Ақжолдықтар Сұлтанбек Қожанұлы ескерткішіне гүл қойды
2020 ж. 30 желтоқсан
1797
0
Өткенде жазғанымыздай, Қазақ хандығының астанасы болған, түгел түрік әлемінің рухани ордасы Түркістанға сапар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Тұтас Тұран пір тұтқан Әзірет Сұлтанға, осында жатқан қазақтың хан-сұлтандары мен батырларына, ақындары мен билеріне, игі жақсыларға бағышталып құран оқылды.
Айта кету керек, "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің сегізінші бабасы - қазақтың бас қолбасшысы болған Бөгенбай батыр осы қасиетті кесенеде жатыр.
Ақжолдықтар Түркістан қаласындағы қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сол жерде кішігірім митингі болып, жұрт өз ойларын айтты. "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен ақын Қазыбек Иса Сұлтанбек Қожанұлының биыл құрылғанына 100 жыл толған Қазақ Республикасының қазығын қағудағы қайраткерлігі туралы сөйледі.
"Ақ жолдың" көшбасшысы Азат Перуашев:
-1925 жылы оған дейін "қырғыз" аталып келген автономиялық республиканың атын түзеп "қазақ " атын қайтарған біртуар тұлғамыз Сұлтанбек Қожанұлы еді -деп мәлімдеді.
-Лениннен "қызу қанды қазақ" деген ат алған, "Нағыз қызу қанды қазақтар ел ішінде, әлі олар сізге келеді" деп жауап қайтарған, "Орта Азияның Шыңғыс ханы кешігіп келді" ғой деген Сталинге: "Кавказдың Шыңғыс ханы төрде отыр ғой"-деп батыл тойтарыс берген, Кеңес одағын миллиондардың сүйегінің үстіне тұрғызған қандықол Сталиннің айтуынша "Ұлтшылдығын жасырмайтын қазақ" Сұлтанбек Қожанұлының еліміз тарихындағы орны ерекше. 1925 жылы оған дейін "қырғыз" аталып келген автономиялық республиканың "қазақ" атын қайтарған қайраткер. 1920-1927 жылдары шыққан, Алаш идеясын жалғастырған «Ақ жол» газетінің ұйымдастырушысы және тұңғыш бас редакторы болды.
Биыл Қазақ автономиялық республикасына 100 жыл толды. Бұл мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс мереке еді. Тек "Ақ жол" партиясы ғана бірнеше іс-шаралар өткізді. Ғылыми конференциялардың бірі «Ақ жол» газеті жинағының 25 томдығының шығарылуына арналды. Бұл жинақ "Ақ жол" партиясының қолдауымен жарық көрді. Құрастырушысы қазақтың белгілі ақыны, партия мүшесі Ханбибі Есенқарақызы.
"Ақ жол" партиясы Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап, Халықаралық мүшәйра жариялады,-деді Қазыбек Иса өз сөзінде.
"Ақ жол" партиясының сайлау қоры қаражатынан төленді