Ұлттық кеңестің тағы бір бастамасы мәре сызығына жетті – Ерлан Қарин
2021 ж. 21 қаңтар
1686
0
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тағы бір бастамасы мәре сызығына жетті. Президент тиісті заңға қол қойғаннан кейін қазақстандықтар көлік жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүруге міндетті болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Сенат Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясында Президенттің тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Аталған заңға Президент қол қойғаннан кейін көлік иелеріне өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүрсе жеткілікті болады», - деп жазды ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Facebook парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданған болатын. Заңда Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін норманы қолданыстағы заңнамадан алып тастау көзделген. Яғни автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады.