамдар оқыды, оқымады бізге беймәлім, себебі біз құзырлы органдардан ешқандай жауап ала алмадық.
Сөйтіп жүргенде «қайыршыға жел қарсы» деп, өкпе-назы көп, халыққа аяқ астынан қара бұлттай төніп, «Қытайдан Коронавирус індеті жетті, Омбы-Майқапшағай жолын жөндеуге шекарадан ауруы бар-сауы бар Қытай жұмысшылары өтті, солардың ауырғандарын, сондай-ақ қытай жұмысшыларымен біте қайнасып араласып «біздікілердіңде» жұқтырғандары болса соларды қоса емдеу үшін Зайсан ауданының Сарытерек ауылында, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында емдеу орындарын ашпаққа дайындалып жатыр екен» деген дақпырт дүңк ете қалды. Екі ауданда жергілікті халық жиналып, ереуіл ұйымдастырып, өз наразылықтарын білдірген еді. Нәтижесінде Зайсан, Тарбағатай аудандарында емдеу орындары ашылмайтын болып, шешім қабылданып, халық біраз тынышталғандай болды.
Ал Ақжар өңірінде «құланның қасынуына мылтықтың басылуы» сәйкес келіп, бұрынғы жараның аузы қайта ашылып, сол баяғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесі бірден көтеріліп, ашынған, ашылған халықтың талабы бойынша облыс басшысы Д.К.Ахметов өзі халықпен кездесетін болды.
Алдымен сценарий бойынша Ақжар өңірі тұрғындарын кездесуге дайындау басталды, дайындық жан-жақты өте тыңғылықты түрде өтті. Әйтеу сағындырып-сарғайтып көптен күткен қадірлі қонағымыз Даниял Кенжетайұлыда келіп жетті. Бұл кез жаңылмасам 2020 жылдың ақпан айының аяғы еді. Әрине жалғыз емес, қасында облыс бойынша әр саланың басшылары нөкер ретінде қоса ере келген екен. Ақжар аулындағы мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ. Ішіндегі орындықтарға жайғасып отырып алғандарды айтпағанда, екі жақ шеттегі қабырғаларға 4-5 қатар болып сүйеніп, иін тіресіп түрегеп тұрып алғандар, ортадағы ары-бері өтетін жолды жауып тастағандар, ішке кіре алмай кіре берісте тұрып қалғандар. Сыртта тұрғандар қаншама. Кім санапты ұзын-саны 450-500 адамдай болған шығар.
Халықтың шыдамсыздана тосып отырғаны Коронавирус індеті туралы жыр емес еді. Дүние жүзін шарпыған ол тажал індет қатеріне қарсы облыс басшысы не шара жасай алады, ол әркімгеде түсінікті жағдай еді. Облыстық бөлім басшыларының биік мінберден кезек-кезек берген есептерінде жиналған халық ықылассыз, мәжбүрліктен тыңдады, кілең бір түсініксіз сандар мен сандуғаштай сайраған сабаздардың жаттанды жауаптары кімді, қалай қызықтырсын.
Міне халық тағатсыздана күткен Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру туралы айтуға дайындалып тұрған ел ішінен шыққан баяндамашылар айтар сөздерін бастамай жатып-ақ, оларды қолдап-қолпаштаушылардың ысқырығы мен жер тепкілеген айқай-шулары залды жаңғырықтырып жіберді. Әр сөйлеген шешен өзінің тілі жеткенше Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екенін, шекараның іргесіндегі ауылдардан көшіп кетіп жатқандар көп екенін, шекара алаң-ашық қалғанын, керісінше шекаралық аймаққа халықты шоғырландыру керектігін, «бос жатқан жер жау шақыратынын», шекарамызды шекарашылармен қатар халық өзі күзететінін, Тарбағатай ауданы қайта қалпына келтірілетін болса бұрынғы орталығы Ақжар ауылы қазірде орталық болуға дайын тұрғанын, қажетті барлық заманауи ғимараттардың бәріде халыққа қызмет көрсетуге жарап тұрғанын, керісінше жаңадан мектептер салынғанын, алайда өкінішке орай сол мектептерде оқитын бала саны азайып бара жатқанын, аудан қайта қалпына келсе көші-қон тоқтайтынын, керісінше көшіп кеткендер қайта көшіп келетіндерін жарыса-жарыса айтып жатты.
Сондай-ақ баяндамашылардың біразы Астана қаласына 1500 шақырым жерден ит арқасы қияннан, Қостанайдан газ тартылғанда, Ақжар ауылынан бар болғаны 70 шақырым жердегі көрші Зайсан ауданына қарасты Сарыбұлақ учаскесіндегі табиғи газдың 2018 жылдан бері Ақжар ауылының тұрғындарына «әне тартылады, міне тартылады» деп берген уәделері неге орындалмай, шешімін неге таппай жатқаны туралыда сұрақтарын жаңбырша жаудырып өтті, облыс басшысынан тұшымды жауаптарын күтті.
Жиын соңын ала менде сөз алып, мінберге шығып, 2018 жылы көктемде кезінде біз сияқты қысқарып кеткен Нарынқол ауданы, қайтадан жеке отау құрып, Райымбек ауданы деген атаумен Кегеннен бөлініп шыққанын, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзаның және Нарынқолдық патриот азаматтардың арқасында Райымбек ауданы көркейе түскенін, біздің патриоттарда Нарынқолдықтардан кем еместігін, өз туған жерлерін көркейтуге қай-қайсысы болсын даяр екендерін тілге тиек еттім. Ары қарай сөзбе-сөз айтатын болсам «Құрметті Даниял Кенжетайұлы «жасаған жақсылық еш жерде қалмайды», сондықтан сіз мына атқарып отырған қызметіңізден бөлек, адамгершілік көрсетіп, азаматтық танытып, имандылық білдіріп, біздің талап-тілегімізді толық қанағаттандырып, шекаралық аймақ бұрынғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру мәселесін шешу үшін өзіңіздің оң ұсынысыңызды Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлына жолдап, ауданымызды қалпына келтіруге ат салысады деп біз Ақжар өңірінің халқы сізге сенім артып, үмітімізді үзбейміз» деп сөзімді аяқтап, халықтың аманатын арқалатып жіберген болатынбыз.
Жиынды жапқан облыс басшысы Д.К.Ахметов мырзаныңда айтқанын цитата ретінде сөзбе-сөз келтіретін болсақ, «Ең үлкен мәселе аудан мәселесі, өте күрделі, мен сіздерді естідім, содан кейін енді қазір маған бірсыпыра уақыт керек, неге десеңіздер ол менің шешімім болмайды ғой, сіздер оны жақсы білесіздер, мен өзім үкіметке осы мәселені апарам, келістік пе, қыркүйек айында өзім келем, сонда тағы кездесеміз, асықпаңыздар, әлі менен шаршайсыздар» деп уәдесін беріп, сондай-ақ газ қорын анықтатып, газ мәселесінде шешетін болып, Ақжар өңірінің халқының аманатын арқалап аттанып кеткен болатын. Содан беріде міне жылға жуық уақыт өтті. Күз өтіп қыс болды. Қысымыздыңда жартысы өтіп кетті. Жым-жырт өлі тыныштық, жылт еткен жаңалық жоқ. Ал Ақжар өңірінің халқы болса, анау бір жақсы өлең жолдарында айтылатындай «кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен» деп батысқа көз тігіп, сарғайып жол тосып, күн сап қараумен әуреге түсіп әлек. Қазақта «уәде құдай сөзі», «аманатқа қиянат жоқ» деген болушы еді. Берген уәдемізде қалай тұрып үйренейік, арқалаған аманатқа қылдай қиянат жасамау үшін не істейік. Оның үстіне уәде беріп, аманат арқалаған анау-мынау жай адам емес, үлкен кісі, білдей бір үлкен облыстың танымал басшысы дегендей...
«Күз деп едіңіз қыс болды, бұл не деген іс болды», сіз өзіңіз не айтасыз қарапайым халқыңызға, аса құрметті Даниял Кенжетайұлы. «Жазған құлда не жазық бар», біз сол өзіңізді сағынып-сарғайып құда тосқандай күтіп жүрміз, әліде тағатсыздана күте тұратын шығармыз. «Жолаушының кешікенінен үміттен» деуші еді, әлде бір жақсы жаңалығыңыз бар ма жұртыңыздан сүйінші сұрайтындай... Халқымызда «ештен кеш жақсы» деген бар, сондықтан «әкесі өлгендіде естіртеді» дегендей, сіздің өзіңіздің тікелей Президентімізге Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіру туралы жазғаныңызбен, мейлі қандай жауап, қуанышты болмаса қайғылы хабар болсада Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлынан алынған ресми жауаптармен уәдеге беріктік танытып, аманатқа қиянат жасамай, Ақжар өңірінің халқын таныстыратын уақытыңыз әлдеқашан жетті деп ойлаймыз, таныстырады деп әліде үміттенеміз. Әзірше құрғақ уәде болып тұрған Ақжар ауылына «газ тарту жыры» туралыда жауабыңызды бере кетерсіз, «берген уәдені 3 жыл күтеді» деп әлі тосудамыз, 3 жыл әлдеқашан өтіпте кетті. Енді бұл шаруа жоғарғы жаққа жалтақтамай, жергілікті жерде шешімін табатын мәселе ғой. Әлде Қытай рұқсат бермей жатыр ма. Шығыстың қаһарлы алты ай қысында от жағудан әбден жалыққан апаларымыз, аналарымыз, әпке-қарындастарымыз егерде ол шаруа оң шешімін тауып жатса, «о Жаратқан бұл күнімізгеде тәубә» деп, тоңазыған қолдарын жылы суға малып, бір мәз боп қалып, алдымен Аллаға, соңынан сізге алғыстарын жаудыра жатар.
Естіп-біліп жатырмыз Алматы облысының басшысы Амандық Баталов мырза жаңадан қайта қалпына келтірілген Райымбек ауданына газ тартқызып жатыр деп. Жақсылық бізгеде жұғысты болсын.
Мен жазғанымды өз заманындағы елінің қамқоршысы болған Төле би атамның
Қол боларлық елің бар,
Қол бастарлық ерің бар,
Атадан қалған жолың бар,
Тек отырып құл болсаң,
Атадан туды деп кім айтар
деген жалынды жырымен аяқтағым келеді. Біздіңде «аудан боларлық еліміз бар, жеткілікті жеріміз бар, ел басқарар еріміз бар». «Дат тақсыр», біз ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда дейтіндей күйде болмасақта, ешкімнен жақсы жағдай, нан-шай сұрамаймыз, кім қалай шешіп берседе, тек қана жалғыз тілегіміз бар, ол «алтын тақта ел басқарып отырған асыл ағалар, бұрынғы Тарбағатай ауданын қайта қалпына келтіріп беріңіздерші»...
Шөкеев Сержан Қайырбекұлы,ШҚО, Тарбағатай ауданы
Ақжар ауылы