МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЗАҢЫ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ҮКІМЕТТЕ ЖАТЫР - Қазыбек Иса
2021 ж. 20 қаңтар
5290
6
18 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісі комитеттерінде жаңа үкімет мүшелері кандидатураларын тағайындауға байланысты талқылау болып өтті. Осы туралы Мәжіліс депутаты, ақжолдық Қазыбек Исадан айтып беруін сұрадық.
-Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени комитетінің отырысына бір вице-премьер мен бес министр келді. 20 мүшесі бар ең үлкен комитетті Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова басқарады.
Ең алдымен ҚР Үкіметі вице-премьерлігіне ұсынылған Ералы Тоғжанов таныстырылды. Ералы Лұқпанұлына депутаттар көптеген сұрақтар қойды. Бәріне нақты жауап берді. Біз де өз кезегімізде сауалдар қойдық.
"Біз сіздің идеологиялық салада көптен бері басшылықта жүргеніңізді жақсы білеміз. Алдағы уақытта да табыс тілейміз.
Менің сізге қояр сұрағым, Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы Мәдениет министрлігінде дайындалып, былтыр тамыз айында Үкіметке жіберілгенінен хабардармыз. Бұл туралы былтыр 28 желтоқсанда Ұлттық кеңестегі кездесуде Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова да: "Мемлекеттік тіл туралы заң концепциясы Үкіметке жіберілген, талқылануда" деп мәлімдеді. Ол үшін, Ұлттық кеңестің алғашқы отырысындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы біздің ұсынысымызды қолға алғандарыңызға көп рахмет! Сонымен қатар, 2020 жылы 9 сәуірден бастап бір айда "Қазақ үні" ұлттық порталында мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, 125 мыңнан аса Қазақстан азаматтары, оның ішінде Максим Рожин секілді еліміздің патриоттары бастаған түрлі ұлт өкілдері де бар, қолдап, Президентке жазылған Ашық хатқа қол қойды. Алды әлемге әйгілі ұлт зиялылары, белгілі сенаторлар, Мәжіліс депутаттары да қолдаған ашық хат Президентке де жіберілгені белгілі. Бұл 125 мың қол - бұрынғы межелерден мың есе артық, тарихи рекордтық нәтиже! Үкіметте жатқан осы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Консепциясы қазір қандай күйде? Ол Үкіметтен шықпай, Президентке жетпей қалмай ма? Президентке жолданған Ашық хатқа қол қойған 125 мың адамның артындағы миллиондаған халық осы сұрақтың жауабын күтіп отыр.
Екінші сұрақ, қазір әлеуметтік желіде екінші петиция басталып кетті. Ол "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы. Желіде тарап кеткен ақпараттың айтуынша, заң жобасының бірнеше баптары қазақ халқының ұлттық ұғымына, тұрмыс-салтына, діни нанымына қарсы шығады. Бұл анық дерек пе, әлде жалған ақпарат па? Анық болса, үкімет бұндай заң жобасын жасауға қалай жол берген?
Ералы Тоғжанов бұл сұрақтарға байланысты өз ойын ашық айтты: "Рахмет. Сіздің де ұлт мүддесін көтеріп жүргеніңізді жақсы білеміз. Иә, мемлекеттік тіл туралы заң концепциясы Үкіметте жатыр. Мен тіл мәселесінде сізге бір ғана нәрсені айта аламын. Қазір Тіл комитеті Мәдениет министрлігінен Білім министрлігіне ауыстырылып жатыр. Бұл жердегі астар, тіл мәселесін білім саласында нақты жаңа методикаларын енгізе отырып тілді игеру мәселесі тұр. Неге олай деп айтып отырмыз? Біріншіден, Мемлекеттік тіл - қазақ тілі екені Конституциямызда жазулы тұр. Оны жақсы білесіз. Сондықтан осының айналасында жүрген сұрақтар бар. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды да жақсы білеміз. Сондықтан бұл сұрақтармен кейін өздеріңізбен тағы да ақылдасуға мүмкіндік болады ғой деп ойлаймын. Бірге ақылдасайық. Оңай емес бұл сұрақ! Соның бәрін ескеруіміз керек. Ешкімге орысша айтқанда повод беруге қақымыз жоқ. Осындай дүниенің ар жағын ойлау керек. Біліп отырсыздар ғой, айналамызда не болып жатыр, қарайық. 37 пайыз кезімізде де көрдік, құдайға шүкір, қазір 73 пайызға жеттік. Қазір енді жасыратын ешнәрсе жоқ. Тіл мәселесін Президенттің өзі де айтып жүр. Жастарға байланысты айтты ғой өткенде, шетелдің тілін қысқа уақытта үйреніп жатсыңдар, осы жерде жүріп қазақ тілін үйрену деңгейлерің әлі жетілмеген сияқты деп. Ашық айтылған әңгіме ғой түсінетін адамға. Сондықтан Білім министрлігіне берілетін Тіл комитетінде кейін өздеріңізбен ақылдассақ деп ойлаймыз. Екінші сұрағыңыз да сондай маңызды сұрақ. "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы әлі қабылданған жоқ. Мәжілісте әлі талқыланады. Бұл мәселеде де кейін өздеріңізбен ақылдасамыз"-деп жауап берді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына ұсынылған Аида Балаеваға да сұрақтар көп болды. Ол бәріне нақты жауап берді. Аида Ғалымқызына менің сұрағым: "Сіз ақпараттың өз адамысыз. Өзіңізбен кездескенде ұсынған мәселелеріміз тез шешімін тауып жатқанын айтуымыз керек. Мысалы, менің шетелдік үздік анимациялық фильмдерді қазақшалау туралы ұсынысым бірден қолға алынды. Қазіргі тақ-тұқ ақпарат заманында сараптамалық мақалаларды дамыту үшін оларға мемлекеттік тапсырыста басымдық берілуі тиіс деген ұсынысым да іске асуда, сол үшін сізге рахмет айтамыз. Менің сұрайтыным, былтыр қазақ баспасөзі басшылары пандемия кезінде жағдайлары қиындап кеткен қазақ басылымдарына қолдау сұрап Президентке ашық хат жазды. Биыл қазақ басылымдарының жағдайы қалай болады?"-деп сұрадым. Аида Ғалымқызы қазақ басылымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанын, мемлекеттік тапсырыстың жаңа ережесі бекітілгендіктен биылғы жылы да олардың жағдайы дұрыс болатынын нақты мысалдармен баяндап берді.
Мәдениет және спорт министрі лауазымына қайта ұсынылған Ақтоты Райымқұлова да сұрақтардың бәріне толымды жауап қайтарды. Менің қойған сұрағым: "Ұлттық патриоттық идеологияда мәдениеттің маңызы зор. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған алғашқы жолдауында көтерілген Алтын Орданың 750 жылдығын пандемияның кесірінен толық дәрежеде тойлай алмадық. Бірақ бағдарламадағы шаруалар біршама атқарылғаны анық. Мен Ұлттық кеңесте көтерген Алтын Орданың атасы Жошы ханның, Шыңғыс ханның төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы, қазақ қызы Бөртенің, Шыңғыс хан мен Алтын Орданың билеушісі Бату ханның ескерткіштерін салу туралы ұсынысымнан қазір әзірге Жошы хан ескерткіші ғана салынғанынан хабардармыз. Осы арада айта кетейін, әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков "Бөрте" пьесасын жазды. Алтын Орданың 750 жылдығын толық деңгейде тойлай алмасақ, Ұлттық кеңесте ұсынғанымыздай, 2023 жылы Алтын Орданың атасы Жошы ханның таққа отырғанына 800 жыл толуын әлемге әйгілеп тойлауымыз керек. Көршілеріміз жерімізге көз алартып жатқанда бұл мәселенің маңызы зор. Осы мәселе бойынша министрліктің жоспары қалай болуда?" Бұл сұраққа Ақтоты Рахматуллақызы: "Иә, дұрыс айтасыз, пандемия кесірінен Алтын Орданың 750 жылдығын өз дәрежесінде атап өте алмадық. Бірақ мүмкіндігіне қарай көп шаруа атқардық. Ұлытауда Алтын Орда кешені салынды. Жошы хан ескерткіші тұрғызылды. Алтын Орданы ұлықтау жалғаса береді. Құдай қаласа, өзіңіз айтқан Жошы ханның таққа отыруының 800 жылдығын мерекелеу керек деп білемін"-деді. Сонымен бірге Денсаулық министрі болып ұсынылған Алексей Владимирович Цойға мемлекеттік тілде сұрақ қойдым. Тарихта тұңғыш рет өзге ұлт өкіліне, министрге мемлекеттік тілде қойылған сұрақ болды деп ойлаймын. -2013 жылдан бері "СК-Фармация" компаниясындағы былықтар жөнінде 5 депутаттық сауал жасады. Денсаулық министрлігіне, Үкіметке, тіпті Бас прокурорға дейін жолдадық. Бірақ ешқайсысы сыннан қорытынды шығармады. Ақыры не болды? Былтыр пандемияда халық қынадай қырылды. Қажетті дәрі-дәрмектер, әшейінде аяқ астында шашылып жататын парацетомол, аспириндерді таппай қалды. Табылғанының өзінің бағасы аспандап кетті. Ал сол кезде "СК-Фармацияның" қоймаларында дәрілер тонналап тығулы жатты. Президент араласқан соң ғана компания басшылары орындарынан босап, тергеліп жатыр. Қазір де пандемияның беті қайта қойған жоқ. Дәрі-дәрмек сатылуы қалыпқа түсті ме? Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина да медицина саласындағы кемшіліктерді, "СК-Фармацияның" кемшілігін өткір сынады. Цой мырза былтырғы ауыр жағдайдың себептерін және қазір фармация саласында жағдай қалыпқа түскенін, барлық ауруханалар жасанды өкпе желдеткіштерімен толық қамтамасыз етілгенін баяндап берді. Білім және ғылым министріне ұсынылған Асхат Аймағамбетовке де сұрақтар өте көп болды. Біздің сұрағымыз: "Былтыр министрлік бірнеше жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарып алды. Олардың ішінде елімізге белгілі іргелі оқу ордалары да бар. Әрине,мақсаттарыңыз сапалы білім талап ету болғаны белгілі. Бірақ осы әрекеттер әділ болды ма? Өйткені көптеген оқу орындары лицензияларын сот арқылы қайтарып алды. Биылғы жылы да осылай жалғаса ма? Жоғары оқу орындарының жағдайы қалай болмақ? Екінші сұрақ, оқулықтардағы олқылық қашан жойылады, қателіктерден қашан арыламыз? Бұл сауалдарға Асхат Қанатұлы: "Жоғары оқу орындарын іріктеу президент тапсырмасы, бірақ шаш ал десе,бас алатындай жағдайда жасалып жатқан жоқ. Оқулықтарды қайта басу 400 миллиардты талап етеді. Сондықтан алдағы уақытта оқулықтар сапасын арттыру жолға қойылады" -деп жауап берді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымына ұсынылған Серік Жамбылұлы Шәпкенов жаңа министр болғасын, тілегіміз бен ұсынысымызды айттық. -Еңбек және әлеуметтік қолдау министірлігі ең ауыр сала. Зейнетақы да, әлеуметтік жәрдемақы да, жұмыспен қамту мәселесі де осы министрлікте. Бұған былтыр пандемияда шу болған 42500 теңгенің жырын да қосыңыз. Жері ұлан байтақ, халқы аз Қазақстанда ең маңыздысы адам санын көбейту. Сондықтан көп балалы аналардың жағдайын жасау керек. Көп балалы аналар екі ауысымда жұмыс істемей-ақ, үйінде бала бағып отыруға жағдайлары жеткілікті болатын кезге жетуіміз керек! "Жас келсе, іске" дегендей, осындай елдің артқан нар көтерер ауыр жүкті арқалай алады деп сенеміз. Ақ жол тілейміз.
Жалпы комитеттегі Үкімет мүшелерін талқылау өте қызу өтті.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазақ үні