Саяси партиялардың жетекшілері арасындағы теледебат өтті
2020 ж. 30 желтоқсан
1768
0
Бүгін «Хабар» арнасының тікелей эфирінде саяси партиялардың жетекшілері арасындағы ашық дебат өтті, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Саяси теледебатқа «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «AQ JOL» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев, «ADAL» партиясының саяси кеңес мүшесі Эльдар Жұмағазиев және Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров қатысты.
Теледебат ережелері бойынша қатысушылар үшін үш тур қарастырылған. Бірінші турда қатысушылар бір жарым минут бойы Қазақстанның экономикалық дамуы тақырыбында сөз сөйледі. Жеребе қорытындысы бойынша бірінші болып «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөз сөйледі.
Ол 20 күн ішінде басқарушы партияның 60 мың мүшесі халықпен кездесулер өткізгенін айтты. Нұротандықтарға түрлі салаларға қатысты 70 мыңнан астам сұрақ келіп түсті.
«Партияның 255 бағдарламасының 1/3 бөлігі пандемияда экономикалық даму және қалпына келтіру мәселелеріне арналған. 21 триллион теңге экономиканы қалпына келтіруге жұмсалады, бизнес үшін кедергілер жойылады. Сондай-ақ, 3,5 мың ауылды сумен және жолмен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді Байбек өз үндеуінде.
«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету, сондай-ақ ШОБ-қа барлық несиелерді 6 пайызға қайта қаржыландыру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Перуашев сонымен қатар, салық амнистиясын өткізудің және ҚҚС-ны төмендетудің маңыздылығын атап өтті. «Ақ жол» көшбасшысы жер қойнауын пайдаланумен айналысатын шетелдік компанияларға қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды.
«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығына деген көзқарасты өзгерту маңыздылығы туралы айтты.
«Біз өзімізді әлі де жергілікті өніммен қамтамасыз ете алмаймыз, шетелден импорттаймыз. Жергілікті өндірісті субсидиялауға, коммуналдық шығындарды өтеуге қаражат бөлу қажет. 90 миллион игерілмеген жерде жұмыс істеу де маңызды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және өзінің өндірісін азық-түлікпен қамтамасыз ету стратегиясын қабылдау қажет », - деді Бектаев өзінің бағдарламасында.
Адал саяси партиясының саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев сандар тілінде сөйледі.
Оның айтуынша, Қазақстанда екі миллионнан астам адам несие төлей алмайды және барлық тартылған инвестициялар тауар сатып алу үшін шетелге кетеді.
«Қазір жергілікті өндіріс 11 пайыздан аспайды. Біз Ұлттық банктің ставкасын 4-5% -ға дейін төмендету қажет деп санаймыз, сонымен бірге салықты өсіруге мораторий енгізу және экономиканы өлшеу үшін жаңа индикаторлар енгізу қажет деп санаймыз», - деді Адал партиясының өкілі.
Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров өз сөзінде қазақстандықтардың нақты әлеуметтік жағдайы үкімет ұсынған жағдайдан айтарлықтай өзгеше екенін атап өтті.
«Косметикалық реформалар ештеңе бермейді, трансұлттық компаниялар біздің елдің дамуына мүдделі емес. Бізге халық шаруашылығы қажет - еңбекке жарамды ресурстарды пайдалану, лайықты жалақы беру, өйткені экономика өсуде, бірақ халық оны сезінбейді», - деді Қоңыров.
Екінші айналымда пікірсайыс мүшелері сұрақтарымен алмасып, қарсыластарының сұрақтарына жауап берді.
Әсіресе, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мемлекеттік тілде қойған сауалына Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыровтың орысша жауап бергені көңілге кірбің түсірді.
Дебат аясында Бауыржан Байбек Қазақстан халықтық партиясының саяси бағдарламасында көптеген популистік уәделер бар деп мәлімдеді.
- Мен сіздің бағдарламаңызды қарадым, өте жалпылама, орындалмайтын популистік уәделер көп, - деді ол.
Сонымен қатар, ресейлік депутаттардың "Қазақстанның жері - Ресейдің сыйлығы" деп түрлі мәлімдемелер жасағанда еліміздегі саяси партиялар арасында алғаш қарсылық танытқан "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Әли Бектаевқа "Ауыл" партиясының неге үнсіз қалғаны туралы сұрағы да дебатты қыздыра түсті.
Еске сала кетейік, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.
Сайлау науқаны 9 қаңтарға дейін жалғасады.
Қазақ үні