"Қандай ел өзінің басқа елге құл болғанын қуанып тойлайды?!" - Бауыржан Момышұлы

Күні кеше Кеңес Одағын аңсап, қазақты қырып салған Сталинді пір тұтқан (өзі соғыс ардагері болса бірсәрі, Сталин өлген жылы туған екен) бір құлсана ағамыз "Сталиннің әр бұйрығын бұлжытпай орындаған Бауыржан Момышұлының айтқаны" деп, өзінің құлдық санасына ешкімге бас имеген батырымызды икемдеп, мен секілді Тәуелсіздікті жырлап, Кеңес Одағын сыбаған Ұлтшыл інісіне біраз дәріссымақ оқыпты. Оған менің жауабым мынадай болды: "Сіз мысал келтірген Бауыржан Момышұлы сіз қамытын аңсап отырған, Сталин адамдар сүйегі арқылы аяғынан тұрғызған Кеңес Одағының кезінде, Қонаевтың тұсында 1981 жылы Ресейге Қазақстанның қосылуына 250 жыл мерекесіне бармаған! Не дегенін білесіз бе? "Қандай ел өзінің басқа елге отар, құл болғанын қуанып тойлайды?!"-деп айқай салған! Момышұлы өмір бойы Қазақ Тәуелсіздігін аңсап өткен батыр! Сол қаһарлы Кеңес одағы кезінің өзінде фамилиясына ОТАРЛЫҚ "ОВ" ҚҰЛДЫҚ ЖАЛҒАУЫН ЖАЛҒАТПАҒАН ҚАҺАРМАН! Ал сіз Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі ЖалГасбаЕВ болып, атаңыздың атын анаңыздың тілінде жаза алмай, қазақты қырған Сталинді аңсап, аузыңыздан су, көзіңізден жас ағып жылап отырсыз! Бірақ бұны түсіну, оған санаңыз жету сізге бұл дүниеде мүмкін емес секілді. "Ең қауіпті құл -өзінің құл екеніне мақтанған құл" деген екен бір данышпан! Қамытын аңсап, қайта-қайта зарлап отырған отырған адаммен сөйлесу ең қиын нәрсе! Аман болыңыз ағасы!" Бүгін қазақтың қас батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың әлем мойындаған әйгілі қолбасшысы Бауыржан Момышұлының туған күні! Осыдан 1982 жылы Бауыржан Момышұлы дүниеден өткенде, жиырма жасымда жазған жырымды қаһарман тұлғамыздың әруағын тербеп, қалың оқырмандарға ұсынып отырмын. Батыр атамыздың пейіште нұры шалқи берсін!

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАНЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНА

Тiрлiгiмен танылатын тiршiлiк, Ессiз жүрiп естiп хабар бiр суық. Есiн жиып алды дағы кенеттен, Жiбердi ауыр күрсiнiп... Қара жердi қанатымен қайғы алып, Басып қалды бауырынан байланып. Ода жазбақ боп отыр ем ойланып, Көз алдымда кеттi дүние айналып. Көре алмай да қалдым сенi жүргенiмде жайланып... О, сұм ажал, көзсiз едi мұншама, Жүргендей-тiн жүрексiнiп бiршама. Қарсы алдыңда қалтыраған шығар ол, Сыр бiлдiрмей тұрса да...   Байғұс ажал берекесiн алып тым, Сынай қарап мырс еттiң де, марғау кейiп таныттың. Тұлғасына Бауыржандай алыптың, Тар екенiн көрсетiп ең тiрлiктегi қалыптың, Тар екенiн көрсеттiң сен қандайы да табыттың!   Махаббатын жамылып ап халықтың, Ақбоз атпен ағып бара жаттың сен. Қапасқа емес, Қақпасына тарихтың... 1982 жыл Қазыбек ИСА