Сабыржан Махметов: Ұлтымыз ҰЛЫ болу үшін, біз ІРІ болуымыз керек
2021 ж. 19 қаңтар
4020
3
Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек
Осыған дейін "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде танымал спортшы Сабыржан Махметовтың "БІЗДЕ БІР ҒАНА ҰЛТ БАР, БІР ҒАНА ТІЛ БОЛУЫ КЕРЕК!" атты сұхбаты жарияланған болатын. Небары бір-екі тәулікте 20 мыңдай адам оқып шыққан бұл сұхбат қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Редакциямызға хабарласып, Сабыржан Ғалымжанұлымен тағы да сұхбат жасауды сұраған оқырмандар аз болмады. Көптің пікірін ескере отырып, әлеуметтік жағдай, ұлттық мүдде, пандемия, ел мен жер мәселесі секілді өзекті дүниелерге қатысты саңлақ спортшы, бүкіләлемдік «Жекпе-жек» ассоциациясының президенті Сабыржан Махметовпен сұхбат құрып, өткір ойларын оқырманға жеткізуді жөн көрдік. Әдеттегідей, қоғам қайраткерінің халыққа айтары аз емес.
- Сабыржан аға, сіз есімі елге әйгілі болған саңлақ спортшысыз. Спорттың адам өміріне әсері, жастардың спортпен айналысуының отаншылдықты нығайтудағы маңыздылығы туралы айтып берсеңіз...
- Менің бүкіл саналы өмірім әуесқой-кәсіби спорт әлемімен байланысты. Бұл салада тек екі жол бар: жеңу не жеңілу. Спортта өтірік айтып, жағымпазданып жетістікке жете алмайсың. Тағдырдың тәлкегімен көп дүниені бастан өткердік. Сондай тар жол, тайғақ кешулерде сағымыздың сынбағанына ата-анамның тәлім-тәрбиесі, денешынықтырумен шұғылдануым себепші болды. Тек өзіне сенімді, мақсатына адал, отан десе отқа түсетін намысты адамдар ғана спортта ұлы жетістіктерге жетеді. Әлем чемпионы болу мақсат емес - Ер азамат болу парыз. Ұлт патриоты деген табиғи құбылыс. Ұлттық патриотизм деген бізге ананың сүтімен, әлдиімен, бесік жырымен сіңетін қасиет. Қазақтың қай ертегісін алып оқысаңыз да, барлығы батырлықты, ерлікті дәріптейді.
Ұстамдылық, сәтсіздіктер мен қиындықтарға қарамастан діттеген межеге жетудегі табандылық секілді асыл қасиеттер әкемнің қанымен бойыма дарығанын деп санаймын. Әкем әрдайым және кез-келген адамның алдында жүзің жарқын болатындай ғұмыр кешу керектігін айтатын. Біз әрқайсымыз қазақтың бір-бір оғланымыз, өкіліміз. Жеке адамға қарап тұтас ұлт туралы ойлайды. Сондықтан, ұлтымыз ұлы болу үшін, алдымен, біз ірі болуымыз керек. Елдің, жердің қорғаны болуымыз қажет. Отан - сенің жаның, өмірің. Отан үшін шыбын жанымыз жанпида.
- Бүгінде әлемді коронавирус індеті жайлап, соның салдарынан қоғамда түрлі әлеуметтік жағдайлар туындап жатыр. Қазіргі жағдайда басты назар аударатын мәселелер қандай деп ойлайсыз?
- Біріншіден, медицина саласы. Ең бастысы дұрыс диагноз қою - жартылай емдеу, дұрыс диагноз қоя алмау - қылмыс. Біз пандемия салдарынан осы саланың үлкен қауіптерге дайын емес екеніне көзіміз анық жетті. Енді жаңадан емханалар ашып, заманауи аппараттарды сатып алып жатыр. Бірақ, ең алдымен мықты дәрігерлерді даярлауды ойлау керек. Адамдарды емдеудің орнына мүгедек етіп жататын дәрігерлер туралы газет-сайттардан оқып жатамыз. Осының бәрі сапасыз білімнен. Әрине, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы еңбегіне лайықты жоғары болу керек. Алайда, оларға қойылатын талап пен заң алдындағы жауапкершілік те үлкен болу керек. Медицина қызметкерлерінің білім алуы мәселесіне мұқият назар аудару керек.
Екіншіден, білім саласына баса назар аударатын кез келді. Әсіресе, қазақ тілін, мәдениеті мен дәстүрін үйретуді мықтап қолға алу керек. Көптеген өркениетті елдерде 7-ші сыныпқа дейінгі балалар мектепте тек ана тілінде ғана білім алады. Ана тілін ұмытқан ұлттың өзі жоғалады. Бізде балабақшалар мен бастауыш сыныптарда білім тек Мемлекеттік тілде – қазақ тілінде берілуі керек...
Өткенде Президент Тоқаев «Мемлекеттік тілді білу әр Қазақстан азаматының парызы. Тіпті міндеті» деп айтты. Сол сөзін заңдастыратын кезі де келді. Біз моноұлтты мемлекетпіз. Ия, бізде өзге диаспора, этнос өкілдері бар. Олар өздерін осы елдің азаматы санай ма, онда осы мемлекеттің тілін білу керек.
Сонымен бірге, кеңес дәуірінде орыстанып кеткен жер-су атауларын қайта қазақыландыру керек. Мысалы, Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын қазақшалайтын кез келді. Бұл тікелей Президенттің өз құзыретінде.
Үшіншіден, экология. Табиғат-ананы аялау керек деген ұғымды ұрпаққа жастайынан үйрету керек. Әр адам өзін үйде қалай ұстаса, табиғат аясында да сондай болуы тиіс. Карантин кезінде адамдардың шалқар көлдер мен жазиралы жайлауларға баруы сиреп, қоршаған ортаның ластануы едәуір азайды. Соның есесінен құстар мен аңдардың көбеюі, қара көрсетуі байқалатыны айтып жатыр экологтар. Мектептерде экология мәдениетін үйрететін пән болу керек. Әр қазақ өз үйіне ғана емес, өз көшесіне, қаласына, мемлекетіне де бірдей жауапкершілікпен қарай керек. Сол секілді газдандыру мәселесін шешу керек. Бүкіл қазақ даласын газбен қамтыса, экология жақсарар еді деп ойлаймын.
- Қазір Қазақстандағы ең түйткілді мәселелерді атап бере аласыз ба?
- Біз жастарды отаншыл, мемлекетшіл етіп тәрбиелеуіміз керек. Бұл дегеніміз не? Мысалы, жыл сайын біздің көптеген жас бозбалалар отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бірақ, олар қандай ниетпен әскерге барып жатыр. Шынымен, соғыс жағдайында елді қорғай алуым керек деген оймен бе, әлде, военкомант шақырғасын, амалсыз бір жылымды өтеп, әскери билетімді алып келейін деген оймен бе? Бұл өте маңызды.
Қазақстан бай мемлекет. Тәуелсіздіктің отыз жылында біз үлкен елге айнала алдық. Бірақ, шын тәуелсіз бола алдық па? Біздің әскери базалар көрші мемлекеттің ықпалында. Сонау 90-шы жылдары бұл дұрыс шешім болған, бірақ, қазір біз шынымен дербес ел болып, ешкімнен қаймықпайтын әскери қуаты зор мемлекетке айналуымыз шарт.
Қазақстан еш мемлекеттен кем емес, өздігінен күн кешіп, өз саясатын жүргізіп, бүгінгі Түркия секілді ықпалды болуға ұмтылуы керек. Тек осы қуаттылық ғана елдің еңсесін көтеріп, рухын оята алады.
Сол секілді «Болашақ» бағдарламасымен тек мемлекеттік тілді, ұлт тарихын, салт-дәстүрді жетік меңгерген жастарды оқытып, олардың ертең еліміздің мүддесі үшін қызмет етуіне жағдай жасау керек.
- Сіз үшін Отан ұғымның мағынасы қандай?
- Отан – менің Анам. Анамды қалай сүйсем, қауіп-қатерден қалай қорғасам, отан үшін де сондай жанкештілікке даярмын. Ана алдымен өз баласын мәпелеп өсіреді, қанаты қатайғанша бағып-қағады. Кейіннен ес біліп, етек жиғасын бала-шағасы оны алақанына салады. Отан мен қоғам арасындағы қарым-қатынас та сондай болуы керек.
- Халықтың бүгінгі әлеуметтік жағдайы көңіліңізден шыға ма?
- Қара халық қарызбен өмір сүріп келеді. Банк алдындағы берешегін өтеумен бар ғұмыры өтіп кетіп жатқан қаракөз қандастарымыз қаншама. Билік соларды қолжетімді біліммен қамту керек. Олардың лайықты жұмыс істеп, жақсы ақша табуына жағдай жасау қажет. Алайда, бір нәрсені түсіну керек. Елдің бәрі бірдей шенеунік бола алмайды, бәрі бірдей кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп кете алмайды. Оған да икем керек. Біздің ел еңбектен қашатын ел емес. Мемлекет сол еңбекке лайықты ақы беру керек. Неге депутаттар ай сайын миллион теңге айлық алады? Әлеуметтік теңдік болу керек. Зауытта күні бойы пештің күлін көсейтін адам неге жоқ дегенде сол мөлшерде жалақы алмайды? Айта берсе мұндай мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Осының барлығы шешілген күні менің халқымның әлеуметтік жағдайына көңілім толады. Қазақстан халқы өз елінде бай-қуатты өмір сүруі тиіс. Өйткені, бұл жер бізге ата-бабадан мұра боп қалған. Біз осы жерде бақытты ғұмыр кешуге лайықтымыз.
Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні