Жемқорлардың киімін емес, миын ауыстыру керек
2021 ж. 13 ақпан
1442
5
Еліміздегі қаржы саласының министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлерінің мәртебесін көтеру бойынша ұсыныс айтқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар таратылды. Бас қаржыгер қол астындағы «сарбаздарына» арнайы шен беріліп, базалық жалақыға үстеме қосылып, бірыңғай форма (киім) берілу керектігін мәлімдеген екен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық Алаңы» кеңсесі мәліметінде көрсетілгендей, министр Жамаубаевтың айтуынша мемлекеттік кіріс органдары қызметкеткерлерінің жалақысының төмендігі мен әлеуметтік жағынан қорғалмағаны және қызметінің жауапкершілігі жоғары болуынан жемқорлық тәуекеліне тап болып отырған сыңайлы. Сондықтан, мұның шешімі ретінде жоғарыдағыдай бірыңғай форма енгізу мен үстеме жалақы төлеуді ұсыныпты. «Бұл өз кезегінде білікті кадрларды сақтап, жемқорлық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарының мәртебесін көтеруге септігін тигізеді», – деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпты Жамаубаев. Министрдің бұл айтқандарын елдегі ақпарат құралдары жарыса жазып, әлеуметтік желідегі халықтың басым бөлігі бұған ашықтан-ашық қарсы шығып, шенеуніктің бұл ұсынысын қисынсыз деп жатыр.
Ерұлан Жамаубаев (1974 ж. т.) еліміздегі ең жас министр десек те болады, ердің жасы елуге де жетпеген маман. «Жас келсе іске...» демекші, нағыз бабына келіп, біліктілігі мен қайраткерлігін көрсететін кезеңде десек қателеспейміз. Бұл қызметке 2020-жылы 18 мамырда тағайындалған болатын. Жас министрдің жауапты салаға басшы болып келуін көпшілік құптағанын да жасыра алмаймыз, шынын айтсақ үлкен үміт артқан-ды. Ерұлан Кенжебекұлы бұған дейін ҚР Ұлттық банкінде бірқатар жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Министр болардың алдында осы министрліктің жауапты хатшысы болғанын білеміз. Байқап отырғандарыңыздай Е.Жамаубаевтың қаржы саласындағы тәжірибесі баршылық, оған ешкім қарсы дау айта алмаса керек. Тіпті, 2015-2018 жылдары Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі, одан кейін ҚР Президентінің көмекшісі де болған белгілі маманның біліктілігіне де ешкім күмән келтіріп отырған жоқ.
Осы жерде көптің көкейінде жүрген мына бір ойды айта кетелік. Бұны бір қалыптасқан заңдылық десек те болады. Бұрынғы және қазіргі министр немесе әкім, сол сияқты өзге де жоғары лауазымдағы қызметкерлердің өмірбаянына, қызметтік еңбек өтіліне үңіліп көріңізші. Солардың бірқатары Президент әкімшілігінде әртүрлі ірілі-уақты қызметте істегендер болып келеді. Тіпті, төменгі болар-болмас қызмет атқарса да ертеңгі күні ірі лауазым иесі болып шыға келетінін көріп жүрміз. Президент әкімшілігі ең жоғарғы мемелекеттік орган екені белгілі. Елдегі саяси-экономикалық салаларға бақылау жасап, бағыт-бағдар беруші де солар. Дегенмен, олар білікті кадрларды дайындамайды, өйткені ол жоғары оқу орны емес. Нағыз шебер, білікті маман өз саласында, өз ортасында қайнап-пісетіні, мамандағына қатысты тәжірибе жинақтап қалыптасатыны белгілі. Президенттік әкімшілікке барған адамның көп кешікпей бір саланың немесе бір аймақтың тізгінін ұстайтынын алдына болжау қиын емес. Сондықтан да халық арасында осы әкімшілікті лауазым биігіне бастайтын баспалдаққа балайды. Бұл қалыптасқан тәжірибенің дұрыс-бұрыстығына баға беруден аулақпыз, ең бастысы жоғары лауазымға тағайындалған маман өзіне тапсырылған міндетті үлкен жауапкершілікпен, біліктілікпен және адал атқарса болғаны. Оның қайдан, қалай келгені маңызды емес шығар.
Енді көтеріп отырған негізгі тақырыпқа оралайық. Қаржы саласы дегеніміз – ауқымы өте кең түсінік. Оған банк жүйесі, экономиканың барлық салаларын, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени және өзге де қажеттіліктерді қаржыландыру сияқты күрделі мәселелер кіреді. Соның ішінде салық яғни, мемлекеттік кіріс бөлімі ең маңызды екені ежелден белгілі. Өйткені, әлемдік тәжірибеде салық мемлекеттің тікелей тірегі болып саналады. Айталық, табиғи қазба байлығы мүлдем жоқ көптеген елдерде осы салық мемлекеттің негізгі қаржылық қоры болып табылады.
Сонымен министр Ерұлан Жамаубаев қарамағандылардың жалақыларын көтеріп, иықтарына шен тақпақшы екен. Сол арқылы жемқорлық деңгейін төмендетпекші. Біріншіден, жалақы мәселесі жалғыз қаржылық жүйеде емес, еліміздегі барлық салада лайықты шешімін таппай жатқан проблема. Жұмыссыздық, мардымысыз жалақы, тауарлар мен қызмет түрлерінің, коммуналдық төлемдердің әлсін-әлсін қымбаттауы, халыққа берілетін несиелердің мөлшерлемелік пайызының жоғары болуы осыған басты себеп екені белгілі. Ал былтырдан бергі коронавирус індетінің таралуы жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Мемлекет қоржыны түпсіз емес, оның да таусылар кезі болары анық. Әрине, қаржылық жағдай болып жатса жауапты мемлекеттік қызметте жүргендердің жалақысын көтергенге не жетсін?! Өйткені, алдында айтқанымыздай, алатын айлықты инфляция жалмап жатыр. Содан барып бұқараның сатып алу қабілеті төмендеп, тұрмыстық жағдайы нашарлайды.
Министр көтерген екінші мәселе – шенге байланысты екен. Құдайға шүкір, бізде пагон таққандар, шенімен шіреніп жүргендер онсыз да жетіп артылады. Тек қана Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріндегі шенділер саны жүз мыңдап саналады. Оған прокурорлар мен төтенше жағдай саласындағы пагондыларды қосып қойыңыз. Басқасын айтпаған күннің өзінде осылардың өзі де жетіп жатқан жоқ па? Салық саласындағыларға пагон таққаннан бірдеңе өзгере ме? Пагон таққаннан жемқорлық азаймайтынын өмірлік тәжірибе баяғыда дәлелдеген. Айталық, Қорғаныс министрлігіндегі былықтар. Жоғары шенді генералдардың өзі жемқорлық қылмысы бойынша ұсталып сотталып жатыр емес пе? Әлде министр шен беріп қызметшілерінің мәртебесін көтермекші ме? Мәртебе мен құрмет кез келген адамға халыққа көрсеткен сапалы, адал қызметіне қарай келетінін министрдің білмегені ме? Бүгін салықшыларға, ертең дәрігерлер мен өзге де мемлекеттік қызметшілерге пагон тақсақ не болады? Көшелерімізде бірыңғай шенділер қаптап кетпей ме? «Қазақстан – Пагонстан!» деген өзгелердің әжуасына қаламыз ғой. Қалай болғанда да министрдің бұл ұсынысын дұрыс деп айта алмаймыз.
«Жемқорлық деңгейін төмендетуге септігі тиеді» деген министрдің үшінші желеуі де жетісіп тұрған жоқ. Негізінде бұл өте маңызды мәселе екенін өздеріңіз де білесіздер. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ондаған жылдар бойы күрескенмен нақты нәтиже жоқ. Құдайдың құтты күні жемқорлар ұсталып, сотталып жатыр. Оның басым бөлігі мемлекеттік қызметтегі лауазымдылар. Алдымен министр осы сөзімен-ақ мемлекеттік кіріс саласында жемқорлықтың бар екенін білдіріп отыр. Ол министр айтпаса да, белгілі жағдай. Бұл салада ең көп тараған қылмыстың түрі – салық мөлшерін төмендетіп көрсету. Яғни, жекелеген салық төлеушіге немесе кәсіпорын өкіліне жеңілдік жасаған болып, пара алу. Сол арқылы мемлекетке қыруар шығын келтіреді.
Министрдің ізгі мақсатпен, қоластындағы қызметкерлеріне қолдау, қамқорлық көрсеткісі келгенін түсінуге болады. Ол үшін бас қаржыгерді кінәлай алмайсыз. Бірақ ұсыныс жасамас бұрын өз ойының дұрыстығын, кейін оның қандай нәтиже беретінін ескермеген сияқты. Әдеттегідей, бұл лауазымды да бұрынғы кейбір әріптестеріндей «реформа» жасамақшы болған. Сондықтан біздің Үкімет бұл ұсынысты қолдап, заңдық сипат бермей тұрып оны жан-жақты зерттегені ләзім.
Ал, шындап келгенде министрдің осы ұсыныстары бір-бірімен тығыз байланысты. Айталық жемқорлық болмаса, қыруар қаржы тойымсыздардың жемсауында кетпесе қызметкерлердің жалақысын лайықты деңгейге көтеруге әбден болатын-ды. Сонда олардың «мәртебесін» көтеретін шеннің де қажеті болмай қалар еді.
Осы бір атың өшкір жемқорлық жайлы аз жазып жүрген жоқпыз. Біздің мыңдаған оқырмандарымыз онымен күресудің небір ұтымды жолдарын да айтты. Бірақ одан не пайда, ұсыныстарды билік басындағылар құлағына да қыстырған жоқ. «Тыңдайтын Үкімет» таскерең болып қалғандай. Мемлекеттік қызметті құпияландырмай ашық ету, маңызды саланың бәріне қоғамдық бақылауды күшейту, елімізде дұрыс ұлттық идеология қалыптастыру керектігі жөніндегі ұсыныстар ескерусіз қалды. Ал жемқорлық жеңісті жолын жалғастырып келеді. Үкіметттің арнайы қабылдаған бағдарламалары мен қаулы-қарарлары да қауқарсыз болып шықты, өйткені нақты нәтиже жоқ. Жемқорлық барлық саланы жайлап алған. Бұл жерде жемқорлардың киімін емес, миын ауыстырып, дұрыс қоғам қалыптастыру қажет. Жоғары мінберден «Жемқорлықты жоямыз!» деген жалаң ұранды оңды-солды айтатындар, кеңсесіне келісімен өз құлқынын ойлап кетсе қандай күрес болмақ? Бақылаушы органдардың өздері жемқорлықпен айналысса, лауазымдылар түйені түгімен жұтып жатса жемқорлықпен кім күреспекші? Жұрт алдында айқайлайтын жалаң ұран емес, бізге таза ниетке негізделген нақты іс керек. Ол үшін биліктегілердің өздерінің жүректері ақ, қолдары таза болуы қажет. Халқын, ұлтын, отанын шынайы сүйетін басшыларға зәруміз. Өкінішке орай, бүгінге дейін біз соны көре алмай келеміз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz