ХАЛЫҚ ТІЛІН білмесе де, "ХАЛЫҚ" партиясы ПАРЛАМЕНТТЕ қалай жүр?- партиялар дебаты
2020 ж. 31 желтоқсан
3305
0
Кеше кешке 30 желтоқсанда өткен "Хабар" арнасында өткен саяси партиялардың парламент сайлауына байланысты сөз сайысы көп нәрсеге көз жеткізді.
Жаңа жылдың соңғы күндері өткен бұл саяси пікірсайысқа партия басшылары қатысты. Атап айтқанда, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасы Азат Перуашев, "Ауыл" партиясы төрағасы Әли Бектаев, Қазақстанның Халық партиясы төрағасы Айкын Конуров, "Адал" партиясы саяси кеңесі мүшесі Эльдар Жұмағазиев қатысты.
Партиялар алдымен өздерінің экономикалық саясатын қысқаша 1,5 минутта айтып өтті. Олардың ішінде бізге ұнағаны "Ақ жолдың" ұстанымы болды.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнеске барлық несиелерді 6 пайызға қайта қаржыландыру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Перуашев сонымен қатар, салық амнистиясын өткізудің және Қосымша құн салығын төмендетудің маңыздылығын атап өтті. Жер қойнауын пайдаланумен айналысатын шетелдік компанияларға қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды.
"Қазақстандай бай елде кедейлер болмауы керек"-деген Азат Перуашев:
-Ең төменгі зейнетақы 70-80 мың теңге көлемінде болуы керек. Баспаналар әділ бөлінуі тиіс. Әділдікті талап еткен "Ақ жол" партиясы:
-2012 жылы СК-Фармациядағы жемқорлықты жоюды талап етіп Бас прокурорға дейін сауал жолдады;
-2013 жылы Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіндегі үйлерді банк қызметкерлері бөліп алған заңсыздықты анықтап, депутаттық сауал жасап, банк басшылары түгел орындарынан босады;
-2017 жылы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан халықтың зейнетақысынан 250 миллион доллардың Әзірбайжанның банкрот болған банкіне несие берілгенін әшкереледі.
Пікірсайыс жалпы бұрынғыларға қарағанда қызу өтті. Қақтығыстар болмай қалған жоқ.
Нұротандық Бауыржан Байбек пен "ауылдық" Әли Бектаев "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевқа қарсы сұрақ қоямыз деп қарымта соққыға тап болды...
Кезінде бокстан халықаралық чемпионат жүлдегері болған Азат Тұрлыбекұлының сөзсайыста да "барымтаға қарымта" жауапты жедел беруді бокстағыдай жақсы меңгергені айқын көрініп тұр...
-Дамыған елдер экономикасында шағын бизнестің үлесі 60-70 пайыз, ал бізде әлі 30 пайыздан асқан жоқ. Бизнес партиясы аталатын "Ақ жол" сайлауда тағы уәделер беруде?-деген Әли Бектаевтың сұрағына Азат Перуашев "Ақ жолдың" 8 жылдан бері парламентте қанша заңға өзгеріс ұсынғанын, оның қаншасы орындалғанын, соның арқасында шағын бизнес үшін қаншама жеңілдіктер жасалғанын санап берді. ""Ақ жол" түрлі заң жобаларына 7 мыңнан астам толықтырулар мен өзгерістер ұсынды. Үкіметке 426 сауал жолдады. Мысалы, Мәжілістің 5-ші шақырылымында "Ақ жолдың" әр депутаты орта есеппен 35 сауалдан жасаса, "Нұр Отан" партиясы депуттаттары 6 есе аз - 6 сауалдан ғана жасады. "Ақ жолдың" талабы бойынша 2012 жылы заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заң жобасын парламенттен қайтарды. 2017 жылы 10 жылдық күрес нәтижесінде Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алғызып тастадық. Қаншама кәсіпкерлер түрмелерден босап шығып, қазір өнімді еңбек етуде. 2018 жылы 5 жылдық күрестен соң салықтық тексеріс мерзімін 5 жылдан 3 жылға түсірттік. Парламентте "Ақ жол" азшылық болғасын бастамаларымыздың іске асуы ұзаққа созылып, көп кедергілер жасалады. Сондықтан біз биыл "Парламенттік оппозиция туралы заң қабылдадық. Енді парламенттегі азшылық партияға көп қиындық болмайды"-деп нақты нәтижелі істерімен жауап берді.
Азекең мұнымен тоқталған жоқ: "Шағын бизнеске ауылдағы шаруа қожалықтары да, диқандар мен фермерлер де жатады. Бірақ "Ауыл" партиясының төрағасы қанша жылдан бері парламентте отырса да, ауылдағы шағын бизнеске көмектеспей не істеп, не бітіріп отырғаны елге де, маған да жұмбақ!"-деп, жауабын әдеттегідей алапат апперкот соққымен аяқтады.
"Ауылға" сұрақ қою кезегі келгенде Азат Перуашев: "Біз бәріміз, "Ақ жол" партиясы шетелдіктерге жер сатуға қарсымыз. Ал өткенде Ресей саясаткерлері жерімізге көз алартқанда бүкіл халық оларға қарсы дауыс көтергенде "Ауыл" партиясы неге үнсіз қалды? Барлық партиялардың ішінде тек "Ақ жол" партиясы ғана Ресей депутатының ісін қатаң айыптап, ресми мәлімдеме жасады. Сонымен бірге Ресей Думасындағы "Спрадливая Россия" партиясынан бастап барлық фракцияға сауал жіберді."-деп сұрақты төтесінен қойды.
Бұған Бектаевтың жауабы сенімсіз шықты. Сондықтан ол одан партия басшысы ретінде партияның ресми мәлімдемесін сұраса да, әлеуметтік желіні қуалап, партия мүшелері мен өзінің жеке парақшасына жазған (партия парақшасында да жоқ) постарына сүйеніп, "Сіздер бірінші мәлімдеме жасаған шығарсыздар, бірақ оны міндет етпеу керек" деп құрғақ ақыл айтып, сөз қуып кеткені ыңғайсыздау көрінді...
Ал нұротандық Байбектің: "Ақ жол" партиясы елімізбен шекаралас мемлекеттерге жер жалға берілмейді" дегені нені білдіреді? Сонда алыстағы немесе офшордағы мемлекеттер келіп жерді ала беруге бола ма?" -деп, "Ақ жолдың" ұстанымын бұрмалап қойған сұрағына: "Қазір жалған да, жартылай ақпаратпен елді шатастырудың заманы өткен! Сіз бағдарламамыздағы сөйлемдерден, контекстен бір сөзді жұлып алып отырсыз",-деп, қайтарып тастаған Азат Перуашев партия бағдарламасындағы тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай жазылған тұжырымды өзі оқып берді: " «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтің жер комиссиясына – сепаратистік пиғылдарды болдырмау мақсатында жерді сатуды ғана емес, жалға беруге де, әсіресе біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтарына және компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынды"-деп, көзге шұқығандай оқып берді. Байбекке: "Сіздің бұл сұрағыңыз орынсыз!" деп, шегелеп тұрып нүктесін қойды.
Бұл жерде жер мәселесін көтеріп жүргендердің бірі, қоғам белсендісі Талғат Қатауовтың:
"2003 жылы қабылданған Жер кодексінде "Жер шетелдіктерге сатылады" деген бір сөз, бір бап онсызда жоқ. Неге партиялар "жер шетелдіктерге жалға берілмейді" деп айтпайды және айта алмайды? Өйткені, "Жер кодексінің 24-бабындағы "Жеріміз шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі" деген сөзді енгіздірген осы партиялар"-(2003 жылы парламентте тек "Нұр Отан" партиясы ғана болған) дегеніне "Ақ жол" партиясының ұстанымы айқын жауап бола алады.
"Адал" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев (партия төрағасы қайда жүргенін бір құдай білсін) өз партиясының экономикалық ұстанымдарын айтқанда "Ақ жол" партиясының көп тұжырымдарын қайта тыңдағандай болдық...
"Сандар тілінде сөйлеймін" деген "Адал" партиясы өкілі саннан шатасып кетті... Сайлау болатын 2021 жылды "табалдырығымыздан аттағалы тұрған 2025 жылы" деп соққанына қарағанда олардың бұл сайлаудан үміттері жоқ-ау деген ой келеді...